20 жылда 2000 ерекше бала ем алған
«Жамбыл облыстық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ең алғаш болып 2004 жылы облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ішінен Жамбыл өңіріндегі мүгедек балаларға әлеуметтік қызметтер көрсету мақсатында 40 балаға арналып ашылған болатын. 10 жылдан кейін, яғни 2014 жылы Жамбыл ауданының Аса ауылынан жалпы көлемі 651 шаршыметр болатын орталықтың филиалы 30 балаға арналып ашылды.
Ал облыстағы ең алғашқы әрі ең үлкен болып саналатын аталмыш мекеме 2020 жылы толықтай күрделі жөндеуден өткізілген, сыйымдылығы 68 балаға арналған жаңа ғимаратқа көшеді. Бүгінгі күні мекеме 80 балаға көмек көрсетуде. Тағы 19 бала кезекте тұр. Қазіргі таңда орталықтың әлеуметтік көмек көрсету мүмкіндіктері кеңейіп, қызмет көрсету сапасы әлдеқайда жақсарғанын айта кеткен жөн. Көлемі 2168,70 шаршыметрді алып жатқан ғимараттың аумағында жаңа үлгідегі 5 ойын алаңы қажетті жабдықтармен, спорттық алаңқаймен, жалпы демалуға арналған түрлі атрибуттармен қамтылған. Медициналық бөлмелерден физиотерапия, емдік дене шынықтыру, уқалау, емшара бөлмелері, стерилизациялау, дәрігерлер мен оқшаулау бөлмелері бар. Салтанатты ісшаралар мен ертеңгіліктер өткізетін музыка залы, арнайы еңбекке баулу бөлмесі, ойын, сенсорлық, мантессори бөлмелері және дефектолог, логопед мамандары сабақ өткізетін, ұйықтайтын бөлмелері мен асханалар бар. Барлық бөлмелер заманауи жаңа жиһаздармен, таза төсек-орындармен жабдықталған, санитарлық-гигиеналық заттармен толық қамтамасыз етілген. Балалардың жүріп-тұруына ыңғайластырылған жеделсаты да жұмыс істейді. Сондай-ақ арнайы оңалту жұмыстарына қажетті жабдықтар ортопедиялық столдар, вертикализаторлар, үлкен құрғақ бассейн, «Фаэтон», «Гравистат» секілді арнайы нейротерапиялық костюмдер және физиотерапиялық амплипульс, электрофорез микрополяризация аппараттарымен жабдықталған. «Эскулап-Медтеко» амплипульс, «Поток-1» электрофорез және «Полярис» микрополяризация аппараттары балалардың қимыл-қозғалысын, ақыл-ой, сөйлеу функцияларын жақсартуға немесе қалпына келтіруге, гиперкинезді ұстамаларды тоқтатуға, бас мидың зақымдану ошақтарын азайтуға, қан айналуды жақсартып, ісінудің алдын алады. Қазіргі таңда физиотерапиялық емшараны күніне 12-14 бала қабылдап жатыр. Орталықта білікті дәрігерлер, атап айтар болсақ, жоғары санаттағы невропатологтар, педиатрлар, көп бейінді мамандар қызмет етеді. Сонымен қатар дефектологтар, логопедтер, психологтар, әдіскер, музыка пәнінің мұғалімі, еңбек пәнінің мұғалімі, мәдени ұйымдастырушы, әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, тәрбиешілер, медбикелер, заңгер бар. Мектепке дейінгі жастағы көрсетілетін қызметті алушылар үшін оңалту орталықтарында күндізгі болу 9 сағатты, мектеп жасындағы қызмет алушыларды 4 сағаттан 5 сағатқа дейін құрайды. Көрсетілетін қызметті алушылар тамақпен және 6 рет көлік қызметімен (үйден орталыққа және кері қарай) қамтамасыз етіледі.
Орталықтың барлық ұстаздары мен мамандары жұмыс нәтижелі жүру үшін әр балаға жеке тұлға ретінде қарап, алғаш келген баланың ең бірінші құжаттарымен танысады, 10 күн аралығында дағды деңгейіне, танымдық қызметі мен жас ерекшеліктеріне қарай тексереді. Тексерулер жүргізіліп болған соң, барлық ұстаздар басқа мамандармен бірлесе топтық бағалау жүргізеді және баланың даму деңгейіне байланысты оларды 4 топқа бөледі. Әр топтағы балалардың саны даму деңгейлеріне байланысты 9 баладан, 13-15 балаға дейін болады. Бұл дегеніміз, балаларды кешенді оңалту бойынша жүйелі жұмыстарды ұйымдастыруға өте ыңғайлы. Тексерудің нәтижелеріне қарай, балалардың деңгейлеріне байланысты жеке жұмыстар ескеріліп, жеке дамыту бағдарламасы және күнтізбелік жоспар құрылады. Әрі қарай оңалтутүзету бағытында жеке және топтық жұмыстар жүргізіледі. Жүргізілген жоспардың орындалу барысы және қорытындысы бойынша әр тоқсанның соңында мониторинг толтырылады. Көрсетілетін қызметті алушылармен жеке жоспар бойынша ұзақ уақыт бойы келесі мамандар жұмыс істейді: арнайы білім беру мұғалімі, логопед, музыка және еңбек мұғалімдері, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, психолог, педагог және тағы басқалар. Ұзақ мерзімді оқытудың арқасында қызмет алушыларда ілгерілеушіліктер көрінеді.
Орталық үш қабатты ғимаратта орналасқан. Онда психоневрологиялық патологиясы және тірек-қимыл аппараты бұзылған 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 80 бала келеді. «Жылына 18 жасқа толған 2-3 баламызды шағын қоштасу кешін жасап, шығарып саламыз. Балалар орталықпен қимай қоштасады. Күні кеше 4 жасынан бізге келетін бір баламызды сәттілік тілеп, үлкен өмірге шығарып салдық», – дейді Дана Спандиярқызы. Орталықта 7 топ жұмыс істейді. Мектеп жасына дейінгі қызмет алушылар орталықта 9 сағат, ал мектеп жасындағылар 4 сағаттан 5 сағатқа дейін болады. Орталық балалармен ғана емес, атааналармен де тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Ата-аналар жиналысы, одан басқа да кездесулер ұйымдастырылады. Көбінесе үй жағдайында не істеу керек екенін, қолжетімді жаттығулар, әдістер арқылы көрнекі түрде, ауызша жеке және топтық педагогикалық, психологиялық, дәрігерлік, заңгерлік кеңестер беріп, тренингтер жүргізіледі. Мекемеде мәдени жұмыстар да жақсы жолға қойылған. Мәдени ұйымдастырушы аптасына екі рет қуыршақ театрын жүргізеді. Балалар театрға, кинотеатрға, қаламызға келіп жатқан цирктерге, музейге, көрме залына, мәдени және демалыс саябағына, әткеншектерге ойнауға әр мерекелерде немесе жоспар бойынша барып, демалып, көңіл көтеріп тұрады. Мұндай ісшаралар көбінесе жанашыр демеушілердің қайырымдылық көмегіне жүгіну арқылы іске асырылады. Одан да бөлек барлық мерекелерге балаларды қатыстырып, мәдени танымдық дағдыларын дамыту мақсатында ертеңгіліктер, концерттер, сайыстар, түрлі іс-шаралар өткізіледі. Орталықта 7 түрлі арнаулы әлеуметтік қызметтер: әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтікмедициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтікқұқықтық қызметтер көрсетіледі. Бұл қызметтер әлеуметтік-тұрмыстық қызметтерден бастау алады, яғни ғимаратта кедергісіз кіріп-шығу, тұру толығымен ынғайластырылған, барлық бөлмелер арнайы оңалтуға арналған заманауи құралдар және жиһаздармен қамтылған. Ал ғимараттың аумағында жаңа үлгідегі 5 ойын алаңы мен спорттық алаңқай бар. Әлеуметтік-медициналық қызметтер невропатолог пен педиатр, психиатр, реабилитолог дәрігерлерінің алғашқы медициналық тексерулері және соған сәйкес тағайындаулар жасаудан бастау алады. Ал медбикелер жүйелі түрде баланың тазалығы мен жалпы денсаулық жағдайын қарайды, дәрігерге дейінгі көмек көрсетеді, кеңестер береді. ЕДШ нұсқаушылары тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған емдік жеке жаттығулар мен механотерапия емдік шаралары бойынша топтық жұмыстар ұйымдастырса, уқалаушы медбикелер балаларды невропотолог дәрігердің тағайындауымен уқалауға алады. Уқалау барысында балалар танымды мультфильм тамашалайды, бұл баланың тез бейімделуіне әсерін тигізері сөзсіз. Баланың қимыл-қозғалысын, ақыл-ой, сөйлеу функцияларын жақсарту, гиперкинезді ұстамаларды тоқтату, бас мидың зақымдану ошақтарын азайту, алдын алу мақсатында амплипульс, электрофорез, микрополяризация аппараттары, яғни физиотерапия жұмыс істейді. Бұл процедураларға күніне 12-14 бала қабылданады. Әлеуметтік-психологиялық қызметтерді психологтар көрсетеді және олар тек балалармен ғана емес, ата-аналармен де тығыз байланыста жұмыс істейді, олардың жеке сұраныстары бойынша да психологиялық кеңестер береді. Әсіресе гипербелсенді немесе қорқақ, жасқаншақ балалармен жеке жұмыстар жүргізіп, тренингтер өткізеді. Орталықта әлеуметтік қызметтердің негізгілерінің бірі, бұл – педагогиялық қызметтер, ол қызметті, әрине, педагогтер көрсетеді. Дефектолог мұалімдері арнайы түзету-дамыту жұмыстары барысында Монтессории, Фребель, Нумикон, сенсорлы интеграция сенімді инновациялық әдістемелер арқылы баланың жалпы танымдылық дағдыларын дамытса, логопед мұғалімі логопедиялық уқалаулар және арнайы тәсілдер арқылы баланың жағын жетілдіріп, дыбыстау бұзылыстары мен сөйлеу тілінің кемшіліктерін жою, сондай-ақ жазба тіліндегі бұзылыстарды да түзету бойынша жұмыстар жүргізеді.
Еңбек мұғалімі балаларды қол икемділіктеріне қарай таңдап, қолжетімді еңбек дағдыларына үйретеді. Балалар қажеті жоқ заттарды қайта өңдеп түрлі заттар жасауды, тоқу мен тігудің қарапайым тәсілдеріне, қағазбен, ұсақ моншақтардан бұйымдар, сондай-ақ оңай және жылдам жасалатын тағамдар әзірлеуге үйренеді. Дене шынықтыру-сауықтыру шаралары мен спорттық ойындар, жарыстар және әлеуметтендіруге бағытталған басқа да іс-шараларды дене шынықтыру мұғалімі жүргізеді. Әркез жарысқа қатысқан балалар жарыстың соңында жеңісі үшін грамота, медальдармен марапатталады, бұл сәт балаларды жігерлендіреді, өзіне деген сенімділіктерін арттырады. Орталық балаларының жалпы ән айтып, билегенге қызығушылықтары зор, сондықтан да әлеуметтік-мәдени қызметтер балалар үшін ерекше қызмет. Олар мерекелерде, ертеңгіліктер мен концерттерде ән айтып, би билейді, қуыршақ үйірмесіне де қуана қатысып, кейіпкерлерді сомдайды. Одан басқа да балалар театрға, кинотеатрға, мұражайға, көрмелерге және демалыс саябақтарына барып демалады, көңіл көтереді. Әлеуметтік-құқық және әлеуметтікэкономикалық қызметтерді заңгер атқарады, заңға сәйкес арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсету мәселелері бойынша жан-жақты заңгерлік кеңестер береді, заңдық маңызы бар құжаттарды дайындауға жәрдемдеседі, отбасыларға өзін-өзі қамтамасыз ету, тұрмыс жағдайын жақсарту, тиесілі жеңілдіктер мен өтемақыларды алуға кеңестер береді.
Міне, 20 жылдан аса уақыт ішінде 2000- нан астам балаға және олардың отбасына көмек көрсетілді, үздіксіз кешенді жұмыстар жүргізудің барысында көп балалардың қимыл қозғалыстары мен жан-жақты өзіне қызмет ету дағдылары, жалпы танымдылық дағдылары түзеліп, қоғамға кіріктірілді, әлеуметтеніп, өздігінен өмір сүруге бейімделді.
Мысалы, соңғы үш жылда 14 бала еңбектесе, 13 бала өздігінен отырды, 12 бала тіреуіш арқылы жүрді, жүре алмай келген 12 бала өздігімен жүріп үйренді, сөйлей алмайтын баланың 28-і сөйледі, өз-өзіне қызмет ету дағдыларына үйренген бала саны 82 болса, 20 баланың гигиеналық дағдылары дамыды, 2 бала жалпы мектепке ауысты, яғни оң өзгерістер баршылық. Мекеме қызметіне дән риза жанның бірі – церебралды сал ауруының ауыр түрімен туылған Айзеренің анасы: «Бұл орталыққа менің қызым 2,5 жасынан келеді. Басында өзі жүрмейтін, отыра алмайтын балаға қызметкерлер қалай қарайды екен деген қорқыныш болды. Бірақ орталықтың жұмысымен танысқаннан кейін күмәнім бірден сейілді. Қазір қызым 11-ге келді. Орталықтың басшысына, мамандарына өте ризамыз. Қызым орталыққа қуанып, сағынып келеді. Ерекше баламен жұмыс жасау үлкен шыдамдылық пен қажырлықты қажет етеді. Осы жағынан орталықтың қай маманын алсам да, әр балаға мейіріммен қарап, сабырмен үйретіп, жанашырлық танытып жатады. Қолаяғын игере алмайтын балаларға тамағын беріп, керек болса көтеріп те жатады. Қызым осы жердегі мамандардың еңбегінің арқасында ортаға бейімделіп, қолына қалам ұстап, сурет салуды, пульт пен планшетпен жұмыс істеуді үйренді. Бұл ерекше бала үшін үлкен жеңіспен пара-пар. Жалпы мұндай орталықтардың болуы – мүгедектігі бар бала бағып отырған атааналарға үлкен көмек», – деп ағынан жарылды. Орталықтың мамандары балалармен жұмысты түрлендіріп, жаңа әдістемелер іздеп, жүйелілікті арттыру мақсатында әрқашан біліктіліктерін көтереді. Атап айтатын болсақ, Астана қаласындағы республикалық оңалту орталығында, Алматы қаласындағы ұлттық түзету педагогика және психология институтында, ал онлайн форматта «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды жалпы білім беретін ортада оқыту» тақырыбында үш айлық курсын оқыды. Шымкент қаласындағы ағылшын әдістемелермен емдеу дене шынықтыру нұсқаушыларында курстар мен көптеген оқу семинарларына қатысты. Орталықта да жиі семинарлар ұйымдастырылады, медициналық-психологиялық-педагогикалық кеңестер мен ашық сабақтар, түзету жұмыстары жүргізіледі. Мамандар ғана емес, орталықтың директоры Марал Мухаметсафақызы да жиі біліктілігін көтереді, оның айғағы Израильде «Ерекше балалармен жұмыс жүргізу» тақырыбында, Астана қаласында «Ясный язык» тақырыбында америкалық мамандармен тәжірибе алмасып қайтса, Алматы қаласында Мәскеудің психоанализ институтының профессоры Н.Мазурованың «Нарушения развития: диагностика, прогнозы, эффективное направление коррекции» тақырыбында Алматы қаласында өткізілген үлкен семинарға қатысып, тәжірибе жинап, мамандармен бөлісті.
Барлық қиындықтарына қарамастан, ерекше балалармен жұмыс істеу – рухани байлық сыйлайтын іс. Олардың кішкентай жетістіктері – үлкен жеңіс. Бір әріпті дұрыс айтуы, бір қадамды өз бетінше жасауы немесе жаңа дағдыны меңгеруі – мұғалім мен ата-ананың ортақ қуанышы. Сондықтан қоғам ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандарды қолдауы, оларға жағдай жасауы қажет. Бұл тек бір маманның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өйткені әр бала – өмірдің бірегей сыйы, ал оларды түсініп, қолдау – адамгершіліктің ең биік көрінісі.
Арна ЖҰМАТАЙ