Ұстаз бен шәкірттің ұлағаты
Бірде ғұлама Шақиқ әл-Бәлхи өзінің шәкірті Хатим әл-Асамға: «Менің қасымда қашаннан бері білім алып жүрсің?», – деп сұрақ қойыпты.
Хатим әл-Асам: «33 жылдан бері», – депті. Шақиқ әл-Бәлхи: «Осы жылдар ішінде не үйрендің?» дегенде шәкірті: «8 нәрсе үйрендім», – дейді. Шақиқ әл-Бәлхи: «Өмірімнің жартысы сенімен өтіпті. Сонша уақытта 8-ақ нәрсе үйренгенің бе?», – депті әрі таңғалып, әрі ренжіп. Хатим әл-Асам: «Сізге өтірік айтып не қылайын, ұстаз. Үйренгенім осы болды», – деген көрінеді. Шақиқ әл-Бәлхи: «Жарайды, мейлі, айтшы сол үйренген сегіз нәрсеңді», – депті. Хатим әл-Асам:
«Бірінші: Адамдардың өздеріне біреулерді дос қылып, серік еткенін көрдім. Бірақ өлім сәті келіп, жаны шыққанда қабірге жалғыз кіргенін көрдім. Содан мен ізгі-жақсы амалдарды өзіме дос қылып, серік еттім. Өйткені сол ізгі амалдарым ғана қабірге менімен бірге кіретінін ұқтым.
Екінші: Алланың «Кімде-кім Қиямет күні Алланың құзырында тұрудан қорқып, нәпсісін арман-қалаулардан тыйса, оның соңғы паналайтын жері – жұмақ» («Нәзиғат» сүресі, 40-аят) дегенін ұғып, нәпсімді арман-қалаулардан тыйып, Алла жолында берік, нық тұруға еңбек еттім.
Үшінші: «Адамдардың әрбірінің жоғалтып алудан қорқып, көзінің қарашығындай сақтауға, жасырып қоюға тырысатын заттары (мал-дүние, алтын-күміс) барын көрдім. Сөйтіп Алланың мына сөзін ұқтым: «Сендердің қолдарыңдағының бәрі түгесіліп-бітеді, ал Алланың құзырындағы мәңгі-бақи қалады» («Нахыл» сүресі, 96-аят). Содан бастап қолыма қымбат, бағалы нәрсе түссе оны сақтау үшін Аллаға беретін болдым. Яғни, Алла жолында садақа ететін болдым.
Төртінші: Адамдардың өз мал-дүниесімен, атақ-даңқымен, тегімен мақтанып, құрмет, марапат іздегенін көрдім. Сосын Алланың «Расында Алланың құзырындағы құрметтілерің ең тақуаларың» («Хужурат» сүресі, 13-аят) деген аятын оқыдым. Содан бастап Алланың құзырында құрметті болу үшін тақуалыққа ден қойдым.
Бесінші: Адамдардың бір-бірінің мал дүниесіне қызғанышпен, көреалмаушылықпен қарағанын көрдім. Содан Алланың «Бұл дүниеде олардың ризық-несібелерін де мына Біз үлестірдік. Сондай-ақ бірін-бірі жалдап қолдансын деп, біріне-бірі септігін тигізсін деп, олардың кейбіреулерінің бақ-дәрежесін кейбіреулерінен жоғары қылдық» («Зухруф» сүресі, 32-аят) деген Алланың сөздерін ойға тоқып, ақылға салып, ризық-несібемнің Алладан екенін түсіндім. Алланың маған берген үлесіне разы болып, көреалмаушылықтан құтылдым.
Алтыншы: Адамдардың бір-біріне дұшпан болып, тіпті қан төгуге дейін барып жатқанын көрдім. Сол сәтте Алланың «Шайтан сендердің қас дұшпандарың. Сондықтан оны өздеріңе қас дұшпан деп біліңдер» («Фатыр» сүресі, 6-аят) деген сөзін оқып, өзіме шайтаннан басқасын дұшпан тұтпадым.
Жетінші: Адамдардың мал-дүние табулары үшін әртүрлі қорлыққа түсіп, тіпті харамға кіріп жатқанын көрдім. Осы мезетте Алланың «Жер дүниеде ризық-несібесі Алладан келмейтін бірде-бір қыбырлаған жан жоқ» («Һуд» сүресі, 6-аят) деген сөзін оқыдым. Өзімнің де сол қыбырлаған бір тіршілік иесі екенімді түсініп, Алланың алдындағы міндетімді атқарып, Алланың міндетіне араласпадым.
Сегізінші: Мен адамдардың өздері сияқты бір жаратылысқа тәуекел етіп, арқа сүйеп, соған тәуелді болып жүргенін көрдім. Біреу мал-дүниесіне, енді біреу көке-жәкесіне, қызметіне және тағы басқасына. Содан Алланың «Кім Аллаға тәуекел етсе, Алла оған жеткілікті» («Талақ» сүресі, 3-аят) деген сөзін оқыдым. Содан бастап тек Аллаға тәуекел етіп, басқаларға арқа сүйеп, тәуелді болудан бас тарттым, – депті.
Сол кезде ұстазы: «Бүгіннен бастап мен сенің шәкіртіңмін, сен менің ұстазымсың», – депті.
Қайыржан ТҮЗЕЛБАЙ,
Үлгілі ауылдық «Әбдімәжіт» мешітінің бас имамы.
Байзақ ауданы