Еңбек адамы

Жақсы тұқым – мол өнім кепілі

Егістіктен мол өнім алу үшін оны агротехникалық шараларды қатаң сақтай отыра өңдеу мен тиімді игерудің шаруалар қауымы үшін пайдалы екені айтпаса да түсінікті. Жерді тиімді өңдеу мен топырақ құнарлығын жоғалтпай сақтау, сондай-ақ жергілікті жерде тұқым шаруашылығын дамыту, жаңа сұрыптарды шығару мен жерсіндіру, оны аудандастыру жөніндегі жұмыстар өңірдегі аграрлық саланың дамуына оң серпін беретіні сөзсіз. Осы ретте Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл шаруашылық дақылдарының сортсынау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы» РММ-ның Жамбыл облыстық филиалы Жуалы кешендік мемлекеттік сорт сынау учаскесі мекемесі бидайдың жаңа сорттарын жерсіндіруге жұмыс істеп келе жатқан бірден-бір мекеме.

Аталған мемлекеттік мекеменің сорт сынау учаскесінің меңгерушісі, агроном Бағдат Сатемировтың айтуынша, мекемеге қарасты егіс алқаптарында күздік бидай мен арпаның жаңа тұқымдары сыналу үстінде.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек», – дей келе, Үкіметтің алдына ауыл шаруашылығын стратегиялық маңызды мәселе ретінде қойып отыр. Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында ауданда өнімділікті арттыратын зертханалық жұмыстар қолға алынған. Бүгінгі күні жаңа сорттар мекемеге тиесілі 200 гектар егістік алқапта сыналады. Жыл сайын сынақ ретінде арпа мен бидай дақылдарының жаңа сұрыпты тұқымдары орналастырылады. Оның ішінде алқаптың екі гектары ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған. Ал 198 гектардан алынған арпабидайдың өнімі облыстық филиалға өткізіледі. Аудандық сорт сынау мекемесінің мамандары биыл қазан айында жылдағы қалыптасқан дәстүрмен тиісті агротехникалық шараларды басшылыққа ала отырып, алдағы жылдың өнімі үшін сорт сынау учаскесіне қарасты егістік алқапқа күздік бидай себу жұмыстарын атқаратын болады, – дейді ол.

Жалпы бүгінге дейін мекеме біраз жұмыс атқарған. Учаске меңгерушісінің айтуынша, алдыңғы жылдары мекеме агрономдарының қатысуымен «Бақыт жан», «Не сіпхан», «КИЗ-2020» аталатын күздік бидайдың жаңа сұрыптарымен қатар, Ресейден осында жеткізілген бидайдың сегіз бірдей сорты себіліп, сынақтан сәтті өткізілген. Олар, «Краса Дона», «Аксинья», «Шеф», «Этюд», «Жаворонок», «Вольный Дон», «Агат Донской», «Юбилярка» сұрыптары. Аталған сұрыптар Жуалы ауданының топырағына жерсінген жағдайда және жақсы өнімділік көрсететін болса, мекеменің облыстық филиалына жіберіледі. Тұқым ары қарай ғылыми-зерттеу институттарында қайта зерттелгеннен кейін ғана тұқым шаруашылықтарына таратылады. Бұдан бұрын сорт сынау учаскесінде басқа да астық өнімдерімен қатар күздік бидайдың «Томирис-60» деп аталатын сұрпы сынақтан өткізілген. Бидайдың бұл түрі құрғақшылыққа төзімді болып келетін азықтық дақыл. Тұқымдар негізінен сорт сынау мекемесінің алқаптарында үш-төрт жыл қатарынан сыналғаннан кейін ғана жақсы нәтиже береді.

– Жалпы аграрлық саланың ең бір сүбелі тармағы саналатын сорт сынау және алқаптағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыздылығы туралы көп айтуға болады. Бұл ретте сорт сынау учаскесі былтыр 40 гектар алқапқа күздік бидайдың барлығы 48 сортын орналастырса, ал жаздық арпаның 12 сорты себіліп, сыналу үстінде. Биыл сорт сынауға себілген дәнді дақылдарды күтіп-баптау және зерттеу жүргізу кезінде байқағанымыздай, бұл бағыттағы жұмыстар жақсы нәтиже көрсетіп отыр.

Атап айтқанда, жаңа сорттарды аудандастыру мақсатында егілген төрт сорт, оның ішінде «Б.Момышұлы», «Аманат», «КВС» (қара бидай), «Таңбалы», «Бизостая-100» сорттары жергілікті топырақта сыналды. Ең бірінші кезекте егілген сорттың өнімділігі, салмағы, түрлі өсімдік ауруларына төзімділігі, жергілікті ауа райына бейімделуі және топыраққа жерсінуі басты назарға алынады. Жоғарыда аталған күздік бидайдың түрлері жұмсақ және азықтық дақыл саналады. Аталған сорттардың төртеуі де осында үш жыл қатарынан сыналып, нәтижесінде жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. Құрғақ ауа райына және суық ауа райына да бірдей төзімді. Бұл сорттар мемлекеттік реестрге қойылғаннан кейін ғана аудандастырылып, жергілікті шаруаларға егуге ұсыныс берілетін болады. Биыл сорт сынау учаскесінің егістік алқабында дәнді дақылдың барлығы 64 сорты сынақтан өткізілу үстінде.

Ендігі кезекте жаздық арпа дақылына келетін болсам, биыл учаске егістігінде «Бәйшешек-2020», «Арна», тағы басқа жаңа сорттар үш жыл қатарынан сыналып, оның ауруға және құрғақшылыққа төзімді екеніне ғылыми тұрғыда көз жеткізіп отырмыз. Сорт сынау учаскесінде сыналған астық дақылдарының жаңа сорттары арнайы қапшыққа салынып, нөмірленгеннен кейін ең алдымен Алматы қаласындағы астық зерттейтін арнайы лабораторияға жолданады. Ондағы мамандар сорттың химиялық құрамын терең зерттеп, оның нәтижесін учаскеге қайта жібереді. Оны біз есепке алып, қайтадан облыстық филиалға жолдаймыз. Ары қарай жаңа сорттарды аудандастыру туралы мәселе қаралады. Жұмыс процесі ғылыми мамандардың тарапынан жасалатын тиісті кешенді зерттеулермен жалғасып, осылай сатылай жүзеге асырылады, – дейді Бағдат Сатемиров.

Жалпы Жуалы кешендік мемлекеттік сорт сынау учаскесі мекемесі мамандарының да өсімдік шаруашылығын дамыту ісіндегі ғылымға қосып отырған үлесі мол. Біз негізінен ауыл шаруашылығы дақылдарының ішіндегі астық және масақты дәнді дақыл тұқымдарын сынақтан өткізіп, оны ел өңірлерінде орналастырып, одан сапалы да мол өнімге қол жеткізуді қамтамасыз етуде. Мекеме мамандарына тиісті ғылыми жұмыстармен айналысуға толық жағдай жасалған. Учаске меңгерушісінің айтуынша, мекемеге қажетті техника және жанар-жағармай шығындары облыстық филиалдан бөлінеді екен. Мекеме меншігінде «Енисей-1200» маркалы бір комбайн, «МТЗ-12-21» және «МТЗ-82-1» маркалы екі трактор соқасымен және «СННП-16» маркалы дәнсепкіш тіркемесі, топырақ қопсытқыш (культиватор) және дәрі бүріккіш агрегаттары бар. Сорт сынау учаскесіне қарасты егістік жерлер осы техникалардың және жұмысшылардың күшімен игеріледі. Бұл жұмыстарды бір агроном және екі механизатор, екі жұмысшы атқаруда.

– Тәжірибелі агроном ретінде айтарым, өңірде ақ егіспен айналысатын аудан шаруашылықтарына да ақыл-кеңес ұсынуды жөн көріп отырмын. Жуалы ауданының табиғи жағдайына байланысты біздің өңірде күздік бидай негізінен 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында себілгені дұрыс. Өйткені осы уақыт аралығында жерге сіңірілген дән уақытылы топыраққа түсіп, уақытылы тамырланып, өнеді. Нәтижесінде келер жылы көктемде де оның шығуы, масағына дәннің байлануы сияқты табиғи процестер өз уақытысында жүреді. Басқаларға қарағанда осы уақыт аралығында жерге сіңірілген күздік бидай жақсы өнім береді. Шаруаларға айтар тағы бір кеңесім, сүдігер көтеру мәселесіне де ерекше мән берген жөн. Сүдігерге айдалатын алқапты қазан айының жиырмасынан бастап өңдеген дұрыс. Биыл күзде өңіріміздің егістік алқаптарындағы ылғал жақсы. Өйткені егу науқаны аралығында жаңбыр көбірек жауды. Осыған сәйкес, жерде ылғал да мол. Одан бөлек, егістік алқаптарда агротехникалық шараларды сақтау да маңызды. Өнімді уақытылы дәрілеп, органикалық және минералды тыңайтқыштарды уақытылы бергенде ғана алқаптан мол өнім алуға болады. Сондай-ақ масақты дәнді дақылдарды сәуір айында бас байламай тұрып химиялық өңдеуден өткізген дұрыс. Мұндай шаралар дақылға нәр беріп, оның толық жетілуіне жағдай туғызады, – дейді АШМ «Ауыл шаруашылық дақылдарының сортсынау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы» РММ-ның Жуалы кешендік мемлекеттік сорт сынау учаскесінің меңгерушісі Бағдат Сатемиров.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,

 Жуалы ауданы