Өтетілеу батыр ұстаған тудың бір бөлігі сақталған
Биыл қазақ елінің тарихында аса қайғылы кезең – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты ащы қасіреттен бері 300 жыл өтті. Жалпы қазақ пен қалмақтың арасындағы созылмалы қақтығыс сонау 1600-жылдары басталып, шарықтау шегіне 1723 жылдың көктемінде жетті. Сол жылы қазақ жеріне әбден дайындалған 70 мың қалмақ жауынгері тұтқиылдан шабуыл жасап, жайлауға көшуге қамданған қазақ елін ойрандап салды. Нәтижесінде әр 10 қазақтың 4-і мерт болып, тірі қалғаны мүмкіндігінше тойтарыс көрсетіп бас сауғалап жан-жаққа көшті.
Қалмақтармен шайқаста көптеген қазақ батырлары ерліктің ерен үлгісін көрсеткен. Солардың бірі – Өтетілеу Өмірбекұлы. Меркі аудандық музейінде Өтетілеу ұстаған тудың бөлшегі сақталған. Батырдан қалған бөлшектің өзі – тарихтың олжасы. Өтетілеу батыр туралы Әшімқұл Ақпейілов деген кісі біраз зерттеу жүргізген. Ол өз жазбасында: «Жақында БотбайБұйдас Өмірбекұлы Өтетілеу батырдың жетінші буындағы бір ұрпағымен әңгімелестік. Азамат есімді бауырымыз Жамбыл облысының Қостоған ауылының тұрғыны екен. Содан біраз мәлімет алып осы мақаламды жазуға кірістім. Алдымен Өтетілеу батырдың шежіресін тарқатсақ. Ботбай бабаның 4 ұлы болыпты: Құдайғұл, Шағай, Қоралас, Бұйдас (кейде Бидас деп атайды, тағы бір аты Мырза). Бұйдастан Айдарқұл, Тоқтарқұл. Айдарқұлдан Бақыткелді, Байменбет. Бақыткелдіден Текенші, Бөкенші. Текеншіден Айтқұл, Алқымалды, Бердімбет, Бораншы. Айтқұлдан Өмірбек, Өмірзақ. Өмірбектен Өтетілеу, Жанжігіт, Нәмек. Өтетілеу батырдың 4 ұлы болды – Қаратайлақ, Байтайлақ, Нартайлақ, Сартайлақ. Қазақ-жоңғар соғысында көтерілген Ботбай сарбаздарының туы осы Қаратайлақ атаның ұрпағында сақталды. Бұл ту – шайқасты көрген яғни «боевой» ту!», – деп жазады.
2012 жылы Алматыда Әшімқұл Ақпейілов ағамыздың «Бабалар рухына тағзым. Мырза ұрпақтары» тарихи кітабы жарық көрді. Соның ішінде Өтетілеу Өмірбекұлы туралы жеткілікті дерек жазылған. «Өтетілеу Өмірбекұлы жаугершілік заманда өз қатарларымен бірге соғыс өнерін жақсы меңгерген. Жоңғар қалмақтары қазақтардың алауыздығын пайдаланып, қазақтардың жерін басып алғанда, Бәйдібек ұрпақтары қолдарына қару алып, басқа ағайындармен бірге, бүкіл қазақ болып қалмақтардан жерімізді босату үшін көп жылдар соғысқанда небір батырлар өз деңгейінде ерліктерін көрсетіп көзге түскен. Ботбай ұрпақтарынан жасақталған 2000 сарбазын Сәмен батыр, Іле өзенінің оң жағындағы Алтын емел тауының бөктеріне, қалмақтармен соңғы соғысқа алып шыққанда Көтентай, Шалабай, Қасаболат, Қапсалаң, Текебай батырлардың қатарында болған Өтетілеу, алғаш жүз басы, кейін мың басы болып қатысады. Сол көп соғыстың бірінде Ботбай сарбаздарының туын ұстау кезегі Өтетілеуге келеді. Сол заманда да туды ұстауға аты шыққан, жас батырларға ғана рұқсат ететін болған. Өтетілеу аз ғана адаммен төбенің басында ту ұстап тұрады. Ту ұстаушының міндеті қандай ауыр екенін соғысқа қатысушылардың бәрі жақсы білетін. Әрбір жауынгер қаншалықты қиын жағдайда соғысып жатса да туға қараған. Ту жығылмаса сарбаздарға күш-жігер пайда болып жауға өршелене ұмтылған. Ту жығылса жаудың жеңгені болып табылған. Осыны түсінген Өтетілеу туды құлатуға ұмтылған қалмақтардың алғашқы шабуылын інісі Нәмек бастаған жауынгерлерімен, қиян-кескі ұрыс жүргізіп қуып тастап туға жолатпаған. Қайта топтасқан қалмақтар сан жағының көптігін білдіріп төбені екі жағынан орап кеткендіктен Өтетілеу аз ғана жауынгерлерімен қоршауда қалғанымен, інісі екеуі кескілескен ұрыста бірнеше қалмақтың жанын жақаннамға жібереді. Өтетілеу бірнеше жерден ауыр жараланғанымен соңғы күш-қуатын жинап соғысып, ту қисайғанымен құлатпайды. Тудың қисайғанын көрген қазақтар қайта топтасып бар күш-жігерімен ұмтылып төбені қайта босатып алғанда, Өтетілеудің туды жауға құлаттырмай теңселе басып тұрғанын көрген қазақтың сарбаздары туды қайта тұрғызғанда, қансыраған Өтетілеу қисайып сарбаздардың қолына құлайды. Қалмақтарды төбеден шегіндіріп қайтадан қуғанда, жараланып тұтқынға түскен Нәмекті босатып алады. Соғыста қайтыс болған Өтетілеудің денесін елге әкеліп жерлейді. Өзінің жауға құлаттырмаған туының бір бөлігін «Әкелеріңнің ерлігінің белгісі», – деп жас балаларына береді.
Өтетілеудің ұстаған туының бір бөлігі осы күнге дейін Бидас ұрпақтарының өте құнды дүниесі есебінде Бақытбек Төленгітұлының үйінде сақтаулы тұр. Қалмақтармен соғыста жүз басы, мың басы болған, қиян-кескі соғыста ту ұстап, құлатпаған батырды қандай деңгейдегі батырдың қатарына жатқызу керек екенін оқырман қауымның өзіне қалдыра отырып, осы қысқа әңгімені кейінгі ұрпақтарға өнеге ретінде қалғанын жөн деген оймен жазып қостым. Қысқа әңгімені Бедел Сексеновтың кішкене жазғанынан және Әсімхан Қосбасаровтың айтқанынан жаздым» деп жазыпты автор.
Бұл орайда біздің қосатынымыз Меркі ауданы, Қостоған ауылында Өтетілеу батырдың құрметіне 2011 жылы салынған ескерткіш бар. Ол батырға деген үлкен құрмет.
Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінде Өтетілеу Өмірбекұлы батыр бабамыздың 300 жылдығына арналған экспозициялық бұрышының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Меркі ауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Байсейт Жылысбаев, батыр ұрпағы, Ту сақтаушы Бақыт Төленгітұлы, Қостаған ауыл ақсақалы Шаншарбек қария, ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы Темірхан қария, ардагер ұстаз, Меркі ауданының Құрметті азаматы Қайнаркүл Татықұлова, Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Абылай Ахметжанов, Жаңатоған ауылдық округінің әкімі Мерей Рамаданов және батыр ұрпақтары қатысты. Іс-шара барысында келген қонақтар сөз сөйлеп, батыр ұрпақтары Ерлан Төлеу мен Диас Жолшыбек «Өтетілеу бабам», «Өтетілеу бабама арнау» өлең жырларын оқыды.
«Этнография» залында батырға арналған экспозициялық бұрышында ашылу салтанаты өтті. Өтетілеу Өмірбекұлының ерлігі жас ұрпақтарға үлгі ретінде айтыла беретіні анық.
Айман ЖҮРСІНАЛИЕВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.
Меркі ауданы