Жаңалықтар

«Сандель» шабағына қызығушылар көп

Облыста өзен-көлдерді балықтандыру жұмыстары биыл да жалғасын табуда. Балықтандыру жұмысына арнайы тәлімбақтардың қосып отырған үлесі көп. Әсіресе шабақ өсіруде тәжірибесі мол «Сандель» шаруа қожалығының тәлімбағында өсірілген шабақтар ел көлемінде таратылуда.

 

Шаруа қожалығының бас ихтиологы Нұрлан Молдабековтың айтуынша, қожалықтың тәлімбақтарында 5 миллионға дейін шабақ өсірілуде. Шаруашылықтың өз тоғандарында күтімге алынған балықтардан 60 миллион уылдырық жиналады. Жалпы мұнда шабақты 10 миллионға дейін жеткізуге мүмкіндіктері бар. Ол үшін тоған салатын тағы да 30-40 гектар жер телімі қажет көрінеді. Жалпықожалықтың пайдалануындағы 71 гектар жер телімінде ірілі-ұсақты 18 тоған орналасқан. Олар өңірімізге тез жерсінетін балықтың бес түрін өсіріп келеді. Қожалық 2021 жылдан бері өзге өңірлерден ақ амур, карп пен ақ талстолоб, форель балықтарын уылдырықтан өсіруді де қолға алған. Күзде еліміздегі барлық су айдындарында балықтандыру жұмыстары басталады. Бұл қожалық үшін маңызды кезең. Уылдырықтан өсірген шабағын қожалық республика бойынша таратады. Қазіргі таңда сұраныс Ақмола мен Қарағанды облысының өзен-көлдеріне жауапты мамандардан түсуде.

– Қазір бізбен келісімшартқа тұрған Есіл облысаралық бассейндік инспекциясының өкілдері келіп, Есіл өзенін балықтандыру мақсатында 533 мың тұқы шабағын алып кеткелі жатыр. Олар өткен жылы бізден миллионның үстінде шабақ алып кеткен болатын. Бұл байланыс 10- 11 жылдан бері жалғасып келеді. Есілдіктер жылда республикалық тендерге қатысып, біздің шабақтарды ұтып алып, алып кетуде, – дейді ол.

Дейтұрғанмен қожалық қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, шабақ өсіру процесін тоқтатпаған. Қарап отырсаң, шағын тоғандарда шынашақтай шабақтар өріп жүр. Олар келесі жылы айналымға шығарылады. Биыл өткеріліп жатқаны – біржылдықтары. Қарақанаттанып, біршама өсіп, кез келген өзен-көлге тез бейімделіп кететіндей көлемдегі шабақтар. Нұрлан Молдабековтың шабақ өсіруде тәжірибесі көп. Оның бұл кәсіппен айналысып келе жатқанына 40 жылға жуықтапты. 2008 жылға дейін Қарақалпақстанда шабақ өсірумен айналысса, соңғы 14 жылдан бері осы қожалықта еңбек етуде. «Біздің қазіргі бағытымыз шабақ өсіру. Өзімізде біраз балық түрін өсіріп, уылдырығынан көбейтудеміз», – дейді балықшы.

Шаруашылықта 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Балық өсіруші Расул Бекташоглы он екі жылдан бері осында жұмыс істеп келеді екен. «Өзіме жұмысым ұнайды. Шабақтарды өсіру қызық. Уылдырықтан бастап бір жыл толғанша қарап, жемдеп, судың тазалығын бақылап отырамыз. Жалақымыз да жаман емес, айлығымызды жыл он екі ай уақытылы аламыз. Қазір 12 грамнан асқан бір жылдық шабақтарды балық тасымалдайтын арнайы цистерналарға салып, еліміздің су қоймаларына жөнелтудеміз, – дейді ол.

Есіл облысаралық бассейндік инспекциясы өкілдерін сөзге тартқан едік. «Біз он жылдан бері «Сандель» шаруа қожалығымен келісімшарт негізінде жұмыс істеп келеміз. Ақмола облысының Есіл өзенін балықтандыру мақсатында шаруашылықтан тұқы мен сазан шабақтарын алудамыз. Алдыңғы жылы бір миллион шабақ алсақ, былтыр 1 миллион 14 мың шабақты алып, өзенге жіберген едік. Биыл 533 мың балық алуға келдік. Жолдың алыстығына қарамастан өткен жылдары шабақтар арнайы цистернада шығынсыз жеткізілді. Өзенге жіберілген шабақтардың 70-80 пайызы жерсініп кетті десем артық айтқандығым болмас. Жалпы мұндағы тәлімбақтарда өсіріп жатқан шабақтың сапасы өте жоғары. Жол шалғай болса да, шабақтың өсімталдығына байланысты жылда шабақты осы қожалықтан алып келеміз, – деді ол.

Ал Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысы Талғат Ибраевтің айтуынша, облысымызда  142  жергілікті маңызы бар су айдындарының тоқсанға жуығында балық шаруашылығы жұмыс істейді екен. Өңірдегі өзенкөлдерде балықтандыру шарасы қыркүйек айынан желтоқсан айына дейін жүргізілмек. Инспекция тарапынан мемлекеттік тапсырыс болып, «Сандель» шаруа қожалығы Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облысын балықтандыру жұмыстарын ұтып алған. Былтыр өңірдегі су айдындарына бір миллионға жуық шабақ жіберілсе, биыл да облыста бес жүз мыңға жуық шабақты су айдындарына жіберу жоспарланыпты. Бұл бір ғана «Сандель» шаруа қожалығынан алынатын шабақтың саны. Өзге шабақ өсіруші тәлімбақтардан да өзіміздің өзен-көлдерге шабақты жүз мыңдап жіберу көзделген. Биыл өңірдегі үлкен су айдындары Билікөл, Тасөткел, Ақкөл мен ТерісАщыбұлақ су қоймалары мен кіші су айдындарын балықтандыру үшін тендерлер ойнатылуда. Ал кейбір су айдындарының қожайындары оны өз қаражаттары есебінен балықтандырмақ. Жалпы өзенкөлдерге 2 мыңнан 150 мыңға дейін шабақ жіберу жоспарланған. Жалпы өңіріміздегі «Сандель» сияқты көптеген шаруа қожалықтары тәлімбақтармен қатар тауарлы балық өсіруге ынталы.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы