Мұғалім – ең қадірлі мамандық
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін тамыз конференциясы – білім беру саласының ең басты оқиғаларының бірі. 22 тамыз күні Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» Оқушылар сарайында жаңа оқу жылы қарсаңында тараздық педагогтер қауымы «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз конференциясында бас қосты. Оқушылар сарайына кірген бетте ұлттық аспаптар оркестрі шараға жиналған ұстаздар қауымына мерекелік көңіл-күй сыйлап тұрды.
Конференцияға облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова, Оқуағарту министрлігінің өкілдері, білім саласының ардегерлері, мектеп директорлары, педагогтер қауымы қатысты.
Жиынның басты мақсаты – өткен оқу жылының қорытындысын шығару мен жаңа оқу жылындағы стратегиялық міндеттерді айқындау болды. Жиналған қауым алдымен сахнаға шыққан балдырғандармен бірге мемлекеттік Әнұранды шырқады. Одан кейін залда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық тамыз конференциясында сөйлеген сөзінен үзінді көрсетіліп, айтқан маңызды ойлары назарға алынды. Ел Президенті ұстаздардың қоғамдағы орнына ерекше тоқталып: «Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Мұғалімдер мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. Елдің ертеңі ұстаздарға тікелей байланысты. Сондықтан мұғалімдердің мәртебесі жоғары болып, қоғамдағы орны бәрінен биік болуы тиіс», – деп атап өтті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру, цифрлық трансформацияны дамыту және жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесіне енгізудің маңыздылығын атап өтіп, «Жастарымызды бала жастан заманауи технологияларға бейімдеп, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптастыру – басты міндет», – деді.
Жиынның алғашқы құттықтау сөзін облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков арнады. Ол өз сөзінде алдағы 2025-2026 оқу жылнда назарға алынуы тиіс білім саласындағы маңызды мәселелерге тоқталды.
Сонымен қатар Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова өз баяндамасында өткен оқу жылының нәтижелері мен алдағы міндеттерді жария етті.
Атап айтар болсақ, қалада 294 білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 141-і мемлекеттік, 153-і жекеменшік. Соңғы жылы 5 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 5180 оқушы орны ашылған. 171 мектепке дейінгі ұйымдарда 23916 бала тәрбиеленуде, 3-6 жас аралығындағы балалар 100 пайыз қамтылған. 2025 жылы мектеп бітірушілердің 148-і «Алтын белгі», 214-і үздік аттестат иегері атанды. Республикалық және халықаралық олимпиадаларда тараздық оқушылар 79 жүлделі орын иеленді. Сондай-ақ, Раушан Пернешқызы жаңа оқу жылында «Жасанды интеллект – мектепке!» жобасын іске қосу, буллингтің алдын алу мақсатында «ДОСБОЛLIKE» бағдарламасын енгізу, атааналарды педагогикалық қолдау орталықтарының жұмысын күшейту мен мектептерде цифрлық инфрақұрылымды дамыту және академиялық адалдықты қамтамасыз ету басты басымдықтар екендігін айтып өтті.
Конференция аясында білім беру жүйесін дамытуға үлес қосқан үздік педагогтер Оқуағарту министрлігінің, облыс және қала әкімдігінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Іс-шар шығармашылық қойылымдармен жалғасты.
Конференцияда ұстаздар білім берудегі жаңа әдістемелермен, озық тәжірибелермен танысты. Сонымен қатар білім беру жүйесіндегі келелі мәселелер талқыланып, олардың шешу жолдары ұсынылды. Бұл жиын мұғалімдерге кәсіби дамуға, өзара тәжірибе алмасуға, педагогикалық шеберлігін жетілдіруге зор мүмкіндік береді.
Арна ЖҰМАТАЙ