Саясат

Толымды оқиғаларға толы тамыз айы...

Әлемнің түрлі мемлекеттерімен неғұрлым көбірек достық қарым-қатынас пен саяси-экономикалық байланыс орнату бағытын ұстанған Қазақстанда жыл сайын түрлі тақырыпта саммиттер мен бизнес-форумдар өтіп, елімізге көптеген белді мемлекеттердің беделді басшылары ресми сапарлатып келіп жатады. Соның аясында ондаған келісімдер жасалып, жүздеген маңызды құжаттарға қол қойылады. Бұл ретте тамылжыған тамыз да саяси оқиғалардан кенде болған жоқ. Мәселен жаздың соңғы айында елімізге БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Иордан Хашимит Корольдігінің Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн сияқты мәртебелі қонақтар арнайы ат басын бұрса, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдер – Қырғызстан мен Түрікменстанға сапарлап барып қайтты.

ӨҢІРЛІК ОРТАЛЫҚ ҚҰРУҒА КЕЛІСТІ

Тамыз айының басында Қазақстанға Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш келді. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев пен Бас хатшы Антониу Гутерриш Қазақстан Үкіметі мен Ұйым арасында БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қою рәсіміне қатысты. Президент бұл іс-шараның Қазақстан ғана емес, Біріккен Ұлттар Ұйымы үшін де елеулі сипатқа ие екенін атап өтіп, бұл оқиға дүниежүзілік картада өте салмақты акторға айналып келе жатқан Орталық Азияның маңызы жөнінде халықаралық қоғамдастыққа айқын белгі бергенін жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, қол қойылған келісім арқылы Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталықтың құрылуы ресми түрде бекітілді. Бұл – Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ұзақ мерзімді және жемісті ынтымақтастықтың маңызды кезеңі. «Геосаяси дүрбелеңдер мен қақтығыстар белең алып, климаттық өзгерістер күрделенген және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнген шақта Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауда басты рөл атқаруға тиіс. Қазақстан үшін БҰҰ халықаралық тәртіптің баламасыз әрі басты тірегі болып қала береді. Еліміз Ұйымға кірген сәттен бастап, 33 жыл бойы халықаралық қоғамдастықтың жауапты, белсенді әрі бейбітсүйгіш мүшесі екенін жан-жақты танытып келеді», – деді Президент.

Алматы қаласында БҰҰ өңірлік орталығының ашылуы аймақтың стратегиялық маңызы артып келе жатқанын көрсетеді. Аймақ елдері саяси және әлеуметтік реформалар жүргізіп, экономиканы әртараптандыру бойынша батыл шаралар қабылдап жатыр. Адам капиталын дамытуға күш салып, анағұрлым инклюзивті институттар құруды қолға алды. Осы орайда Алматы қаласында БҰҰ өңірлік орталығын ашу уақытылы және стратегиялық тұрғыдан маңызды қадам болып отыр. Орталық аймақтағы елдер экономикасының орнықтылығы мен қарқынын күшейтуге, өңірлік инновацияны дамытуға және ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған үйлесімді іс-қимылдар катализаторы болады деп күтілуде. Аталған Орталықтың құзыреті мен функциялары аймақтағы немесе одан тысқары жерлердегі басқа ұйымдардың қызметін қайталамайды. Керісінше, Орталық аймақ халқының нақты сұранысына назар аударудың арқасында қабылданып жатқан шараларды толықтырып, оның мән-мазмұнын арттыра түседі. Арал теңізіндегі экологиялық дағдарыс пен Каспий теңізінің тартылуы сияқты Орталық Азия проблемалары баршаға белгілі. Бұл түйткілдердің тиімді шешімін табу үшін өңірлік ықпалдастықты нығайтып, оған Біріккен Ұлттар Ұйымын белсенді түрде тарту қажет. Осы ретте Қазақстан келесі жылдың сәуір айында Астанада БҰҰ агенттіктерімен бірге Өңірлік экологиялық саммит өткізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ауғанстанның бейбіт өмірі мен орнықты дамуы аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызға ие. Мемлекет басшысы Қазақстан Орнықты даму мақсаттарын өзінің ұлттық стратегиясының басымдықтары ретінде қарастыратынын айтты. Президент ортақ игілікке қол жеткізу үшін үкіметті, азаматтық қоғамды және жеке секторды бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Тек соның арқасында Орталық Азия шын мәнінде тұрақтылықтың, мүмкіндіктер мен орнықты өсімнің мекені ретінде дами алады.

Аталған Орталықты ашу арқылы Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында өңір үшін жаңа кезеңнің басталғанын айтқан Бас хатшы Антониу Гутерриш Қазақстанның ішкі саяси бағдары мен сыртқы саясатына жоғары баға берді. «Қазақстан әрдайым парасаттылық танытқан әрі сол биігінде қалады. Өкінішке қарай, қазіргі әлемге осындай байыпты ұстаным жетпей тұр», – деді Антониу Гутерриш.

ТЕҢІЗГЕ ШЫҒАР ЖОЛЫ ЖОҚ ДАМУШЫ ЕЛДЕРДІҢ ПРОБЛЕМАСЫ АЛҒАШ АЛМАТЫДА ҚОЗҒАЛҒАН

5 тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанның Аваза қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуіне қатысты. Басқосуда аймақ елдері ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды. Сол күні Мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйледі. «Жиырма жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ-ның алғашқы конференциясын өткізіп, жетекші рөл атқарды. Яғни еліміз бұл үздіксіз үдеріске бастапқы жылдардан бері қатысып келеді. Осы тарихи оқиға барысында Алматы іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мәселелерін жаһандық дамудың күн тәртібіне тұңғыш рет шығарды. Бүгін біз алдымызда тұрған міндеттерді одан әрі ілгерілету мақсатында Авазада бас қосып отырмыз», – деді Мемлекет басшысы. Айта кетсек, теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының құрамындағы 32 дамушы елде жарты миллиардтан астам адам тұрады. Олардың көпшілігі қаржыландыруға және технологияға қол жеткізуде, сондай-ақ жаһандық нарыққа жол табуда кездесетін кедергілермен бетпе-бет келеді. Аймақтағы шектеулі байланыс – теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдердің басты проблемасы. Бұл транзит және сауда шығыны, сондай-ақ геосаяси факторларға осалдық секілді біршама экономикалық қиындық тудырады. Аталған кедергілер азаматтардың әл-ауқатына әсер етіп, бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді. Түрлі қақтығыстар, экономикалық санкциялар, жеткізу тізбегінің бұзылуы және жаһанда сенімсіздіктің белең алуы жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Дегенмен Қазақстан теңізге шығар жолы жоқ дамушы мемлекеттерді жаһандық мәселелердің шешімін табуға атсалысатын тең құқылы әрі перспективті серіктес ретінде қарау керек деп санайды. Қазақстанның Аваза іс-қимыл бағдарламасын тұрақты, инклюзивті және орнықты келешекке жеткізер жол картасы ретінде толық қолдайтынын мәлімдеген Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруін тағы бір түйткіл ретінде атады. «Теңізге шығар жолы жоқ көптеген дамушы ел су тапшылығы, мұздықтардың еруі, шөлейттену секілді экстремалды табиғи құбылыстарға душар болып отыр. Бұл проблемаларды шешу үшін өңір елдерінің ортақ күш-жігері мен белсенді халықаралық қолдау қажет. Климаттық өзгерістермен күреске жұмылу мақсатында сіздерді келесі жылы сәуір айында Біріккен Ұлттар Ұйымымен бірге Астанада ұйымдастырылатын Өңірлік экологиялық саммитке шақырамын», – деді Мемлекет басшысы. Бүгінде Қазақстан серіктестермен бірге аймақтағы өзара байланысты нығайту, цифрлық трансформацияны ілгерілету және ұзақ мерзімді әрі орнықты өсімге ықпал етуді көздейтін елеулі шаралар қабылдап жатыр. «Қазір теңізге шығар жолымыз болмағанымен, келешекте амалын табамыз. Яғни құрлық арқылы байланыс орнатудың маңызы арта түседі. Біздің өңірдің әлеуметтікэкономикалық дамуы орнықты. Саяси ерік-жігер, стратегиялық инвестиция мен халықаралық серіктестік болса, теңізге шығатын жолдың жоқтығы кедергі емес, керісінше, өсімге ынталандырады. Орталық Азия өзара тиімді ықпалдастық қанат жайған аймаққа айналғанына куә болып отырмыз. Өңірдің сауда, инвестиция, көлік, байланыс және ресурстарды орнықты басқару салаларында даму әлеуеті жоғары», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының мақсаттары мен қағидаттарына бейіл екенін растады. «Теңіз қатынасы жоқ дамушы елдердің жаһандық күн тәртібінен тыс қалмауын халықаралық серіктестікті нығайту арқылы ғана қамтамасыз ете аламыз», – деді Мемлекет басшысы. Сапар барысында Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесіп, сауда-экономика, энергетика, көлік-транзит салаларындағы серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады. Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестікті жан-жақты дамытуға бейіл екенін тағы да растады.

ҚАЗАҚ-ҚЫРҒЫЗ СЕРІКТЕСТІГІНЕ СЕРПІН БЕРГЕН САПАР

22 тамызда Қазақстан Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев Қырғыз Республикасына ресми сапармен барған болатын. Мемлекет басшысының көршілес елге бұл жолғы сапары «Ата бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне зиярат етуден басталды. Мемориалдық кешен аумағындағы 1916 жылғы қырғын құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойған Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз халқының кемеңгер жазушысы Шыңғыс Айтматовтың да бейітіне зиярат етіп, қаламгердің рухына Құран бағыштады.

Қырғыз Республикасына ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Садыр Жапаровпен кездесті.

«Бұл сапар екі ел арасындағы достық қатынастың дамуына тың серпін береді деп сенемін. Шын мәнінде, қазақ пен қырғыз – тілектес, бауырлас елдер. Біздің тарихымыз тамырлас, салт-дәстүріміз бен таным-түсінігіміз, ұлттық болмысымыз ұқсас. Қос халықтың татулығы мен өзара құрметі ешқашан үзілген емес. Қазір де ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамуда. Жалпы, екі елдің арасында жан-жақты әрі тығыз ынтымақтастық орнаған», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президентінің екіжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосқанына назар аударды.

«Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Қырғызстанда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Сіз халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін маңызды бастамаларды жүзеге асырып келесіз. Ел экономикасының жыл басынан бері 11,7 пайызға өсуі – осының айқын дәлелі. Біз бауырлас елдің барлық жетістіктеріне қуанамыз», – деді Мемлекет басшысы.

Келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзит, су, аграрлық және цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды өрістетуге ерекше мән берілді. Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібі қарастырылды. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысына қатысты. Мемлекет басшысы бұл ресми сапарының мақсаты қазақ-қырғыз байланысын нығайтып, өзара тиімді ынтымақтастықты күшейте түсу екенін жеткізді.

«Біз жоғары саяси диалогтың арқасында екі елдің ықпалдастығын жаңа сапалы деңгейге көтереміз. Мен бұған кәміл сенемін. Қасиетті Алатаудың қос қыраны сияқты қазақ пен қырғыз – ежелден еншісі бір, тағдыры ортақ ағайынды халықтар. Қиын сәтте бір-біріне демеу, қуанышты күнде тілеулес бола білген елдер. Тарихтың талай тезінен аман өткен достығымыз – ата-бабадан қалған аманат, ұрпақтан ұрпаққа берілген рухани қазына. Қазір қос халықтың арасындағы қарым-қатынас өзара сенім мен сыйластыққа негізделген берік әріптестікке ұласты. Екі елдің байланысы одақтастық рухында дамып келеді. Қырғызстан – Қазақстанның аймақтағы басты стратегиялық серіктесінің бірі. Екіжақты сауда-саттық көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Инвестициялық ынтымақтастық жылдан жылға нығая түсуде. Соның арқасында түрлі бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылды. Су-энергетика саласында өзара үйлесімді жұмыс атқарылып жатыр. Мәдени-гуманитарлық саладағы байланысымыз да күшейіп келеді», – деді Қазақстан Президенті.

Садыр Жапаров болса Қазақстанмен достық, тату көршілік және бекем бауырластық рухындағы қарым-қатынасты жан-жақты нығайтуға бейіл екенін жеткізді. Еліміз Қырғызстанмен ықпалдастықты тереңдете түсуге айрықша көңіл бөлуде. Мәселен былтыр Одақтастық қатынастарды кеңейту туралы тарихи шартқа қол қойылды. Мемлекет басшысының осы сапарында Ынтымақтастықтың кешенді жоспары қабылданды. Бұл маңызды қадамдар қазақ-қырғыз байланысын дамытуға тың серпін береді деген сенім мол. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттері басшыларының Бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңе сі жетінші отырысының шешімдеріне қол қойды. Сонымен қатар ресми делегация мүшелері екіжақты тауар айналымын 2030 жылға қарай 3 миллиард долларға дейін ұлғайту бойынша Жол картасы және басқа да үкіметаралық, ведомствоаралық құжаттармен алмасты. Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровты «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттау рәсімінде Садыр Жапаровты қырғыз халқын алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, білікті саясаткер деп білетінін айтты. Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің басшылары БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы барысында екіжақты қатынастарға қатысты бірқатар өзекті мәселе егжей-тегжей талқыланып, екі елдің де мүддесіне сай келетін маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін мәлімдеді.

«Бауырлас мемлекеттер ретінде кез келген мәселені өзара сенім мен одақтастық рухында шешеміз деген пайымға келдік. Біздің өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге ниетіміз бар. Оған саяси күш-жігеріміз де жетеді деп кәміл сенемін. Қазақстан – Қырғызстанның сауда және инвестиция саласындағы негізгі серіктесінің бірі. Былтыр өзара тауар айналымы 1,7 миллиард долларға жетті. Биылғы жарты жылдың көрсеткіштері де жаман емес. Алдағы бес жылда сауда-саттық көлемін 3 миллиард долларға дейін арттыруға мүдделіміз. Сондықтан бүгін арнайы Жол картасына қол қойылды. Жалпы, екіжақты сауда айналымын ұлғайтуға мол мүмкіндік бар. Келесі жылы қазақ-қырғыз шекарасында салынып жатқан Индустриялық сауда-логистика кешені іске қосылмақ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сарапшылардың пікірінше, екі елдің агроөнеркәсіптегі әлеуеті зор. Бұл саладағы тауар айналымы жалпы сауда-саттықтың 25 пайызына тең. Сондықтан өнім көлемін арттыру, бірлескен кәсіпорындар ашу өте маңызды. Осы орайда қос елдің үкіметтеріне алдағы екі жылға арналған Жол картасын қабылдау туралы тапсырма берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ инвесторлары қырғыз экономикасының маңызды секторларын дамытуға үлес қосып келе жатқанына назар аударды. Қазақстан соңғы 20 жылда Қырғызстан экономикасына 1,4 миллиард доллар инвестиция салған. Оның ішінде әлеуметтік маңызы зор жобалар бар. Екі елдің басшылары бірлескен кәсіпорындардың тиімді жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасай береміз деп келісті. Сондай-ақ қазаққырғыз шекарасының өткізу мүмкіндігін арттыруға баса мән беріліп, жүк тасымалы мәселесіне де ерекше назар аударылды. Соңғы кезде осы бағытта бірқатар ауқымды іс-шара атқарылғанын да айта кеткен жөн. Қазір шекарадағы сегіз өткізу бекетін жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс алдағы екі жылда толық аяқталмақ. Оны екі ел үкіметі ерекше бақылауда ұстап отыр. Мұның бәрі өзара сауда көлемін арттыруға септігін тигізетіні сөзсіз.

ИОРДАНИЯЛЫҚ КОМПАНИЯЛАР ҚАЗАҚСТАН НАРЫҒЫНА ИНВЕСТИЦИЯ САЛУҒА НИЕТТІ

27 тамызда елімізге Иордан Хашимит Корольдігінің Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн ресми сапармен келді. Екі ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізгеннен кейін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корол ІІ Абдалла «Қазақстан – Иордания» бизнесфорумына қатысты.

Король ІІ Абдалланың ресми сапары аясында өткен бұл форум екі елдің перспективті серіктестігінің жаңа кезеңіне жол ашатыны, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Иордания үкіметаралық комиссиясы екіжақты қарым-қатынасты кеңейтудің маңызды институционалдық негізін қалайтыны сөзсіз. «Бүгін Ұлы Мәртебелі Король Абдалламен мазмұнды келіссөз жүргіздік. Әңгімелесу барысында алдағы жылдары өзара тиімді ықпалдастықты нығайтуға шешім қабылдадық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан өңірдегі экономикасы ең ірі ел болып қала береді. Экономикамыз биылғы жеті айда 6,3 пайызға ұлғайып, сенімді түрде өсіп келеді. Оған өнеркәсіп, сауда және көлік салаларындағы жоғары көрсеткіштер мүмкіндік берді. Еліміз ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізу арқылы осы қарқынды сақтап қалуға ниетті. Сондықтан екі ел арасындағы серіктестік көптеген сектордың өркендеуіне септігін тигізетініне сенім мол.

Қазір Қазақстан арқылы он екі халықаралық көлік дәлізі өтеді, яғни бес темір жол және жеті автокөлік жолы еліміздің Еуразиядағы стратегиялық логистикалық хаб ретіндегі позициясын бекіте түседі. Президент елімізде атом энергетикасы ұлттық экономиканың стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі тұрақты қуат көзі ретінде қарастырылатынын жеткізді. «Қазақстан – жетекші уран өндірушілердің бірі. Елімізге әлемдік нарықтың 40 пайызға жуық үлесі тиесілі. Иорданиядағы уран жобалары бойынша «Қазатомөнеркәсіп» және JUMCO арасындағы келісім экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуде маңызды оқиға саналады», – деген Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иорданияның агробизнес саласындағы әлеуеті мол екеніне де назар аударды. Сондай-ақ Президент медицина саласындағы ықпалдастықтың маңызын атады. Айта кетсек, Иордания әлемдегі жетекші медициналық орталықтардың бірі және жоғары деңгейде дамыған фармацевтикалық өнеркәсіпке ие.

Жиында цифрландыру саласына баса мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Еуразиядағы жетекші озық технологиялар орталығы болуға ұмтылатынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев иорданиялық кәсіпкерлерді «Астана» халықаралық қаржы орталығымен серіктестіктің тың мүмкіндіктерін қарастыруға шақырып, АХҚО Нью-Йорк, Лондон, Дубай және Сингапурдың озық тәжірибесіне негізделген инвестиция мен инновация тартудың бірегей орталығына айналғанын айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, форумда қол жеткізілген байланыстар өзара инвестиция, инновация және орнықты даму салаларын ілгерілетуге мүмкіндік беретін болады.

Иордания Королі ІІ Абдалла бизнес-форумдағы пікір алмасулар экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік беретінін айтты. «Біздің Үкімет пен Сауда-өнеркәсіп палатасы бүгінгі диалогты нақты жүзеге асыру үшін жұмыс істейді. Иорданиялық компаниялар қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан нарығына инвестиция салуға ниетті. Осы форумда айтылған бастамалардың нақты жобаларға айналып, ұзақ мерзімді серіктестікке ұласуына бірлесе атсалысайық», – деді Король ІІ Абдалла.

Жүрсінгүл ЖАҚЫП