Әрбіріңізді әзілмен «Емдеп аламыз»
Қыздар бірге оқып жүріп, Жамбыл жоғары медициналық колледжінің 3-курсын бітірді. Шынар Тоқтамыс, Сабина Абдурахман, Қарақат Тұрсынхан үшеуі үш тараптан келіп, аталған колледжде танысады. Үшеуі әуелі достаса жүріп, 1-курстың соңында «Емдеп аламыз» деген жайдарман командасын құрған екен.
Мамандықтары медицина с а ласы болғанымен, әзілге шебер қыздар өнерден де бақтарын сынап көрмекші болды. Үшеуі команда құрғанымен, әуелі өздерін дәлелдеу керек еді. Олар бір жылдай колледждің ішіндегі байқауларда өнерлерін шыңдап жүрді. Осы кезде жас айтыскер, шебер жайдарманшы Дидар Апбасов командаға жетекші болып, талантты қыздарды қолдауға ниет танытты. Осылайша 2024 жылдың жазында өткен Жамбыл ауданы әкімінің кубогында көзге түсті. Он бес команданың арасынан «Емдеп аламыз» командасы жүлделі үшінші орынды иеленді. Міне, осы жеңісінен кейін үш қыздың ынтымағымен құрылған «Емдеп аламыз» командасына аталған колледждің директоры Жамила Сарыбекова назар аудара бастады. Осылай өздерін дәлелдей түскен команда өзге облыстарға шыға бастайды. Атап айтқанда, 2024 жылдың тамыз айында Түркістан қаласында өткен Оңтүстік NOMAD лигасында жақсы өнер көрсетіп, ынталандыру жүлдесіне ие болды. Бұл байқау аталған командаға үміт сыйлады. Елімізге танымал өнер шеберлерінен құралған қазылар құрамының алдында сәтті өнер көрсеткендеріне қуанды.
2024 жылдың қазан айында Жамбыл жоғары медициналық колледжінің «Емдеп аламыз» жайдарман командасы Тараз қаласында өткен турдың 1/8 ойынында жақсы өнер көрсетіп, финалдық кезеңге жолдама алды.
Ал Тараз қалалық мәдениет үйінде өткен облыстық жайдарман ойындарына «Емдеп аламыз» жайдарман командасы жартылай жолдама алды. Бұл әзілге шебер қыздардың алғашқы жетістігі болатын. Мұнан соң, аталған команда республикалық кезеңге қызу дайындыққа кірісті.
«Емдеп аламыз» жайдарман командасы Астана қаласында өткен «Маусымашар – 2025» креатив маусымында жақсы өнер көрсетіп, ULTTYQ LIGA-ға жолдама алды. Жамбыл медициналық колледжінің үш қызы мұнымен шектелген жоқ. Әрі қарай ULTTYQ LIGA ойынында да жақсы өнер көрсетіп, QAZAQSTAN CUP лигасына жолдама алды. «Бірнеше жылдан бері жайдарманның төңірегінде жүрміз. Талай команданы көрдік.
Рас, олар көпшіліктің жүрегін әзілмен емдеп алады. Алда да жолдары бола берсін!
Есет ДОСАЛЫ