Қоғам

Бірлігі берік, тірлігі бекем Қызыләуіт

Ауыл бұдан бірнеше жыл бұрынғыдай емес, жыл санап түрленіп келеді. Бұл ауылды дамыту жұмысына кешенді аграрлық саясат жүргізудің нәтижесі. Еліміздің әр өңірінде ауылды кешенді дамытудың «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ол елдің демографиялық әлеуеті, инфрақұрылымы, экономикасы мен гоекеңістік жағдайын назарға ала отырып, ауыл халқының 90 пайызын қамтиды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың салт-дәстүріміздің қаймағы бұзылмаған ауыл-аймақты өркендетуге басымдық беруі де сондықтан.

Жылдар бойы қордаланған мәселелер Қызыләуіт ауылдық округінде де аз болған жоқ. Бұл 90- шы жылдардағы дағдарысты кешкен барлық ауылға тән көрініс болатын. Ауыл мен агрокешенді дамытуға қатысты шешімдер мен қабылданған бағдарламалардың септігі бұл ауылға тиді. Қазір Қызыләуіт ауылында 2219 адам тұрады. Тұрғындардың дені мал шаруашылығымен айналысқандықтан, түлік бағып, табыс айыруды жөн санайды. Содан болар, ауыл жастары да тәуекелге бел буып, кәсіптің осы түрін таңдаған. Мәселен 21 мен 35 жас аралығындағы 3 ауыл тұрғыны ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 2,5 пайыз жеңілдікпен 5 миллион теңге рәсімдеген. «Мирас» шаруа қожалығының төрағасы Талғат Бегімбаев «Әулие-ата НС» жауапкершілігі серіктестігі арқылы 12 миллион теңгеге 240 бас қой алып, кәсібін кеңейтуге бет бұрса, «Нұрқанат» жеке кәсіпкерлігі өз ауласынан 50 бас малға арналған бордақылау а лаңын ашып, 1 адамды жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек, ауылдың үш тұрғыны бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін қаражатқа, яғни мемлекет грантына қол жеткізіп, мүйізді ірі қара малын өсірумен айналысуда.

 – Ауылға қарасты 80 шаруа қожалығы мен 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Ауылдық округтің жалпы жер көлемі – 88,876 гектар. Оның ішінде 73 828 гектары ауыл шаруашылығына арналған аумақ саналады. Өткен жылғы көрсеткішке сәйкес ауылда 2384 бас мүйізді ірі қара тіркелген. Оның 1636-ы шаруа қожалықтарында болса, 595 бас жеке үйлердің қарауында. Сонымен қатар округте 29 694 бас қой-ешкі көрсетілген. 330 түйе бар, – дейді Қызыләуіт ауылдық округінің әкімі Қаршыға Шәріпхан.

Салыстырмалы түрде алғанда ауылда есепке алынған түліктердің саны өзге округтерден анағұрлым басым. Бұлай болуы да заңдылық. Округ бастапқыда қаракөл қойын өсіретін кеңшар болып құрылды. Ал 90-шы жылдардағы аумалы кезеңде ауылдағылар қолдағы малды сақтап қалуға тырысты. Сол уақытта бастама көтеріп, баламасы жоқ «Тауарлы несие» жобасын іске асырған да осы Қызыләуіт болатын. Нәтижесінде халық уақ малмен несие алып, тірлігіне шырай бітірді.

Ауылда тұрып, қолға түлік ұстаған аш болмайды. Көзін тауып, кәсіпке айналдырсаң табысыңды айырасың. Мұны жергілікті тұрғындар жақсы түсінеді. Тек мал шаруашылығы ғана емес, жерге дән егіп диханшылықпен айналысып жатқан тұрғындар да бар. Ауылдық округі әкімінің сөзінше, биыл алқапқа себілген егіс көлемі 1002 гектарды құрап отырған көрінеді. Оның 780 гектары көпжылдық шөп болса, 10 гектары көкөніс, 75 гектары жүгері, 6 гектары картоп, 21 бақша дақылдары болса, 110 гектарына арпа отырғызылған.

Мал өсіріп, егін еккен шаруалардың тірлігі т абиғат жағдайымен байланысты келеді. Биылғы қыс қарсыз өтті. Көктемнен күткен жауын-шашын да тамып болмады. Жерге ылғалдың болмауы шаруалардың көңілін күпті еткені рас. Соған қарамастан жем-шөп шығымы жақсы. Бүгінде 16 418 тонна мал азығы дайындалған. Тұрғындардың айтуынша, бұл өте жоғары көрсеткіш. Қазір ауыл жастары бейіміне қарай тірлік жасап жүр. Жұмыссыздық мәселесі ретімен шешімін тауып жатыр. Айталық, 72 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 6 жас жастар практикасы, ал 21 тұрғын қоғамдық жұмыс орындары бойынша мекемелерге тіркелген. «Бизнесбастау» кәсіпкерлік негізінде 12 адам арнайы курсты аяқтап, сертификат алса, 1 тұрғын өз кәсібін ашып үлгерген.

Туған жердің түрленуіне тілектес азаматтардың бастамалары елді мекендердің көркіне көрік қосып тұр. Аудандағы талай көз тартар нысандар мен қайырымдылық көмектері осы жомарт түлектердің қолдауымен іске асып жатыр. Мұндай азаматтар Қызыләуіт ауылында кездеседі. Мәселен биылғы жылдың өзінде әр жылдары мектеп бітірген түлектер ортадан қаражат жиып, ауылдың атшабар аумағына көрермендерге арналған сахна, мәдениет үйінің ауласына қазақы үлгідегі киіз үй, орталыққа «Шапағат» саябағын соғып, халықтың ризашылығын алды.

Ауылдың көркі еңбек десек, атқарылып жатқан жүйелі жұмыс біз келтірген Қызыләуіт ауылында бар. Өйткені жергілікті тұрғындардың ауылдың болашағына деген сенімі жоғары.

Нарбол ҚАШАҒАН,

 Талас ауданы