Қазақстан – Иордания: ықпалдастықтың жаңа көкжиегі
26-27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Иордан Хашимит Корольдігінің Королі II Абдалла бен әлХусейн Қазақстанға ресми сапармен келді. Мәртебелі мейманды Президенттің өзі Астана әуежайынан қарсы алды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді. Сапар барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіп, «Қазақстан – Иордания» бизнес форумына қатысты.
Иордания – Таяу Шығыста орналасқан, тарихы тереңге кеткен, мәдениеті бай, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бейіл ел ретінде халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалған мемлекет. Биылғы ақпанда Иордан Хашимит Корольдігіне ресми сапармен барған Қазақстан Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевты Король II Абдалла бен әл-Хусейн мен Тақ мұрагері әлХусейн салтанатты жағдайда күтіп алған болатын. «Бұл сапарымның мақсаты – біздің қарым-қатынастарымызға, достығымыз бен сауда-экономикалық байланыстарымызға тың серпін беру. Әлемде орын алып жатқан үдерістерге қатысты көзқарасымыз бен оған беретін бағамыз ортақ деп санаймын. Сонымен қатар біз саяси деңгейдегі ынтымақтастығымызды тереңдете түсуге ниеттіміз. Біздің айқын жоспарымыз бар. Таяу болашақта нақты уағдаластықтарға қол жеткізіп, оның оң нәтижелерін көретінімізге сенімдімін. Біз өзара ықпалдастығымыздың аясында аянбай жұмыс істеуге дайынбыз. Иорданияны достас мемлекет деп санаймыз. Екі елді байланыстыратын дүние көп», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев II Абдалла бен әл-Хусейнді Қазақстанға сапармен келуге шақырған болатын.
Соңғы жылдары Қазақстан мен Иордания арасындағы саудаэкономикалық ынтымақтастықта оң өсу серпіні байқалады. Бұл жалпы тауар айналымы мен экспорттың өсуінен де көрінеді. 2021 жылы қазақстандық экспорт 0,1 миллион АҚШ доллары болса, ал 2024 жылы 3,7 миллион долларды құрап, бұл көрсеткіш 37 есе артты. Ал екі ел арасындағы тауар айналымы былтыр 6,3 миллион АҚШ долларын құрады.
СЕРІКТЕСТІКТІ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРЕТІН КЕЛІССӨЗДЕР
Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті Астанаға шақыруын қабыл алғаны үшін Корольге алғыс айтып, жыл басында Амманға жасаған сапарын ықыласпен еске алды. «Ұлы Мәртебелі, Қазақстанға қош келдіңіз! Сіздің ресми сапарыңыз біз үшін зор мәртебе. Бұл сіздің елімізге алғашқы келуіңіз емес. Қазақстанның қазіргі өркендеу жолына жіті назар бөліп отырасыз. Екіжақты күн тәртібінде жүзеге асырылуға тиіс бірқатар мәселе бар. Кеше екі ел арасындағы қарымқатынастарға, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіне қатысты мазмұнды әңгіме өрбіттік. Сіздің жаһандағы жағдайды жетік түсінетініңізге өте ризамын. Бүгін де пікір алмасуды жалғастыруға мүмкіндігіміз мол. Иордания мен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық табысты дамып келеді. Дегенмен тиісті деңгейде талқылауды қажет ететін мәселелер де жоқ емес», – деді Президент.
ІІ Абдалла екіжақты қарымқатынасты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін растады. «Жоғары Мәртебелі, қымбатты бауырым, жылы сөзіңізге және құрмет көрсетіп қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Бұл сапар сіздің осыдан бірнеше ай бұрын менің еліме жасаған табысты сапарыңыздың жалғасы іспетті. Қазақстан маған өте жақын. Мұнда келген сайын сіздің басшылығыңызбен еліңіз жүйелі түрде өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, таңғаламын. Өзіңіз атап өткендей, кеше екі ел арасындағы ынтымақтастықты түрлі салада дамыту бойынша пікір алмастық. Менің бүгінгі сапарым Қазақстан мен Иордания арасындағы берік достыққа құрылған тарихтың жаңа парағын ашатынына сенімдімін», – деді Иордания Королі.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн кеңейтілген құрамда жүргізілген келіссөзді екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғастырды. Мемлекет басшысы Қазақстанның Иорданиямен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән беретінін жеткізді. «Екіжақты қарым-қатынасты дамытуға деген шынайы ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің салиқалы әрі сарабдал көшбасшылығыңызды, сондайақ аймақтағы және әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ерекше рөліңізді атап өткім келеді. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Иордания Таяу Шығыстағы тұрақтылық мекеніне айналды. Диалог пен ықпалдастықты басты бағдар ретінде ұстануыңыздың нәтижесінде Корольдіктің халықаралық аренадағы абырой-беделі артты. Биыл ақпан айында Қазақстан Президенті ретінде Иордания Хашимит Корольдігіне жасаған бірінші ресми сапарымды ерекше ықыласпен еске аламын. Бүгінгі сапар екіжақты қатынастарға тың серпін беріп, ынтымақтастығымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенімдімін», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Иорданияны саяси және экономикалық тұрғыдағы ортақ мүдде ғана емес, дін, толеранттылық дәстүрі және өзара құрмет секілді ғасырлар бойғы құндылықтар біріктіреді. Екі ел әлемге сан алуан мәдениет пен конфессиядағы халықтардың тату-тәтті өмір сүріп, адамзат дамуына үлес қоса алатынын көрсетті.
Король ІІ Абдалла қос мемлекеттің достығын жоғары бағалайтынын атап өтті. «Бүгінгі сапар түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және екіжақты байланыстарды тереңдетуге тараптардың мүдделі екенін растайды. Бұған дейінгі келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар маңызды келісім мен меморандумға қол қойылды. Бүгінгі уағдаластықтар, сондай-ақ оны табысты іске асыру елдеріміздің арасындағы серіктестікті кеңейтуге берік негіз қалайтынына сенімдімін», – деді Иордания Королі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Аммандағы кездесу барысында тараптар тауар айналымын 500 миллион долларға дейін ұлғайтуға уағдаласқанын еске салды. Қазақстан Иордания нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 өнім түрін экспорттауға дайын.
Президент «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы мен Иордания уран өндіруші компаниясының (JUMCO) атом өнеркәсібін дамыту саласындағы ынтымақтастығына қолдау білдіріп, Иордания делегациясына еліміздің халықаралық көлік-логистика желісін кеңейту бастамалары туралы мәлімет берді, Орталық Азия мен Таяу Шығыс арасында интермодальді жүк тасымалын бірлесе өркендету мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру салаларындағы ықпалдастықтың әлеуеті зор. Өз кезегінде Иордания тарапы медицина, фармацевтика, халал индустриясы және қорғаныс өнеркәсібі бағытындағы тәжірибесімен бөлісуге ниетті. Сонымен қатар Royal Jordanian әуе компаниясы келесі жылы Амман мен Алматы арасында тікелей әуе рейсін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл қадам екі елдің азаматтары мен іскерлік ортасының байланыстарын жандандырады. Бұдан бөлек, тараптар мәденигуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге, соның ішінде бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүргізіп, университеттер арасында серіктестік орнатуға қызығушылық танытты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн жүргізген келіссөздерден кейін екі ел делегацияларының мүшелері қол қойылған үкіметаралық және коммерциялық құжаттармен алмасты.
ДОСТЫҚ ПЕН СЕНІМ СИМВОЛЫ – «ӘЛ-НАХДА» ОРДЕНІ
Иордания Королі ІІ Абдалла Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Иордан Хашимит Корольдігінің «ӘлНахда» жоғары орденін тапсырды. Король Мемлекет басшысының Иордания мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту ісіне елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корольдіктің жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін ІІ Абдалла бен әл-Хусейнге және достас иордан халқына алғыс айтты. «Ұлы Мәртебелі, сізді аса көрнекті мемлекет қайраткері әрі көшбасшы ретінде бағалаймын. Сондықтан бұл марапатты өзіңізге деген шынайы құрметпен қабыл аламын. Осы айтулы оқиғаны Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігінің арасындағы өзара сенімге негізделген ынтымақтастықтың символы санаймын. Біз ықпалдастығымыздың жаңа көкжиегі белгіленген бүгінгі келіссөздердің қорытындысына баса мән береміз. Осынау маңызды сапардың нәтижесі серіктестікті одан әрі нығайтуға тың серпін береді деп сенемін. Елдеріміз арасындағы конструктивті диалог пен тығыз қарым-қатынас алдағы уақытта да кеңейе бермек. Бұл жаңа бағыттарды қамтып, екіжақты әріптестіктің дамуына ғана емес, өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа да ықпал етеді деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ІРІ ИННОВАЦИЯЛЫҚ КЛАСТЕРГЕ БАРДЫ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн Astana Hub халықаралық кластерін аралау барысында еліміздің ІТ және жасанды интеллект саласындағы жетістіктерімен танысты.
Astana Hub – Орталық Азиядағы ең ірі инновациялық кластер. Онда 1700- ден аса ІТ-компания шоғырланған. Былтыр тартылған жалпы инвестиция көлемі 700 миллион доллардан, ал ІТ қызметінің экспорты 650 миллион доллардан асты. Astana Hub базасында жыл сайын он мың азаматты қамтитын Tech Orda, TUMO және Tomorrow School білім беру, сондай-ақ Google for Startups серіктесімен бірге акселерация бағдарламалары іске асырылуда. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәртебелі меймандарға биыл күзде Астанада ашылуы жоспарланып отырған AlemAI халықаралық жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасын көрсетті. Қазақстан Президенті мен Иордания Короліне әлемдік нарыққа шыққан отандық компаниялардың әзірлемелері таныстырылды. Олардың қатарында epsilon3ai (мемлекеттік секторға АІ-шешімдер әзірлейтін зертхана), Qalan (Қазақстанда және шет елде 1 миллионнан аса оқушы пайдаланатын математика пәнінен білім беру платформасы), inDrive (жолаушы және жүк тасымалы, жеткізу қызметін ұсынатын жаһандық платформа), KazDream (ұлттық қауіпсіздік, шекаралық бақылау және киберқорғау салаларында жұмыс істейтін еліміздегі ірі ІТ-компания) секілді жобалар бар.
ИОРДАНИЯЛЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ «QAZBIOPHARM» ҰЛТТЫҚ ХОЛДИНГІНЕ КЕЛДІ
Иордания Королі II Абдалла бен әлХусейннің Қазақстанға ресми сапары аясында «QazBioPharm» ұлттық холдингіне иорданиялық «DADvet» компаниясының делегациясы келді. Иордания тарапынан келіссөздерге Бас директор Халед Харб, бизнесті дамыту жөніндегі директор Халед Шараф және Директорлар кеңесінің мүшесі Шакиб Салех қатысты. Сондай-ақ кездесуге Қазақстанның Иорданиядағы елшілігінің экономикалық сұрақтар бойынша кеңесшісі Олжас Раев қатысты.
Холдинг тарапынан делегацияны Бас директордың міндетін атқарушы Аралбек Рсалиев, бас директордың биологиялық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Даулет Алдынгуров, маркетинг және өнімді ілгерілету департаментінің директоры Қайыржан Байжанов, халықаралық ынтымақтастық және инвестиция тарту департаментінің директоры Еркебұлан Сапарбеков, сондай-ақ маркетинг және өнімді ілгерілету департаментінің бас менеджері Мәди Кеңесбек қарсы алды.
Сапар барысында қонақтар холдинг пен оның еншілес ұйымдарының қызметімен танысып, Ұлттық биотехнология орталығының Иммунохимия және иммунобиотехнология зертханасын, сондай-ақ Қолданбалы генетика зертханасын аралады. Делегация ерекше қызығушылықпен онкогематология саласындағы CAR-T терапиясының инновациялық әдісімен танысты. Кездесу аясында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін, өнімді экспортт ау және тіркеу тәртібін, сондай-ақ бірлескен ғылымитехникалық жобаларды дамыту мәселелерін талқылады. Бұл кездесу бүған дейінгі келіссөздердің заңды жалғасы болып, тараптардың фармацевтика саласындағы серіктестікті нығайтуға өзара мүдделі екендігін растады.
«ТАРИХТЫҢ ЖАҢА ПАРАҒЫН АШАТЫН САПАР»
Осылай деген саясаттанушылардың пікірінше, Иордания королінің бұл сапары екі ел арасындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтермек. Қазақстан мен Иордания секілді әртүрлі аймақтарда орналасқан мемлекеттер үшін өзара серіктестік қаншалықты тиімді дегенге тоқталған олар, екі мемлекеттің серіктестігі географиялық алшақтық пен аймақтық ерекшеліктеріне қарамастан өзара толықтырушы сипатқа ие деген пікір білдіруде. Қазіргі халықаралық жүйедегі геосаяси тұрақсыздық пен санкциялық шиеленістер екі елді де жаңа экономикалық серіктестер іздеуге итермелеуде. Бұл ретте Орталық Азия елдері жеткізу тізбектерін әртараптандырып жатқанда, Иордания тұрақты құқықтық базасы бар инвестициялық әрі сауда серіктестерін іздеп отыр. Мұндай үрдіс екі аймақ арасындағы серіктестіктің стратегиялық маңызын күшейтіп, ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарады.
Бүгінде Қазақстанның Таяу Шығыс аймағы үшін стратегиялық маңызы барған сайын артып келеді. Қазақстан үшін Амман – Таяу Шығыстағы саяси салмағы жоғары ел әрі ықпалды Хашими әулетінің отаны, ал Иордания үшін Қазақстан – Еуразия кеңістігіндегі маңызды транзиттік хаб. Әсіресе Палестина мәселесінде Иорданияның ерекше орны бар. Сондықтан Қазақстан мен Иордания серіктестігі жаһандық инвестиция тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және логистика бағытындағы өзекті халықаралық трендтермен үндесіп отыр.
Сонымен қатар Иордания Қазақстан үшін медицина, фармацевтика, білім беру және туризм салаларында жаңа нарықтарға жол ашатын «Шам қақпасы» қызметін атқара алады. Ал Қазақстан Иордания және Араб елдері үшін ТМД кеңістігіне шығатын транзиттік платформа бола алады. Бұл сапарды Қазақстанның сыртқы саясаттағы прагматикалық әрі көпвекторлы бағытының жалғасы деп бағалауға болады. Ақпан айында Амманда өткен келіссөздер осы сапардың негізін қалап, қазіргі кездесу сол уағдаластықтарды нақты іске асыруға бағытталып отыр. Бұл Президенттің ұзақ мерзімді әрі жүйелі дипломатиясының айқын көрінісі.
Қазақстанның ірі державалар арасындағы шиеленістер жағдайында бейтарап ұстанымды сақтап, әріптестік байланыстарды барынша әртараптандыруға ұмтылу саясаты елдің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, экономиканы жаңа бағыттарда дамытуға да мүмкіндік береді. Сонымен бірге Астана инновация, жасыл энергетика, жасанды интеллект және жаңа технологияларға инвестиция т артуға ерекше көңіл бөлуде. Иорданиямен серіктестікті нығайту Қасым-Жомарт Тоқаевтың Орталық Азияны Таяу Шығыс пен Еуразияны байланыстыратын стратегиялық аймақ ретінде орнықтыруға бағытталған ұмтылысының көрінісі. Бұл бастама тек экономикалық емес, мәденигуманитарлық байланыстарды да кеңейтіп, екі аймақты жақындатуға ықпал ететіні сөзсіз.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП