Тегін оқып, ағылшынша үйрен!
Өмірден көргенін, көкейге түйгенін кейінгі ұрпағына қанатты сөздермен өсиеттеп қалдырған бабалардан қалған нақылда «Жеті түрлі ілім біл, жеті жұрттың тілін біл!» дейді. Қазіргі жаһандану уақытында әлем халықтарымен емін-еркін тілдесіп, халықаралық деңгейде білім алу үшін ағылшын тілінің рөлі зор болып отыр. Осыған орай қазір ағылшын тілін білім беру мекемелерінен бөлек, қосымша үйрететін орындар да баршылық. Алайда біразының дәрістері ақылы. Ал Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығы көне шаһар тұрғындарының білімін арттыруға қолдау білдіріп, тегін ағылшын курсын жүргізіп отыр.
Бұған дейін қаланың бірнеше шағынаудандарындағы аула клубтарында жүргізілген тегін ағылшын тілі курсы қазір Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтағы «Желтоқсан 86» орталығында да өткізілуде. Ағылшын тілінің мұғалімі Мадияр Сейдахметовтың айтуынша, бұл курсқа қатысушылардың жасына шектеу жоқ.
– Дәл қазіргі уақытта курсымызда 19 қатысушы бар. Әрқайсысының жасы әртүрлі, баласымен бірге келіп, өзі де сабақ алып жүрген 39 жасар ана да бар. Білім алу ешқашан кеш емес. Біздің де есігіміз бәріне ашық. Адамның қолынан келмейтіні жоқ, тек үйренемін деген ниет болса, жеткілікті. Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығының бұл қалада 4 аула клубы бар. Сол клубтарда ағылшын тілінен және хореографиядан дәріс беріп жүргеніме 4 жыл болды. «Желтоқсан 86» орталығынан ағылшын тілі курсы осы тамыз айының басында ғана басталды. Бұған дейін 70 тыңдаушыға дәріс берсем, қазір осы мекенжайдағы курсымызды бастағанымызға аз уақыт болса да 19 қатысушы жиналып үлгерді. Шағынаудандардағы аула клубтарына көбіне бастауыш сынып оқушылары келетін, қазір барлық жастағылар қатысып жүр. Қатысушы алғаш келгенінде ағылшын тілінен білім деңгейін анықтап аламыз. Соған қарай сабақ өтіледі. Сол себепті қатысушыларға ағылшын тілін жеке үйретемін. Азанғы сағат 9:00-ден бастап кешкі сағат 18:30-ға дейін өзіне ыңғайлы уақытта келіп, дәріс алуларына болады. Арнайы сабақ кестесі түзіліп, әр қатысушының білім деңгейіне байланысты сабақ өтеді, – дейді Мадияр Дәулетұлы.
Бастапқыда колледжден ағылшын тілінің мұғалімі мамандығын алған Мадияр кейін білімін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде жалғастырған. Бұның алдында жекеменшік «Қамқор жүрек» балалар үйінде ағылшын тілі мұғалімі болған Мадияр Дәулетұлы бүлдіршіндердің тілін табудың әдісін тапқан.
– Балаға бір нәрсені үйрету үшін өзінің тілімен сөйлеп, қажет болса бала болып ойнау керек. Ештеңеге күштеп үйрете алмайсың. Сондықтан баланы сабаққа қызықтырудың ең тиімді тәсілі – ойын арқылы үйрету. Ағылшын тілін үйретуде түрлі ойындарды, пазлдарды, ойын карталарын және түрлітүсті суреттерді қолданамын. Сабақ өту барысында балалар шаршаса, эрудит ойынын, шахмат ойнаймыз. Ағылшын тілінде балаларға қызықты, жасына лайық фильмдер көрсетеміз. Әр баланың неге қызығатынын аңғарып алып, соған қарай ойнатамын. Балалармен жұмыс істеудегі басты ұстанымым – ұрыспау, жазаламау. Себебі, жағымсыз әрекет көрген адамының айтқанын бала ешқашан бар санасымен қабылдап, үйренбейді. Ең дұрысы – тілін тауып, үйрету. «Қалауын тапса, қар жанады» дейді ғой, менің ұстаздық ұстанымым – осы, – дейді өз мамандығына берілген мұғалім.
Осы тұста айта кету керек, Мадияр Сейдахметов мүлде ағылшын тілін білмейтін әріптесіне жеке сабақ беріп, екі ай ғана дайындап, нәтижесінде ол магистратураға түсу үшін ағылшын тілінде сынақтан өтіп, оқуға түскен. Бұл нені аңғартады? Оқытушының сабақ беру тәсілінің тиімділігінің жемісін байқатады. Көп кісілер тегін берілетін білімге сенімсіз қарайтын көрінеді, бірақ мемлекет ұсынып отырған мүмкіндікті пайдаланып, білікті маманнан дәріс алу ешқашан ұтылдырмайды. Ал Мадияр бізбен әңгімелесу барысында өз мамандығына берілгендігін және ағылшын тілінде жатық сөйлейтінін, білімділігін байқатты. Тараздықтарға тегін оқып, ағылшынша үйрену мүмкіндігінен қалыс қалмаңыз дегіміз келеді.
Қамар ҚАРАСАЕВА