Отандық стартаптар Кремний алқабында бақ сынайды
Жаңа технологиялар дәуірінде «Кремний алқабы» термині жиі айтылады. Кремний алқабы – АҚШ-тың Сан-Франциско қаласының оңтүстігінде орналасқан аймақ. Бұл алқаптан шыққан технологиялар әлемді өзгертті. Қазіргі кезде пайдаланып жүрген жаңа компьютер мен смартфондар дәл осы аймақтан шыққан. Сондай-ақ мұнда танымал Apple, Facebook, Google, Amazon сынды компаниялардың штаб-пәтерлері мен оқу орындары, компьютерлер мен микропроцессор, компьютерлік бағдарламалар, ұялы телефон құрылғылары мен биотехнологияларды шығаратын компаниялар да бар.
Бүгінде еліміз Кремний алқабымен тығыз байланыс орнатқан. Мәселен биыл күзде Орта Азия мен өзге елдерден шыққан 24 стартап Кремний алқабына аттанып, AlchemistX және Silicon Valley Residency халықаралық бағдарламаларына қатысады. Бұл қатарда қазақстандық бірқатар жаңа цифрлық бастамалар да бар. Жыл басында Кремний алқабына өту құқығы үшін 20 елден 225 стартап бақ сынаған болатын. Олардың ішінде 134 жоба скринингтен өтіп, тек 24-і финалдық тізімге енді. Нәтижесінде Қазақстан мен Өзбекстаннан 10 стартап AlchemistX бағдарламасына қабылданса, Катар, АҚШ, Сингапур, Грузия және Моңғолиядан келген командаларды есептегенде 14 жоба Silicon Valley Residency бағдарламасына өтті.
– AlchemistX & Silicon Valley Residency – бұл Орталық Азияны Кремний алқабымен байланыстыратын стратегиялық дәліз. Өңірдің үздік стартаптары әлемдегі ең бәсекеге қабілетті инновациялық экожүйелердің бірінде жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Бағдарламаның құндылығы практикалық нәтижелерде – келісімшарттарда, инвестицияларда және серіктестіктерде. Өткен жылдың нәтижесі бойынша төрт айда 22 стартап жалпы 380 мың доллар табыс тауып, 1,4 миллион доллар инвестиция тартты. Бұл көрсеткіштер біздің командалардың жаһандық деңгейде бәсекелесуге және өңірге құндылық әкелуге толық әлеуеті бар екенін көрсетеді, – дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Қатысушылар төрт ай мерзімде Кремний алқабының экожүйесіне еніп, венчурлық серіктестерден жеке менторлық, салалық ісшараларға, АҚШ нарығына шығуға арналған практикалық сессиялар және инвесторлардың алдында өтетін финалдық Demo Day ісшара ларына қатыс ады. Сол арқылы командалар АҚШ-та бизнес тіркеуге, алғашқы келісімшарттар жасауға және халықаралық Silkroad Innovation Hub қауымдастығына интеграциялануға мүмкіндік алады.
– Silkroad Innovation Hub Орта Азия мен Кремний алқабы арасындағы көпір ретінде құрылды, бүгінде осы миссияның шын мәнінде жүзеге асып жатқанын көрудеміз. Соңғы жылдары біздің бағдарламалар жүздеген стартапқа АҚШ нарығына жол ашып, алғашқы клиенттерін табуға және инвестиция тартуға көмектесті. AlchemistX пен Silicon Valley Residency бағдарламаларына қатысу – біздің жобалардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді. Біз әрі қарай да идеяларды халықаралық бизнеске айналдыратын инфрақұрылым мен мүмкіндіктер жасай беретін боламыз, – дейді Silkroad Innovation Hub-тың негізін қалаушы Асет Абдуалиев.
Аталған бағдарлама Astana Hub, IT Park Uzbekistan, Silkroad Innovation Hub және Alchemist Accelerator серіктестігімен, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, Өзбекстан Республикасының Цифрлық технологиялар министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ екі елдің венчурлық қорларының қатысуымен жүзеге асырылады. Осылайша Қазақстан мен Өзбекстан стартаптарының Кремний алқабына шығуы өңірдің жаһандық технологиялық картадағы орнын нығайтып, әлемдік инновациялық экожүйеге интеграциялануға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Айта кетейік, AlchemistX жобасы – стартаптарға арналған әлемдегі үздік акселераторлардың бірі. Бүгінде бағдарламаның 650-ден астам түлегі 3,9 миллиард доллардан астам инвестиция тартып, олардың жартысынан көбі акселерациядан кейін қаржыландыруға ие болған.
Нұрболат АМАНБЕК