Елдің келешегі – адал азамат пен кәсіби маманның қолында
Amanat партиясы мен облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Жұмысшы жастар аманаты» облыстық жастар форумы өтті. Онда еңбек адамына деген құрметті арттырып, өзекті мәселелерді ортаға салып, жаңа бастамаларға жол ашатын ойлар мен ұсыныстар айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында Amanat партиясы Үкіметпен б і рл е с і п « Ж ұ м ы с ш ы ж а с т а р аманаты» жобасын іске асыруда. Жобаның мақсаты – жас мамандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, әлеуметтік лифтілерді дамыту және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру. Сондай-ақ экономиканы жаңғырту, цифрландыру және білікті кадрлар тапшылығының артуы аясында еңбекші жастарды қолдау мәселесі ерекше маңызға ие. Осыған орай форум барысында жұмысшы жастардың өзекті әлеуметтік мәселелері, соның ішінде баспана, кәсіби даму, еңбек қауіпсіздігі, қайта даярлау мүмкіндіктері көтерілді. Ең әуелі сөз бастаған Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров жұмысшы жастардың форумы елімізде бірінші рет Жамбыл облысында ұйымдастырылғанын айтты.
– Елімізде жылына 200-ден аса жобалар жүзеге асырылады. Облысымыздың өзінде қазір 20-дан аса жобалар жүзеге асырылып отыр. Оның барлығында жұмыс істейтін осы жастар, өздеріңіз. Еңбекте белсенді азаматтарды Amanat партиясы мүше етіп алып, оның қоғамдық жұмыстарға араласуына, өз қабілетін көрсетуіне мүмкіндік береді. Сондай еңбек жолымен депутат болып сайланғандар да бар, өзім де солардың бірімін. Қоғамда жұмысшы мамандарына деген құрмет бөлек. Әрине өмірде қиыншылықтар кездеседі, алайда еңбек бәрін де жеңеді. Өмірін еңбекпен гүлдендірер жастарға жарқын болашақ тілеймін, – деді Мұқаш Зұлқарнайұлы.
Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек алдағы уақытта жүзеге асырылатын 62 инвестициялық жобаны іске асыру мақсатында 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылатынын айтты.
– Бұл форум адал еңбегімен қоғамның дамуына зор үлес қосып жүрген барша мамандарға көрсетілген үлкен құрмет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деген еді халыққа арнаған Жолдауында.
Бұл – еңбек адамын алға шығарып, оның беделін арттыруға жасалған маңызды қадам. Адам капиталы мемлекет байлығының ең басты құндылығы болса, еңбек адамдары адал еңбегімен, табандылығымен үлгі болатын қоғамның нағыз қаһармандары. Олар өндірістің қай саласында болмасын, елдің дамуына өз үлесін қосып жүр.
Біздің міндетіміз Президенттің «Адал азамат» тұжырымдамасын ілгерілетіп, жұмысшы мамандықтардың абыройын көтеру. Кәсіби мамандардың жаңа буынын тәрбиелеу және олардың бойына адалдық пен жауапкершілікті дарыту. Өйткені еліміздің келешегі – адал азамат пен кәсіби маманның қолында. Ал кәсіби маман өз ісіне адал, заман талабына сай білімін терең ұштастыра алған тұлға. Бүгінде жұмысшы кадрларға сұраныс артқанымен, жастардың көбі бұл саланы таңдауға асықпайды. Бүгінгі облыстық жастар форумы нағыз еңбек адамдарын насихаттай отырып, қоғамдағы жұмысшы мамандықтарына деген сұранысты арттыруда маңызды рөл атқарады деп сенеміз.
Бүгінде Жамбыл облысы ؘ– еліміз бойынша инвестиция тарту бағытында жоспарлы шаралар жүргізіп отырған өңір. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын 62 инвестициялық жобаның іске асырылуы 6 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бұл – жыл сайын университет пен колледж түлектері тұрақты жұмыспен қамтылады деген сөз. Өңірдегі оқу орындарында кешенді шараларға кадр дайындау жұмыстары қолға алынуда. Қазіргі қоғам – кәсібіне адал, еліне берілген, парасатты да ұлтжанды маманға зәру. Бүгінгі форум жұмысы нәтижелі, бастамаларыңыз сәтті болсын! Баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Бүгінде 100 мыңға жуық жас азаматты біріктіріп отырған «Жастар Рухы» Жастар қанаты еліміздегі ең ірі жастар ұйымы саналады. Рухтастардың атқарып отырған жұмыстары да аз емес. Оған дәлел «Жастар Рухы» бастамасымен қолға алынған «Жастарға жұмыс» партиялық жобасы мен «Заң мен тәртіп» аясында өткізіліп жатқан «Қауіпсіз қоғам», «Вандализмге жол жоқ!» және басқа да республикалық акциялар. Жастар ұйымының атқарған жұмыстары мен алға қойған мақсаты, жоспарлары туралы «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова мәлім етті.
Саладағы үздік жас мамандардың баяндамалары да осы форумда тыңдалды. Мемлекеттік бағдарламалар мен жастарға арналған қолдау тетіктері таныстырылды. Сондай-ақ жастар мен билік өкілдері, жұмыс берушілер арасында ашық диалог алаңы қалыптасты.
Бұл форум – жұмысшы жастардың үнін естіп, олардың қоғамдағы орны мен әлеуетін нақты көрсетуге бағытталған маңызды алаңға айналды десек, артық болмас. Еңбекке деген құрметті қалыптастыру арқылы ел болашағын нығайтатын жастардың дамуына серпін берді.
Сонымен қатар форум барысында Абай атындағы Жамбыл жоғары колледжінің студенттері жұмысшы мамандықтары туралы сахналық көрініс қойып, облыстық филармонияның әншілері алқалы басқосуды әнмен әрледі. Ал өндіріс мекемелері өздерінің өнімдерінен көрме ұйымдастырып, көпшілік назарына ұсынды.
Қамар ҚАРАСАЕВА