Қоғам

Конституция – заң үстемдігінің басты кепілі

Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына – 30 жыл. Бұл – еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған, саяси, әлеуметтік және құқықтық жүйенің тірегі саналатын аса маңызды тарихи құжат. Конституция күні халқымыздың бірлігі мен ел іргесінің беріктігін айшықтайтын мерекелердің бірі. Жалпы, Конституция күні – жай ғана мемлекеттік мереке емес, ол қоғамымыздың негізін қалаған іргелі қағидаттарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің айрықша символы.

«ҚАЗАҚ – ҰЛЫ ДАЛА ЗАҢЫНА БАС ИГЕН, АР-ҰЯТТАН АТТАМАҒАН ХАЛЫҚ»

Бірер күн бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 3 0 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда осынау жиынның мән-маңызы айрықша екенін атап өтті. «Осыдан 30 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Бұл егемен еліміз үшін тарихи сәт болды. Баршаңызға құтты болсын деймін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, шын мәнінде, Ата Заңнан биік ештеңе жоқ. «Себебі Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы. Қазақ – Ұлы дала заңына бас иген, ар-ұяттан аттамаған халық. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – нағыз дала заңының жарқын үлгілері. Осы дәстүр ешқашан үзілген емес. Жұртымыз дала заңынан қазіргі Ата Заңына дейін тарихи жолдан өтті. Өткен ғасырдың басында қазақ зиялылары бұл іске елеулі үлес қосты. Кеңес заманында еліміздің құқықтық іргетасы қаланды, білікті заңгерлер шоғыры пайда болды», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ жиында Парламенттің рөлі артып, Үкіметтің жауапкершілігі күшейгені жөнінде де сөз болды. «Түптеп келгенде, конституциялық реформа саяси жаңғыру үдерісіне зор серпін берді. Парламенттің рөлі артты, Үкіметтің жауапкершілігі күшейді. Орталық және жергілікті атқарушы биліктің құзыреті қайта бөлінді. Жаңа талапқа сәйкес Президент, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Өкілді билікке әртүрлі көзқарастағы саяси күштер мен азаматтар келді. Түрлі саяси партиялар Парламенттен орын алды. Аралас сайлау жүйесі тәуелсіз үміткерлерге жол ашты. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен сайланды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салсақ, жаңа ережеге сәйкес төрт жылдың ішінде барлық ауыл әкімдері сайланды. Олардың басым бөлігі бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар. «Осылайша, билікке жаңа буын өкілдері келіп жатыр. Биылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін халық тікелей сайлайтын болды. Бұл – Орталық Азия аймағында бұрын-соңды болмаған тәжірибе. Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы орныға түсті. Азаматтарымыз ел өміріне қажетті шешімдерді қабылдау үдерісіне белсене қатысатын болды. Әсіресе реформаларды жүзеге асыру ісінде билік пен қоғамның мүддесі бір екені анық байқалды. Елдегі өзгерістер, ең алдымен, халықтың игілігі, ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатыр. Мен бүгінгі мерейлі сәтте осы тарихи қадамды жасауға үлес қосқан барша азаматқа алғыс айтамын. Біздің қазіргі Конституциямыз – өркениетті болашаққа жол ашатын, халқымыздың игілігіне қызмет ететін Ата Заң. Біз бір ел болып қолға алған реформалар Конституциямыздың жасампаз рухын күшейте түсті. Бұл кезең еліміздің тарихында түбегейлі жаңғыру кезеңі болып қалары анық», – деді Президент.

АТА ЗАҢ – ӘДІЛЕТТІЛІК ҚАҒИДАТЫНЫҢ АРҚАУЫ

Айта кетейік, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата Заңымызға кейінгі жылдары уақыт талабына сай өзгерістер енгізіліп отырды. Соның бірі де бірегейі – 2022 жылы 5 маусымда республикалық референдум арқылы жүзеге асқан конституциялық реформа. Бұл өзгерістерді тәуелсіз еліміздің тарихындағы маңызды да тағылымды белес деп айтуға толықтай негіз бар. Конституциялық жаңартулар адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын, азаматтық қоғамның демократиялық құндылықтарын айқын нығайтып, «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырудың берік құқықтық іргетасын қалады. Реформа аясында Ата Заңның 33-бабына 56 түзету енгізілді. Бұл – барлық баптың үштен бір бөлігі. Қазіргі таңда оның жалпы саны – 99 бапты құрайды. Конституцияға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде еліміз «суперпрезиденттік басқару формасынан ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік ре спубликаға» қадам жасады. Президент өз өкілеттілігі кезеңінде ешбір саяси партияға мүше болмауға тиіс. Сондай-ақ саяси партияға мүшелік құқығынан айырылғандар қат арында Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері, әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Бұған қоса Конституцияның 43-бабының 4-тармағына сәйкес, Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын иелене алмайды. Суперпрезиденттік басқарудан президенттік басқару үлгісіне көшу аясында Президенттің облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерінің шешімдерін жою құқығы алынып тасталды. Бұдан былай Президент аталған өңірлер мен қалалардың әкімдерін тағайындау кезінде олардың кандидатураларын жергілікті мәслихат депутаттарымен келіседі. Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынады, ал мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы шешім қабылдайды.

Конституцияға сәйкес, Мәжіліс 98 депутаттан тұрады (бұған дейін 107 болған). Олар аралас сайлау жүйесі арқылы сайланады: біртұтас ұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесімен және бірмандатты аумақтық сайлау округтері арқылы. Парламент палаталардың бірлескен отырысында конституциялық заңдарды қабылдау құқығына ие. Сол тәртіппен ол Президенттің қарсылығын тудырған конституциялық заңдар немесе олардың жекелеген баптары бойынша да талқылау өткізіп, дауыс береді. Бұл талқылау Президенттің қарсылықтары жіберілген күннен бастап бір ай ішінде жүргізілуге тиіс. Егер белгіленген мерзім сақталмаса, Президенттің қарсылықт ары қабылданған болып саналады. Парламент әр палата депутаттарының жалпы санының төрттен үшінің даусымен Президенттің қарсылығын еңсерсе, Мемлекет басшысы конституциялық заңға бір ай ішінде қол қояды. Ал егер қарсылық еңсерілмесе, заң қабылданбайды немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданады.

Мәжіліс жылына екі рет Республикалық Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін тыңдайды. Сонымен қатар ол кез келген заң жобасын депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен қабылдамай қоюға құқылы. Мұндай жағдайда жоба қабылданбаған болып саналып, оны ұсынған тарапқа қайтарылады. Сенат заң жобаларын өзі қабылдамайды, тек Мәжіліс мақұлдаған құжаттарды депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен бекітеді. Заңға өзгеріс еңгізу – заман талабы Бұл күнде ел аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін жаңа Конституциялық сот 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеп келеді. Бұрынғы Конституциялық кеңестен басты ерекшелігі – оған жүгіну құқығы бар субъектілер шеңберінің кеңеюі. Енді Конституциялық сотқа азаматтар, Президент, Парламент палаталарының төрағалары, депутаттардың кемінде бестен бірі, Премьер-министр, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурор, сондай-ақ соттар тікелей өтініш жасай алады. Бұған дейін азаматтардың Конституциялық бақылау органына тікелей жүгіну құқығы болмаған еді. Конституциялық сотқа тікелей  қтініш беру мүмкіндігі – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы құқықтық тетіктерді дамытудың маңызды кезеңі.

Бүгінде Конституциялық сот ұлттық конституциялық іс жүргізу желісін жандандырып жатыр. Оның басты қағидаттары – Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету, өтініштерде көтерілген мәселелерді жан-жақты әрі сапалы қарау. Мұндай тәсіл белгілі бір норманың мазмұны мен мақсатын тереңірек түсінуге, оның өзге құқықтық нормалармен байланысы мен қайшылықтарын айқындауға, құқық қолдану тәжірибесіндегі әлеуетін бағалауға сондай-ақ конституциялық нормалар және қағидаттармен арақатынасын нақтылауға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда Президент ҚасымЖомарт Тоқаевтың: «Біздің басты мақсатымыз – Әділетті Қазақстан құру. Бұл үшін ең алдымен , Конституцияның үстемдігін қамтамасыз қажет», – деген сөзі реформа мәнін аша түседі. Конституциялық тұрақтылық арқасында ел экономикасы 1995 жылдан бері бірнеше есе өсті. Халықаралық инвестициялар тартылды, ауыл шаруашылығы мен өңірлік даму салаларына жаңа мүмкіндіктер ашылды. Экономикалық салада квазимемлекеттік сектордағы монополиялардың шектелуі оң өзгерістерге жол ашып, шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етті. Ауыл шаруашылығына қолдау күшейіп, кооперативтер мен фермерлік шаруашылықтарға арналған субсидиялар көлемі артты. Әлеуметтік салада азаматтардың құқықтарын қорғау механизмдері күшейтілді, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі артты. Әйелдер мен жастарды саяси үдеріске молынан тарту мақсатында депутаттық мандаттардың 30 пайызы осы топтарға бөлінді. Осы орайда нақты сандарға жүгінсек, 2023 жылдан биылғы 1 тамызға дейін Конституциялық сотқа 11 мыңнан аса өтініш түсіпті. Олардың 99,8 пайызы немесе 11 580-і азаматтардан. Сонымен қатар мемлекеттік билік субъектілерінен 14 өтініш, республикалық  адвокаттар алқасынан 1 өтінішхат түскен. Өз жұмысын бастағалы бері Конституциялық сот 74 нормативтік қаулы қабылдапты. Оның ішінде, 65-і азаматтардың өтініштері бойынша болса, ал 8-і мемлекеттік билік субъектілерінің өтініштері негізінде қаралған.

Бүгінде Конституциялық соттың аталған нормативтік қаулысының заңнамалық тұрғыда іске асырылуының нақты нәтижелерін байқауға болады. Біріншіден, өткен жылғы 6 сәуірдегі «Кәсіпкерлік қызметті жүргізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң негізінде 2011 жылғы 20 шілдедегі «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңына түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, 18 және 19-баптарда мұнай мен мұнай өнімдерінің заңды шығу тегін растайтын құжатт ардың нақты тізбе сі белгіленді. Екіншіден, құқықтық айқындықты қамтамасыз ету мақсатында Қылмыстық Кодекске өзгерістер енгізілді. Биылғы 16 шілдедегі «Қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңмен Қылмыстық Кодекстің 197-бабына қатысты қылмыстық жауаптылық шегі нақтыланып, айлық есептік көрсеткіштің 200 еселенген мөлшері деп белгіленді.

Жоғарыда келтірілген мысалдар Конституциялық соттың нормативтік қаулыларының практикалық қолданысын, олардың Парламент пен Үкіметтің заң шығармашылық қызметіне, соттардың, прокуратура мен құқық қорғау органдарының жұмыс сапасын арттыруға оң ықпал етіп жатқанын айқын дәлелдейді. Осылайша, Конституцияның үстемдігі «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудың негізгі өзегі болып отыр.

ЖАҢАРҒАН КОНСТИТУЦИЯНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ

Жергілікті басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында ауыл әкімдерін тікелей сайлау енгізілді. Жолдар жөнделіп, су және электр желілері тартылып, ауыл инфрақұрылымы жаңартылды. Агроөнеркәсіптік кешенге инвестициялар тартылуы арқасында ауыл шаруашылығы өнімдері сапаланды. Ата Заңға жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі деген норма енгізілді. Бұл қадамдар елдің саяси мәдениетін, демократиялық ұстанымын нығайтты.

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев ре ферендум қорытындысы бойынша ол халқына жасаған Үндеуінде: «Ата Заңға өзгерістер енгізу ре форма ларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыпт астырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепетеңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті.

Қорыта айтқанда, бүгінгі Конституция – қазақ даласында ежелден қалыптасқан құқықтық сана мен мемлекеттік басқару дәстүрінің, тайпа ішінде тәртіп орнатып, әлеуметтік қатынастарды реттеген Ғұн және Сақ дәуіріндегі жазылмаған дала заңдарының; Түрік қағанатының «Төре» заңдарының; Орталық Азиядағы құқықтық жүйенің үлгісіне айналған Шыңғыс ханның «Ұлы Яса» заңының; Қазақ хандығы кезіндегі ел басқару, жер дауы, жесір дауы, құн төлеу, руаралық қатынас, әскери міндеттер нақты белгіленген құқықтық нормалар – Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысының» заңды жалғасы. Бұл – тек құқықтық құжат қана емес, тарихи тәжірибе мен мемлекеттілік рухының сабақтастығы. Еліміздің құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуындағы аса маңызды тарихи белес.

30 жыл – тек мерейтой емес, осынау үш онжылдық біздің мемлекет ретіндегі өсуіміздің, қиындықтарды жеңуіміздің, алдағы мақсаттарға жетуіміздің куәгері. Осынау мерейлі белесте әрбір азамат Ата Заңның әр сөзі ел мүддесіне жұмыс істеу үшін өне бойындағы күш-жігерін аямауы тиіс. Алдағы уақытта да ондағы әр норманың толық жүзеге асуы үшін осы құндылықты қорғап, дамыту жолында еңбек етуіміз қажет. Өйткені, Ата Заңды ардақтау – болашаққа деген берік сенімнің бастауы. Конституцияны білу, оны қорғау – әрбір азаматтың борышы.

Есен ӨТЕУЛІ