Балбалтас – баға жетпес қазына
Кешегі күннің әр сәті тарихтың бір парағы. Сол құндылықтар сақталған мәдени ошақтың бірі – Жуалы аудандық тарихиөлкетану музейі. Осындағы балбал тастар еріксіз назар аудартады.
Түркі дәуірінің балбалтастары ежелгі Жібек жолының арнасы сияқты негізгі жол тораптарына қойылған. Олар Тараздан батыс бағытқа қарай Күйік асуының аузындағы Шауғар қалашығы, одан Теріс өзенінің жағасындағы Баркубе (Баркуаб) қалашығы арқылы жүріп, ортағасырлық Шақпақ қа лашығы арқылы Тамтаджға өткен (оңтүстікке қарай) тау етектен орналасқан. Осы жолдардың арнасына қойылған балбалтастардың бірнешеуі музейде сақталған. Бұл туралы аталған музейдің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиевтің айтары көп. «Ортағасырлық Баркубе (Баркуаб) қалашығының ежелгі Түркістан қаласына Шаян арқылы өтетін қосымша және бір Жібек жолының тармағы болған дейді тарихшылар. Ол жол Күйіктің батыс жағындағы Мыңқырқа арқылы жүріп отырып Шаянға, одан ары асып Түркістанға тірелген. Осы жол сілемінің бойынан үш бірдей балбалтас табылды. 1-ші балбалтас «Құрама» аталатын шаруа қожалығының жерінен табылған және қазіргі таңда музейдің археологиялық залында көрмеге қойылған. Ол балбалтас жер өңдеу кезінде анықталған.
Жуалы аудандық өлкетану музейінде көне түркі жәдігерлерінің бесеуі сақталған. Сондай-ақ бір балбалтас ежелгі Құлансай қалашығына жақын «Жетітөбе» аймағынан табылып отыр. Ол балбалтас соңына дейін қашалып бітпеген. Қабыршықты көктастан жасалғандықтан оның сапасы басқа балбалтасқа қарағанда төмендеу. Алайда мұның барлығы тарих үшін үлкен олжа.
Есет ДОСАЛЫ,
Жуалы ауданы