Сексен бестің белесі
Ол өзіміздің Рауила Жаманқұлова апай. Редакциядағы алдыңғы толқын аға-әпкелер «Рая» деп атап кеткен еді. Ол кісі туралы тек жақсы сөздер айтып, атқарған еңбегіне риза болуға болады. Себебі білікті маман ретінде де, бір әулеттің ардақты анасы ретінде де оның бағасы биік.
Рауила Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Шыңғырлау ауылында туғанымен , өмірінің көп бөлігі қасиетті Әулиеата жерінде өткен. 1960 жылы әулиеаталық Лесбек Шолпанқұлов деген азаматқа тұрмысқа шығып, тарихи Тараз жеріне келін болады. Жастай облыстық « A q jol» (бұрынғы «Еңбек туы») газеті редакциясына жұмысқа тұрып, 40 жылдан астам уақыт осы басылымда терімші болып еңбек еткен. Ол уақытта қазіргідей компьютер жоқ. Қол машинасын тықылдатып басып , газетке жарияланатын материалдардың баршасын теріп шығатын болған. Күніге қара терге малынып, әріп теріп отырған. Ол уақыт әріп теру дегеніңіз – қиынның қиыны. Сол қиын жылдарда редакция жұмысына қабақ шытпаған білікті маманның бірі – Рая Жаманқұлова. Ол еңбек еткен жылдары газетті Баттал Жаңабайұлы, Арғынбай Бекбосын секілді тұлғалар басқарған. Анарбек Айтбаев, Әлдихан Қалдыбайұлы, Бақытяр Әбілдаұлы, Елен Әлімжан секілді ғажайып журналистер еңбек еткен.
«Біздің уақытымызда қорғасынмен әріп тердік. Әрине, ол жұмыстың қиындығы көбірек еді. Газет үнемі түнделетіп, кештетіп шығады. Себебі терім жұмыстары оңай емес. Қол машина кейде бұзылып қалады, басқа да кедергілер болады. Соған қарамастан облыстық газет аптасына 5 рет оқырманға жол тартып тұрды. Қасымдағы өте білікті әріптестеріммен бірге сол мақсат жолында табанды еңбек еттік. Бас редактор Баттал Жаңабайұлы байсалды, салмақты кісі. Бірақ жүзінен сұс білініп тұрады. Ол кісіге ешкім бата алмай, редакция қызметкерлері өз жұмыстарын сапалы атқаратын . Бәкеңнің «Әй, жігіттер , жұмысты ширату керек» деген жалғыз сөзі барша ұжымға күш беретін. Біз де сол пәрменді сөзден соң жұмысқа құлшыныспен кірісуші едік. Бәкең қандай жағдай болса да түсініп, еңбекті әділ бағалайтын. «Нағыз еңбек – терімшілердің еңбегі. Ондай еңбекті бағалау керек», – деп айтып отыратын. Газетте осылай еңбек еттік. Міне, биыл 85 жасқа толдым. Қара шаңырақ «Aq jol» газеті ұжымына және мені танитын барша адамдарға ризашылық білдіріп, рақмет айтқым келеді. Жастардың жұмысына сәттілік», – дейді еңбек ардагері Рауила Құсайынқызы.
Рауила әже 3 ұл мен қыз өсірген маман. Әттең, полиция майоры болып істеген баласы Мұратбектің өмірден озуы әжеге ауыр тиді. Ал екі қызын үнемі мақтаныш санады. Үлкен қызы Гүлнар су шаруашылығы мекемесінде жемісті қызмет етсе, кенжелері Динара «Қазюжипроводстрой проект» кәсіпорнында бас инженер болып еңбек етеді. Рауила апайдың жүрген жер береке. Ол кісі қазіргі таңда көршіге де сыйлы, жас келіндерге де қадірлі. Қанша уақыт өтсе де, жастарға жылы сөз арнаудан жалыққан емес. Сексен бесінші тамыз құтты болсын, біз сізбен мақтанамыз.
Тараз қаласы,
Есет ДОСАЛЫ.