Жұмысшы мамандар дайындайтын колледжге көмек керек
Талас ауданының орталығы Қаратау қаласы моноқалалардың қатарында. Облыс орталығынан 110 шақырым қашықтықта орналасқан қалада бүгінде 30 мыңға жуық халық тұрып жатыр. Қаратау қаласы Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1963 жылдың 24 тамызында құрылған. Қаратау қаласының іргесі 1946 жылы Шолақтау кенті болып қаланған. Қала өмірі Қаратау фосфоритті алабымен тығыз байланысты.
Қазіргі уақытта Жаңатас, Ақсай, Шолақтау, Көксу, Түйесай кендері пайдаланылуда. Фосфоритті горизонт ашылған жолақтың ішінде 49 жеке кен орны анықталған. 1960 – 1980 жылдары Қаратау алабына мемлекеттік үлкен маңыз берілді. Кен өндірістерінің дамуы оның инфрақұрылымдарының санын жедел түрде өсіре түсті. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне ыңғайлы жағдайлар жасалып, қаланың өсіпөркендеуіне айтарлықтай көңіл бөлінді. 1964 жылы Қазақ политехникалық институтының филиалы (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық - зерттеу университеті) осы Қаратау қаласынан ашылғаны көп жайтты аңғартса керек. 1966 жылы құрылыс техникумы, кәсібитехнология училище құрылып, қарқынды жұмыс істей бастады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қаратау қаласындағы өндіріс орындарының жұмысы тежеліп, өнім көлемі күрт төмендеп, әлеуметтік нысандар тозып, жоғары және арнайы білім беретін ұйымдар тоқырауға ұшыраған еді. Мұның бірнеше себептері де бар болатын. Бүгінде Талас ауданының орталығы қазыналы Қаратау қаласы қайтадан өндірісімен танылған өлкеге айнала бастады. Қойнауы кенге толы мекен бүгінде дамудың даңғыл жолына түсіп, экономикасы ілгерілеп келеді. Кеңестік кезеңнен қалған бүлінген жерлерді бүгінде көрмейсің. Өндіріс орындары өрістеп, әлеуметтік нысандар салынып, тұрғындардың да тұрмысы түзелген. Ендігі кезекте Үкімет химия өнеркәсібі қарқынды дамып келе жатқан Қаратау қаласын химия өнеркәсібіне білікті кадрларды даярлау және білім беру және ғылыми тәжірибелердің орталығына айналдыру бағытында батыл қадамдар жасау қажет.
Бүгінде студенттердің жартысы Тараз қаласында, жартысы Қаратау қаласында білім алатын М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің жанындағы Қаратау таукен технологиялық колледжін сауықтыру мен дамыту шараларын қарастыру, кезек күттірмейтін мәселе. Қазіргі уақытта колледждің жағдайы өте мүшкіл, соңғы екі жыл Қаратау қаласындағы мамандықтарға ешқандай білімгер қабылданбаған. Аталған колледж химия өнеркәсібіне өте қажет 13 мамандық бойынша орта буын мамандарын дайындайтынын ескерсек, бұл колледжге аймақтағы химия алпауыттарының демеушілігі қажет.
Колледжде 670 және 400 орынға арналған екі оқу корпусы, жабық және ашық спорт кешені және 177 орынға жатақхана бар. Сонымен қатар колледжде 50 орындық асхана, медициналық кабинет, 20 компьютермен және интерактивтік тақтамен жабдықталған, интернет желісіне қосылған 2 компьютерлік класс және 50 орындық оқу залы бар. Колледж оқу үрдісінде 25 оқу кабинетін, 4 зертхананы және 2 шеберхананы пайдалануда. Алайда жастардың химия мен химия өнеркәсібіне деген қызығушылығының төмендігінен студенттер саны аз. Бұл ғимараттар қаңырап бос тұр. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің ғимараттарды ұстап тұруға жылдан-жылға шамасы жетпеуде. Уақыт өткен сайын тозып барады.
Екіншіден, 2024 жылы Тараз қаласында «Казфосфат» ЖШС басшылығының қолдауымен ашылған Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалын жоғарыда айтылған Қаратау тау-кен технологиялық колледжінің ғимаратына көшіру. Бұл ғимарат университет филиалын да, колледжді де қамти алады. Сонымен қатар филиал ресейлік білім стандарттарымен оқытатын болғандықтан мұнда аймақтағы ірі зауыттардағы жұмысшы мамандарға жоғары білім алу үшін сырттай және кешкі оқытуларды ашуға үлкен мүмкіндік бар. Бұл химия өнеркәсібіне жергілікті мамандарды дайындаудың тиімді жолы. Ғимаратты жандандыруға «Казфосфат» ЖШС-нің қаржылық жағдайы жетерлік.
Сондай-ақ Талас, Сарысу аудандарындағы «Казфосфат» ЖШС филиалы «Шолақтау» тау-кен байыту кешені, «Еврохим-Каратау», «Talas Investment Company», «Qazaq Soda», «Karatau CHEMICALS» сынды ірі зауыттар (ЖШС) Қаратау колледжімен серіктес болып, демеушілік жасап, жастарды оқуға мақсатты жолдамамен жіберу керек, уақыты келгенде кеншілер қаласында техникалық мамандарды дайындайтын жоғары оқу орындарының филиалын ашу жоспарлануы тиіс.
Қорыта айтқанда, қазыналы Қаратаудың байлығының қызығын көріп отырған зауыттардың қаржысын өңірдің білімі мен ғылымын дамытуға тартуымыз қажет. Өйткені елдің байлығы, сол жердегі жергілікті жастардың білімін дамытуға жарағаны дұрыс.
Кенжеғали ШИЛІБЕК,
Тараз қалалық мәслихатының депутаты,
техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор