Тату шаңырақ табысқа жетеді
Бұл әулеттің атағы Кеңес ауылынан асып, ауданға тарап кеткелі талай жыл болған. Ауданның атқамінерлерінен бастап, қарапайым тұрғындарға дейін Әлімбетовтер отбасына құрметтерін көрсетуден жалыққан емес. Бұл әулет осындай биік жетістіктерге қалай жетті? Біз мақала жазу барысында осы сауалдың жауабын тапқандай болдық.
Отағасы Орынбасар Әлімбетов нағыз еңбек адамы екен. Өмірлік серігі Жұмакүл екеуі ұзақ жыл «Кеңес» ұжымшарында мал бағып, шопан болып еңбек еткен. Мал шаруашылығын дамытуға еңбектерін арнай жүріп, 1 қыз, 3 ұлды өмірге әкеліп, тәрбиеледі. Еңбектің көзін тапқандары өз алдына, перзенттеріне өнеге беруді де ешқашан естерінен шығарған емес . Орынбасар отағасы перзенттерін ай мен күнге балап, еркелете де білді. «Осы перзенттеріммен бақытқа жетемін» деп нық сеніммен айтып отыратын. Әулеттің отағасы ондай шуақты күндерге жете алмады. 2003 жылы Орынбасар 49 жасында бақиға озғанда отбасының көптеген міндеттері Жұмакүл Әлімбетоваға аманат болып қалған болатын.
Жұмакүл Әлімбетова еті тірі, іскерлік қасиеті жоғары кісі болатын. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда да өзгерген қоғамның талабына бейімделе білді. Әуелі он жыл бойы «Бірлік», «Қарақұм» шаруа қожалықтарында жұмыс істеп, тәжірибе жинады. Ал 2004 жылы ба ла ларымен ақылдаса отырып, «Тати» шаруа қожалығын ашты. Бір отбасының бүкіл ауқымды міндетін өз қолына алып, белін бекем буып, іске кірісті. Өзін шаруашылықты ұйымдастыру ісіне шыңдаумен қатар, ұл-қызын да жаңашылдыққа, кәсіпкерлікке баулыды. Бұл ретте қызы Раушанның жеке кәсіпкер ретінде жолы жарқын болды. Қазіргі таңда жұрт оны Тараз қаласындағы «Нұрсана», «Арайлы бақ» балабақшалары, сондай-ақ «Білім бағы» мектеп-гимназиясы сияқты білім беру ұйымдарының негізін қалаушы ретінде таниды.
Ал Жұмакүл Әлімбетованың істің көзін тапқаны өз алдына бөлек тақырып . Жұмакүлдің жұмылдыруымен 21 жылдан бері «Тати» шаруа қожалығы тұрақты жұмыс істеп, дами түсті. Ол қазіргі таңда техникасы мен техникалық базасы сай, 6 кісіні тұрақты жұмыспен, 22 кісіні маусымдық жұмыстармен қамтып отыр. Ынтымағы жарасқан отбасының табысқа жететініне міне осы шаңырақ дәлел бола алады.
Әлімбетовтер отбасы тек шаруашылықпен ғана шектеліп қалмай , адамгершілікпен қамқорлықтың да жарқын үлгісін көрс етіп келеді. Жанұя 2024 жылы Кеңес ауылына «Орынбасар Тати» спорт кешенін соғып, қолданысқа берген. Шаруашылық жұмысшыларының үйіне көгілдір отын тартуға атсалысып, «Мектепке жол» акциясына тұрақты демеушілік көмектер көрсетеді.
Раушаннан кейінгі ұлы Нұржан 1980 білім саласын таңдапты. Қазіргі таңда Кеңес ауылы №3 орта мектебінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. Сонымен қатар «Тати» шаруа қожалығының негізгі жұмысын атқарып жүр.
Нұржанның інілері Рахымжан мен Бауыржан да – жеке кәсіпкер. Бұл отбасындағы төрт ұл-қыздан 14 немере тарап, өсіп-өніп келеді. Бұл әулет биыл Байзақ аудандық «Мерейлі отбасы» байқауында бас жүлдені алып, облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында жүлделі екінші орынды иеленді.
Есет ДОСАЛЫ,
Байзақ ауданы