Тараздағы түзеу мекемесінде Конституция күні аталып өтілді
Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына - 30 жыл. Бұл – еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған, саяси, әлеуметтік және құқықтық жүйенің тірегі саналатын аса маңызды тарихи құжат.
Конституция күні халқымыздың бірлігі мен ел іргесінің беріктігін айшықтайтын мерекелердің бірі. Жалпы, Конституция күні – жай ғана мемлекеттік мереке емес, ол қоғамымыздың негізін қалаған іргелі қағидаттарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің айрықша символы.
Мемлекеттік мереке қарсаңында облыс бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесіндегі мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Ата Заң күніне орай өткен шара барысында мекеме бастығы, әділет подполковнигі Бақтияр Онбаев пен оның орынбасары, әділет подполковнигі Әміржан Дәулетқұлов еліміз үшін тарихи сәт саналатын Конституцияның мән-маңызы айрықша екенін атап өтті.
Айта кетейік, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата заңымызға кейінгі жылдары уақыт талабына сай өзгерістер енгізіліп отырды. Соның бірі де бірегейі – 2022 жылы 5 маусымда республикалық референдум арқылы жүзеге асқан конституциялық реформа. Бұл өзгерістерді тәуелсіз еліміздің тарихындағы маңызды да тағылымды белес деп айтуға толықтай негіз бар.