Балмұздақ ассортиментін арттырды
Елімізде шағын және орта бизнес – экономиканың негізгі драйверлерінің бірі. Бұл сектордың тұрақты дамуы үшін мемлекет тарапынан кешенді қолдау шаралары іске асырылуда. Соның ішінде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған басты қаржы институттарының бірі – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры. Бұл қор кәсіпкерлер үшін сенімді серіктес. Осы қордың көмегіне жүгінген жеке кәсіпкердің бірі – «Империя».
Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыты – балмұздақ өндірісі. Онда балмұздақтың ондаған түрі дайындалады.
Кәсіпорын 2008 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. Өндірген өнімі Тараз қаласындағы сауда нүктелеріне өткеріледі. Бұл кәсіпорынды Патохберді Талипов басқарып отыр. «Империя» жеке кәсіпкерлігі құрылған сәттен бастап тұтынушыларды санитарлық және технологиялық стандарттарға сәйкес келетін сапалы және дәмді өнімдермен қамтамасыз етуде. Өндіріс қазіргі заманғы жабдықтар мен табиғи ингредиенттерді қолдана отырып жүзеге асыруда.
Патохберді Талипов балмұздақ шығаратын өндірістік цехтың жабдықтарын жаңарту мақсатында өткен жылы «Даму» қорының Жамбыл филиалына қайырылған еді. Сөйтіп несие алу бойынша қажетті құжаттарын жинастырып, Тараз қаласындағы «ForteBank» акционерлік қоғамына тапсырды. Банк оның өтінішін «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» бағдарламасы шеңберінде субсидиялау құралдары бойынша қолдады.
– Кәсіп бастау оңай шаруа емес. Дегенмен оның көзін тауып жұмыс істеу үшін алдыңда үлкен мақсатың болуы тиіс. Сол мақсат мені осы кәсіпті ашып, отбасы бизнесін жүргізуге алып келді. Былтыр осы кәсіпті кеңейтіп, құрал-жабдықтарды жаңарту үшін өңірдегі «Даму» қорына қайырылдым. Өтінішім қанағаттандырылып, қажетті несие қаражатына қажетті құрал-жабдықтарды алып, жұмысымды жаңа бағытта жандандырып отырмын, – дейді Патохберді Құдайбергенұлы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы