Балуан Шолақ есімі ең алғаш Атажұртындағы ауылға берілген
Ұлтының мақтанышы болған тарихи тұлғалардың бірі – ерен күш иесі, балуан, сері, сазгер, ақын, әнші, сан қырлы өнерпаз Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлының ата-бабалары Шу өңірінің қасиетті Хан тауының етегін, Далақайнар жазығын жайлағаны шежірелі әңгімелер арқылы белгілі. Ел аузындағы бір аңызда өлкемізді Қоқан хандығы билеген дүрбелең заманда атасы Қазанғап ұлы Жарықшақты ертіп, немересі Баймырзаны алдына алып шағын көшті бастап Көкшетауға қоныс аударып, сонда тұрақтап қалғаны айтылады. Осында туып-өсіп, ержеткен Балуан Шолақ кемеліне келген шағында Жетісу мен Әулиеатаны, қырғыз жерін аралаған сапарында қасында бір топ өнерпаз серіктері, оның ішінде інісі Тәуекел де бар, Шу өңіріндегі ауылдарда болып, оның келу құрметіне аталас туыстары Далақайнар жазығында арнайы той жасаған. Сол күндері балуанның табан ізі қалған өңірдегі өзі көзін аршыған мөлдір сулы тоғыз қайнардың бірін ел «Балуан Шолақ бұлағы» атап кеткен. Әлі күнге осылай аталады.
Алдағы қыркүйек айында Шу қаласы «Наурыз төбе» алаңында Шу ауданының 95 жылдық мерейтойы мен Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлының 160 жылдығына арналған іс-шара өткізілгелі отыр. Осынау қос бірдей мерейлі мереке қарсаңында облыстық «Еңбек туы» газетінде істеп жүрген кезімде атажұртындағылардың облыстық басылымның көмегімен балуанның есімі үлкен ауыл мен шаруашылыққа берілуіне қол жеткізген оқиға қалай болғаны туралы естелігімді газет оқырмандарымен бөліспекпін.
Мезгіл 1988 жылдың қоңыр күзі болатын. Газетіміздің 21 қазандағы санында «Редакцияға хат» айдары аясында, «Балуан Шолақтың есімі берілсе..» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Оған Шу ауданы Ленин атындағы кеңшардың аға шопаны, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және облыстық кеңестің депутаты Серік Оңласынов, «Ақтөбе» ұжымшарының бұрынғы төрағасы, соғыс және еңбек ардагері Сары Хасенов, Калинин атындағы ұжымшардың бұрынғы төрағасы, соғыс және еңбек ардагері Айтжан Әбішев, «Ақтөбе» ұжымшарының бұрынғы колхозшысы, соғыс және еңбек ардагері Сауран Асылбеков, «Ақтөбе» ұжымшарының бұрынғы колхозшысы, соғыс және еңбек ардагері Мұқатай Текебаевтар қол қойған.
Шу өңірі халқының тілегін жеткізген хатқа қол қойғандардың ең жасы Серік Оңласынов еңбек өнегесімен ғана емес қайраткерлік қарымымен де жақсы танылған азамат еді. Он сегіз жасында аға шопан болып еңбек жолын бастап, екі мәрте «Еңбек Қызыл ту» және сол кезгі ең жоғары марапаттың бірі –Ленин орденін алған. Отыз үш жасында «Еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» атағын алып, есімі Қазақстанның Алтын Құрмет кітабына жазылған. Алматы малдәрігерлік – зоотехникалық институтын сырттай оқып, бітіріп шығып, «дипломды шопан» атанған. Мансап қуу емес, өз жұмысында жоғары жетістіктерге жету үшін оқығанын дәлелдеп, қой өсірумен айналысты. Жақсы жетістіктерімен танылған озат шопандардың бірі болды. Облыстық «Еңбек туы» газетінде 1986 жылдың қараша айында «Қыс сынынан сүрінбейік, әріптестер!» деген тақырыппен берілген, өзінің мал қыстатуды ұйымдастыру тәжірибесін бөлісіп, мал шаруашылығын өркендетуге қатысты ой-пікірлерін айтқан көлемді мақаласы жарияланып, газет оқырмандары арасында үлкен пікір туғызған, шопандар мен мал мамандарының қолдауын тапқан еді. Қой өсіру ісінің нағыз майталманы халықтың сенімі мен құрметіне бөленген депутат ретінде өз сайлаушыларына пайдасын тигізу мақсатында облыстық басылымда аталған хаттың жариялануына ұйытқы болды. Әттең, қайраткер шопан 1995 жылдың 10 тамызында қырық тоғыз жасында өмірден озды. Арада жылға жуық уақыт өткенде ел тілегі ескеріліп, өзі туып-өскен елді мекеннің – қазіргі Қонаев ауылының басты көшесіне есімі берілді.
Сол дәуірдегі ахуалды дәл беретіндіктен газетте жарияланған хаттың басталған тұсын сол қалпында, стилі мен орфографиясын сақтай отырып беруді жөн көрдім:
«Кезінде «Ақтөбе» колхозының тұрғындары талай дүркін Шу аудандық Советі атқару комитетінің алдына біздің шаруашылыққа атақты Балуан Шолақтың (Нұрмағамбет Баймырзаұлының) есімін беру туралы тілек айтып, ұсыныстар мен хаттар түсіріп, мәселе қойған еді. Бірақ, біздің тілегімізге ден қойып, ескерген ешкім болмады. Біле білген кісіге қазіргі қайта құру кезіндегі басты принциптердің бірі – төменнен туындаған инициативаға айрықша мән берілуі керек емес пе? Өкінішке орай, ауатком әлі күнге бұл тілегімізге енжар қарап отыр.
Шын мәнінде Балуан Шолақ қазақ халқы үшін қадірлі есімдердің бірі. Оның атын білмейтін, даңқын естімеген адам кемде-кем шығар-ау. Халқымыздың өнері жайлы, оның туын биікке көтерген қайраткерлер жайлы сөз болса, оның есімі Біржан салмен, Ақан серімен, Жаяу Мұсамен, Үкілі Ыбыраймен және басқа саңлақтармен қатар аталады. Өйткені ол асқан әнші ғана емес, асқақ ақын да болатын. Бояуы солғындамай біздің заманымызға жеткен Балуан Шолақ шығарған, бүкіл қазақ даласын шарлаған әсем әндер кереметтей талантты композитор екенін айғақтайды. Тіпті басқасын былай қойғанда ән төресі «Ғалияның» бір өзі өткен замандағы махаббат лирикасының шыңдағы шынары, сұлу ескерткіш емес пе?!».
Бұдан әрі мақалада академик Ахмет Жұбанов өзінің «Замана бұлбұлдары» атты кітабының Балуан Шолаққа арналған тарауында: «Қазақтың әншілік өнерін өрістетуге үлкен үлес қосқан композитор» деп бағалаған, әндері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, халқымыздың қастерлейтін асыл мұрасына айналған ірі тұлғаның есімі ескерусіз қалып келе жатқаны әділдік емес екені, Қазақстанда Ақан сері, Біржан сал атында шаруашылық та, көше де, мектеп те бары, Қажымұқан Мұңайтпасов атында Шымкент (қазіргі Түркістан) облысында кеңшар бары, мұражайы ұйымдастырылғаны, ал Балуан Шолақ атында өзі өмір кешкен Көкше өңірінде, үрім-бұтағы тұратын Целиноград (қазіргі Ақмола) облысында, атажұрты – Шу өңірінде еске түсірерліктей ештеңе жоғы, осы жағы қатты ойландыратыны туралы жазылған.
Астына «Редакциядан» деп берілген, небәрі он-ақ жолдан тұратын түйінсөзді газеттің бас редакторлығына қоса сол тұста қоғамдық негізде облыстық ономастика комиссиясының төрағасы қызметін де қоса атқаратын Арғынбай Бекбосын ағамыздың өзі жазды. Түгел келтіре кетелік: «Балуан Шолақ – дара дарын. Кейде, өкінішке қарай, елеулі еңбегімен кезінде ел құрметіне бөленген адамдардың өздері әртүрлі себеппен ескерусіз қалатын кездері болады. Сондықтан шығар, Балуанның аты ардақталып, қалдырған мұрасы ел игілігіне айналғанымен, есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде дәйекті шара қолданылмай келеді. Демек, бір топ беделді азаматтардың осынау кінәратты түзету жөнінде хат жазып, көтеріп отырған мәселесін орынды деп санаймыз. Бұдан жергілікті басшы органдар дұрыс қорытынды шығарып, ел тілегін қанағаттандырар деген сенімдеміз».
Сол жылдары «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бас редакторы болған Шерағаңның – Шерхан Мұртаза ағамыздың республикадағы ең бір айбынды, халыққа қадірлі басылымдардың бірі деп білеміз деген бағасын алған газетте жарияланған мақала көтерілген мәселе, әрине, ескерусіз қалған жоқ. Бұл шақта биік мінберлерден елдің сөзін сөйлеп, танылған Арғынбай ағамыз бен Жоғарғы Кеңес депутаты Серік Оңласыновтың тиісті мекемелерге сұрау салуы да өз нәтижесін берді. Арада бір жылдан астам уақыт өткенде, 1989 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі жұртшылық тілегін ескеріп, Шу ауданындағы туыстары тұратын ауыл мен ұжымшарды Балуан Шолақ атымен атау туралы Қаулы қабылдады. «Ақтөбе» ұжымшары мен ауылы сол күннен ресми түрде Балуан Шолақ есімімен атала бастады. Бұл шақта шаруашылықты Тоқтарәлі Жақсығұлов басқаратын. Ол шаруашылықпен ауылдың Балуан Шолақ атын алғанына арналған қуанышты шараны ұжымшардың құрылғанына 60 жыл толуымен ұштастырып 5 қарашада ұланасыр той ұйымдастырды. Ал 1992 жылдың мамыр айында ауылдағы құрылысы бітіп, жаңадан пайдалануға берілген Мәдениет сарайының алдына Балуан Шолақтың ескерткіші орнатылды.Мұнымен қатар аудан орталығы – Төле би ауылының «1 май» аталатын көшесінің аты «Балуан шолақ көшесі» болып өзгерді.
Міне, осылайша атажұрты Шу өңіріндегілер айналасы үш-төрт жыл ішінде Балуан Шолақ есімі республикада ең алғаш болып іргелі ауылға берілуіне, тұңғыш ескерткіші тұрғызылуына, аудан орталығындағы көше аты өзгертілуіне қол жеткізді. Арада жыл өте, Көкшетаудағылардың да жоғары орындарға жасаған өтініштілектері ескеріліп, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1993 жылдың 7 қазанындағы Қаулысымен Ақмола облысы Бұланды (2000 жылға дейін Макинка аталып келген) ауданындағы Еркіндік ауылының атауы Балуан Шолақ ауылы болып өзгертілді.
Тәуелсіздік жылдары атақ-даңқы бүкіл республикаға жақсы таныс Балуан Шолақ есімін мәңгі есте қалдыру шаралары жалғасын тапты, Алматыдағы спорт сарайы жауырыны жерге тимеген Балуан Шолақ есімімен аталды. Көкшетауда, Шу ауданының орталығы – Төле би ауылында, Тараз қаласында еңселі ескерткіштері тұрғызылды. Ақмола облысының Бұланды ауданында есімі берілген мектеп-лицей бар. Ал республика бойынша Балуан Шолақ аты берілген көшелерді санап тауыса алмасымыз анық.
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.