Еңбек адамы

Бабын тапсаң балық та – байлық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында орнықты экономикалық өсімге, ел экономикасын қайта жаңғыртуға, кәсіпкерлік ортаны жақсартуға, тұрғындардың тұрмысын арттыруға, сонымен бірге, ауыл шаруашылығы саласында нәтижелі жұмыс жүргізуге бағытталған басымдықтарды нақты атап көрсетті.

«Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы», кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн. Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды», – деді Президент Жолдауында.

Бізде балық шаруашылығын дамыту арқылы да өңір экономикасын дамытудың зор мүмкіндігі бар. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында облыста жылына 5 мың тоннадан астам балық ауланыпты. Ол тұста облыс тұрғындары 3,5 мың тонна балық тұтынса, қалғаны еліміздің өзге қалалары мен Ресей нарығына шығарылған. Ал қазіргі таңда өңіріміздегі су айдындарынан бар болғаны 1100 тонна балық ауланады. Оның 800 тоннасы Балқаш көлінен, 300-і аймақтағы ірілі-ұсақты су айдындарына тиесілі. Бұл, әрине, біздің облыс үшін өте аз.

Бүгінгі таңда облыста туристік нысандармен қатар балық туризмін қолға алуға да болар еді. Әсіресе Жуалы өңіріндегі «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасы мен Билікөл өзені мұны жүзеге асыруға таптырмас орын. Қыстың күні Жуалыға жолыңыз түссе «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасындағы су бетіне қатқан мұз үстінде суға қармақ салып отырған жүздеген адамды көресің. Міне, бұл балықшылар үшін қысқы туризм. Билікөлде де балық аулаушылар бүгінде көп. Жоғарыда айтқанымыздай, облысымыздағы өзен-көлдерден 5 мың тонна балық ауланса, соның бір мың тоннасы осы көлден ауланыпты. Қазіргі таңда жылына жетпіс тоннаға жуық балық аулануда. Әрі оның айналасында көптеген аң-құс жетерлік. Мұнда бір мезгілде балық және аң-құс аулау туризмін қалыптастыруға болар еді. Бұған дейін кенжелеп қалған балық шаруашылығына елімізде соңғы жылдары өз деңгейінде көңіл бөліне бастады. Осының арқасында «Балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 208 қаулысымен елімізде 2030 жылға дейінгі мерзімде балық шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарламаның мақсаты – халықты балық өнімдерімен қамтамасыз ету. Алайда «Ұсыным сұранысқа сай болуы керек» деген нарықтық қағидаға сайсақ, қазекең балыққа аса құмар да емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әрбір адам жылына 16 килограмнан кем емес балық тұтынуы керек деген пікірде. Ал бізде бұл көрсеткіш 4 килограмның о жақ, бұ жағында екен. Тіпті балықты аз жейтін ел де біз болып отырмыз. Жоғарыда ДДСҰ ұсынған балық тұтыну нормасына қол жеткізу үшін еліміз өңірлерінде 300 мың тонна балық өсіру қажет етілмек. Қандай су айдынының болсын тиімділікпен жұмыс істеуі жеке пайдаланушының тірлігіне, бастамашылдығы мен жаңашылдығына, ерінбей еңбектенуіне де байланысты. «Теріс- Ащыбұлақ» су қоймасы Жуалы ауданындағы «Боранды» шаруа қожалығына бекітіліп берілгелі бері осы аумаққа қармағын асынып келетін әуесқой балықшылардың қарасы да күрт көбейген. Мұнда тұрғындар тарапынан, әсіресе қыс айларында мұзойықтан балық аулауға деген қызығушылық артуда.

– Президентіміз Жолдауында ауылшаруашылығы құрылымында балық шаруашылығын да қатар дамытуға басымдық беріп отыр. Өзіңіз де жақсы білесіз, жалпы Жамбыл облысының географиялық орналасуы еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда балық шаруашылығын дамытуға қолайлы. Бізде су да, мүмкіндік те көп. Тек әрбір істің көзін тауып жұмыс істей білсек, су айдындарын балыққа қайта толтырып, Жамбылдың бұрынғы даңқын қайта қайтаруға болады. Өзімізде ауланған балықпен өңірді ғана емес республиканы қамтуға мүмкіндік бар. Содан кейін экспортқа шығару жағын қарастыруға болады. Бірақ бізде соңғы жылдары балық аулау төмендеп кеткен. Оған су айдындарындағы балықтандыру жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмей отырғандығы себеп. Жалпы республикада балық шаруашылығын дамыту туралы арнайы бағдарлама қабылданып, жұмыстар жүргізілуде. Біз де өз тарапымыздан жоспар құрып, балықшылар қауымдастығын құрып отырмыз. Облыста бірнеше басқосу да өткіздік. Біз бұл бағдарламаның өңірімізде жүзеге асырылуына мүдделіміз. Мемлекеттен қолдау болады. Ал қыс айларында балықшылардың «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасына ағылатыны бар. Олай болатын да жөні бар. Өйткені біз жыл сайын дерлік күз мезгілі келіп, су қоймасы тола бастағанда көлге көптеп майда балық шабақтарын жіберу, сондайақ уылдырық шашатын кезінде балықтарды қорғау жұмыстарын үзбей жүргізіп келеміз. Былтырдың өзінде су «маржандарының» қатары елу мың шабақпен толықты, – дейді қожалық жетекшісі Айбек Елекбаев.

«Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында негізінен табан, тұқы, көксерке, дөңмойын балықтары табиғи жолмен өсіп, өну үстінде. Ал сазан мен ақ амур балықтарының тұқымы былтыр қолдан шабақ күйінде жіберілген екен. Бұл үрдістің жалғасып келе жатқанына он екі жылдан асқан.

Айбек Орынбасарұлы бұрындары балық аулаудың лимиттік шегі бар-жоғы 5 тонна ғана болып келсе, өткен жылы оның деңгейін 20 тоннаға дейін көтергендерін айтты. Осылай «борандылықтар» аудан тұрғындарын балық етімен жеткілікті көлемде қамтамасыз етіп те отыр. Айбек Орынбасарұлының айтуынша, су айдынында арнайы балық қорғау құрылғысының болмауынан, болған күнде де әбден тозығы жетуінен балықтың басым бөлігі ағын сумен бірге сыртқа ағып кетуде. Біреуінің құны 20- 70 миллион теңге аралығында бағаланатын мұндай құрылғы жалпы облыстағы бірқатар су айдындарын пайдаланушылар үшін де «арман» болып тұр. Десе де, олар бұл іске мүдделі республикалық, облыстық мекемелер тарапынан көмек болады деп те үміттенуде.

Иә, балық та – байлық. Өңдеп, ұқсата алсақ, күнделікті дастарқан мәзірі қатарынан түспейтін, денсаулыққа да пайдалы, жұғымды һәм нәрлі астың бірі де осы. Өңіріміздегі су айдындарына бөлінер квота көлемінің, сондайақ балық аулаудың лимиттік шегінің биыл бұрнағыға қарағанда біршама ұлғайтылуы, әсіресе айдын көлдеріміздегі балық саны көбейтілуіне ден қойылуы саладағы «сеңнің» қозғала бастағанының да нақты дәлелі деу ләзім.

Марат Құлибаев