Әр оқыс оқиға – өмірлік сабақ
Тек білім мен ғылымда, өнер мен саясатта ғана емес, күштік құрылымдарда, соның ішінде төтенше жағдайларда қызмет етіп жүрген қызкеліншектер көп. Облыстағы төтенше жағдайлар саласында диспетчерлік, психологиялық, кадрлық қызметте қыздардың үлесі басым. Олардың жұмысы адам өмірін сақтауда үлкен рөл атқарады.
Күнделікті өмірде «112» нөмірінен келетін ескертулерге қаншалықты назар аударамыз? Қиындыққа тап болған жағдайда қайда хабарласып, кімнен көмек сұрауға болатынын білеміз бе? Мұндай жағдайда ойымызға бірден жақындарымыз, достарымыз бен туыстарымыз ғана түседі. Төтенше жағдай туындағанда телефон тұтқасында кімдер жауап береді? Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер тобында қыздар не істеп жүр? Олар не атқарады?
ОН БЕС ЖЫЛ ҚОҢЫРАУЛАРҒА ЖАУАП БЕРГЕН
Ең қымбат құндылық – ол адамның өмірі. Қауіп төнгенде, ел басына күн туғанда етігімен су кешпесе де, нәзік қолдарымен оқыс жағдайды дәптерге тіркеп, телефонға жауап беріп, құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге бағыт-бағдар беретін қызмет бар. Ол – диспетчер. Мадина Қуатбекова өрт сөндіру саласында 15 жылдан бері диспетчерлік қызмет етіп келе жатыр. Диспетчер келіп түскен қоңырауға жауап беріп, төтенше жағдайды тіркейтін маман. Телефонның шыр еткені – Тараздың бір жерінде төтенше жағдай болғаны деген сөз. Яғни телефонға қоңырау түскені – біреуге көмек қажет болғаны. Тұрғындар соққан қоңырау алдымен кезектідиспетчерлік бөлімдегі операторларға түседі. Олар мән-жайды анықтаған соң құтқарушыларға хабар береді. Мадина да тура осылай етеді. Екі күн күндіз, екі тәулік түнгі ауысыммен жұмыс істейді. Бір қызығы, Мадинаның жолдасы Жеңіс Қайнарбаев та осы өрт сөндіру саласында істейді. Жолдасы Жеңіс Қайратұлы төтенше жағдайлар департаментінде жоспарлау және жедел басқару орт а лығының бастығы. Анасы Роза Манбайқызы да осы салада. Аға сержант Мадина Ержанқызы жұбайы екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. – Міндетім «101», «112»-ге түскен қоңырауға жауап беріп, өрт не оқыс оқиға орын алған жағдайда көмекке өрт сөндірушілерді жібереміз. Әрине, бізге ешкім тегіннен тегін хабарласпайды. Кейде балалар «112» немесе «109» сияқты нөмірлерге себепсізден-себепсіз, ойнап қоңырау шалады. Бұл жерде адам өмірі үшін жауап беретін қызметкерлер отырады. Олар үшін әрбір қоңырау, әрбір адамның өмірі маңызды. Сондықтан байқамай қоңырау басылып кеткен жағдайда жауапкершіліктен қашпай, бәрі дұрыс екенін, қоңырау түймесі абайсызда басылып кеткенін айтып ескертуді ұмытпаңыздар, – дейді ол.
ЖҰМЫСТА СЕН ЖАССЫҢ, ӘЙЕЛСІҢ, ЕРСІҢ ДЕП БӨЛІНБЕЙДІ
Құтқарушы ер-азаматтармен бір деңгейде иық тірестіре жұмыс істеп жүрген қыздардың бірі – Нәзира Акилова. Жедел құтқару жасағының бас құтқарушы психологы Нәзираның есімі әріптестері арасында үлкен құрметке ие. Құтқарушы психолог – қарапайым психолог дегенге қарағанда әлдеқайда салмақтырақ естіледі. Расымен де бұл мамандықтың өзіне артқан жүгі біз ойлағаннан да ауыр екен. Жедел құтқару жасағында жұмыс істейтін құтқарушы психологтың бір күні екінші күніне ұқсамайды. Өйткені қалада күнде бір-біріне мүлде ұқсамайтын оқиғалар болып жатады.
– Психолог болу оңай жұмыс емес. Өйткені ол ең бірінші алдындағы адамның ішкі жан дүниесіне үңіле білуі, оны түсіне білуі тиіс. Сондайақ сенімді байланыс орнатып, сол сәттегі жағдайымен еркін бөлісе алатындай дәрежеге жеткізуі қажет. Ал құтқарушы психологтың жауапкершілігі, тіпті үлкен. Бұл жерде тікелей адам өмірі сол құтқарушы психологпен жіті байланысты. Жалпы, құтқарушы сөзінің мағынасы тереңде жатыр, – деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.
– Жұмысым мені күн сайын шыңдап, шынықтырып келеді. Алғаш жұмысқа келгенде көңілшек, барлық нәрсені жүрегіммен қабылдайтын едім. Қазір психологиялық тұрғыда едәуір есейдім. Жұмыста сен жассың, әйелсің, ерсің деп бөлінбейді. Бұл жерде сен қатардағы қызметкерсің. Сондықтан өзіңе қойылған талапты орындап, тәртіпке бағынасың. Күн сайын түрлі қоңыраулар болады. Есіктің іштен құлыпталып қалуы, өрт оқиғасы, жол-көлік оқиғасы, табиғат апаты секілді жағдайларда міндетті түрде құтқарушылармен қатар, құтқарушы психологтар бірге жүреді. Алдымен зардап шеккен адамға психологиялық тұрғыда көмек көрсетеміз. Төтенше жағдайға тап болған адам қобалжып, құтқарушылардың жұмысына да кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан біз ол адамдармен психологиялық тұрғыда сөйлесіп, сабырға шақырамыз, – деген Нәзира әр оқиғадан өміріне үлкен сабақ алатынын да айтты.
Азаматтық қорғау подполковнигі, психолог Нәзира Абдрасылқызы – облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі психологиялық тобының бас маман-психологы, Азаматтық қорғау органдарында 2008 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істейді. 2021 жылғы 26 тамызда Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыс кезінде ол өзінің жоғары кәсібилігін көрсетті. Өйткені ол қайғылы оқиға туралы қаза тапқан өрт сөндірушілердің туыстары мен жақындарына хабарлауға мәжбүр болды. Ол барлық отбасыларға психологиялық көмек көрсетіп, қолдау білдірді. Нәзира Абдрасылқызы әрдайым орын алған оқиғалар, күрделі өрттер кезінде өзінің кәсіби борышын орындайды. 2021 жылы Төтенше жағдай министрінің «Төтенше жағдайға белсене қатысқаны үшін» төсбелгісімен марапатталды. Қызметінде үздік маманның бірі ретінде танылған Нәзира отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Жолдасы Азамат екеуі 3 ұлды тәрбиелеп отыр. Күн-түн демей адамдардың амандығы жолында еңбек етіп жүрген осы бір нәзік қана келіншектің бойында қаншама күш-қуат, ынта, жігер жатқанын байқадық.
БІЛІКТІ КАДР – ҚАШАНДА ҚАДІРЛІ
Ал Мадина Гарифова өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің кадр және тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы. Азаматтық қорғау майоры. Өрт сөндіру қызметі саласында он жылға жуық қызмет етіп келеді. Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында дүниеге келген ол қасиетті Толағай тауының етегінде бой жетіпті. Бастапқыда радиобайланысшы болып жұмысын бастаған ол бүгінде өзінің адал еңбегімен, қайсарлығымен кадр бөлімінің басшылығы лауазымына көтеріліп отыр.
– Мемлекеттік қызмет жүйесінде кадр қызметі – персоналмен жұмысты ұйымдастыруға жауапты дербес құрылымдық бөлімше. Кадр қызметінің басты міндеті корпоративтік мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік органда қолайлы әлеуметтікпсихологиялық еңбек ахуалын дамыту болып табылады. Жұмысым құжаттармен байланысты. Құжатсыз жұмыс орындалмаған болып саналады. Штаб – полицияның жүрегі, мен үшін бұл екінші үй. Ал қызмет – менің өмірім. Мұнда қызметке кіргеннен кейін бүкіл бөлім үшін қаншалықты маңызды қызметпен айналысатыныңызды түсіне бастайсыз. Жеделдіктен, зейінділіктен, табандылықтан басқа, штабта жұмыс істеу адамнан аналитикалық ақылойды, логикалық ойлау қабілетін және сауатты шешімдер қабылдауды талап етеді. Қазіргі өмірдің шындықтары жаңа ережелерді белгілейді. Бірақ 27 жылдық қызмет барысында мен таңдаған жолыма ешқашан өкінбедім, мемлекет бізге қандай міндеттер қойса да, біз оны міндетті түрде істей аламыз. Тараз мені жылы қабылдады. Адамдары жақсы. Орыс тілді болып келген едім. Қазір салт-дәстүрді, әдет-ғұрыптарымызды үйреніп, ана тілімізде сайрап тұрмын, – дейді өзіне сенімді Мадина Гарифқызы. Мадина өз ісіне берілген жан. Бос уақытында иогамен айналысып, өзіне уақыт бөледі. Басты ұстанымы – антына адалдық.
Өрт сөндіру умекемесіндегі мамандардың басты миссиясы – өртті сөндіру ғана емес, оның алдын алу. Халықпен профилактикалық жұмыс жүргізу барысында кадрдың да, психологтың да, диспетчердің де ісі ерен.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА