Мемлекеттік органдар ұлттық мессенджер арқылы ақпарат таратады
Бүгінде жасанды интеллект мемлекеттік менеджмент саласына да айтарлықтай ықпал етіп келеді. Мәселен елімізде бірқатар қызмет түрлері «электронды үкімет» порталы арқылы іске асады. Бұдан бөлек, ендігіде мемлекеттік органдар отандық AITU мессенджері арқылы хабар таратады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Цифрлық штаб отырысында айтылды.
Айта кетейік, Президент ҚасымЖомарт Тоқаев жасанды интеллект дамуына байланысты жаңа қауіптер пайда болғанын айтып, деректерді басқару мен киберқауіпсіздікті күшейту мақсатында Үкіметке жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауды тапсырған болатын.
– Бұл платформаларда жеке сәйкестендіру нөмірін, азаматтардың денсаулығы туралы мәліметті және басқа да деректерді жиі сұрайды. Мұндай тәжірибе жеке мәліметтерді қорғау туралы заңнамаға қайшы және ұлттық юрисдикциядан тысқары жерге деректердің тарап кетуіне әкеліп соғады. Қазақстанда отандық Aitu мессенджері әзірленді. Ол тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады. Үкімет жеке деректерді қолданатын барлық коммуникацияны қорғалған ұлттық мессенджерге көшіру мәселесін пысықтауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл бағыттағы жұмыстар Үкіметте өткен цифрлық штаб отырысында жан-жақты талқыланды. Жиында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндама жасады. Жиынның қорытындысында Цифрлық штабтың шешімімен, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың кешенді жоспары мен жасанды интеллект деректер массивтерімен жұмыс істеу регламенті және оны жүзеге асыру жоспары бекітілді.
Сондай-ақ Smart Data Ukimet мемлекеттік деректерді біріктіру бойынша жұмыстарын аяқтаудың мерзімдері анықталды. Жаңа хэштеу әдісін қолданатын интеграция алдағы 1 қыркүйекке дейін аяқталуы керек, ал барлық дерек осы жылдың 1 желтоқсанына дейін платформаға берілуге тиіс. Оған қоса 15 қыркүйекке дейін мемлекеттік органдар қызметкерлерінің AITU ұлттық мессенджеріне көшуі керек. Премьер-министр қабылданған құжаттарды сапалы әрі уақытылы іске асырудың маңыздылығын айтты.
– Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразиядағы цифрлық хабқа айналуға тиіс деген мақсатты алға қойып отыр. Нақты міндеттер белгіленді. Бүгінде Цифрлық штаб барлық мемлекеттік орган мен ұйымдар үшін міндетті шешімдер қабылдады. Нәтиже ақпараттық қауіпсіздікті жақсарту мен мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған, – деді Олжас Бектенов.
Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың кешенді жоспары негізінде 224 ақпараттық құрамдас алаң құрылады. Бұл интеграция үшін еңбек шығындарын азайтуға, функционалдық және статистикалық айырмашылықтар тұрғысынан ақпараттық жүйелердің қайталану мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бүгінде «электрондық үкімет» аясында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының 355-тен астам ақпараттық жүйелері және веб-ресурстары жұмыс істейді. Жасанды интеллект деректер массивтерімен жұмыс істеу ережесі мен оны жүзеге асыру жоспары бекітілді. Құжат ЖИ технологияларын дамыту үшін деректер қорын қалыптастыру мәселесін қарастырады. Бұл ережелер ақпаратты жинау, тексеру және құрылымдаудың бірыңғай стандарттарын қарастырады.
Smart Data Ukimet платформасында мемлекеттік дербестендірілмеген деректерді топтау бойынша жұмыс шеңберінде Smart Data Ukimet-ке міндетті түрде көшіруге жататын деректер базаларының тізімі бекітілді. Жиында AITU ұлттық мессенджерін кең ауқымда енгізу мәселесі қаралды. Оның қанатқақты жұмысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде көрсетілді, енді аталған қызмет мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының барлығына енгізіледі.