Қоғам

Базардағы бассыздық қашан бақылауға алынады?

Күнделікті күйкі өмір, күйбең қарекет, таты тірлік... Айта берсек, көңілге қаяу түсірер дүниелер көп. Зейнетке шыққаннан кейін қарап отырмай балаларыма көмектесуді ойлап жалға азық-түлік дүкенін алып, 12 жыл жұмыс істедім. Ол кезде санитарлықэпидемиологиялық станциядан адамдар келіп, әрбір үш айда тексеріп тұратын. Қазір солар қайда? Нанның көлемі, салмағы, сапасы сын көтермейді. Мемлекеттік стандарттағы айлықпен жұмыс істейтін мамандар 8 сағат кеңседе отырып, үйге қайту үшін жұмыс орнын ұстап отыр ма?

Бұрын нанның салмағы 1 бөлке 680-700 грамды құрайтын. 2008 жылы жергілікті телеарнадан тілшілер келіп, «неге 2 теңгеге қымбат сатып жатырсыз?» деді. Мен нан тасушыларды шақырып, бағаға еш қатысым жоқ екенін дәлелдеп бердім. Өйткені жеке кәсіпкерлер мен нан зауыты, цехтар бағаны өздері қоятын. Сатушы 2 теңге қосып сатуға қақылы. Ал қазір әрбір сатушы қалаған бағасын қойып, тандыр нанның бағасын апта сайын өсіреді. Екі апта бұрын «Ауыл Береке» базарына барып, 170 теңге тұратын үлкен тандыр нанды алайын десем, 180 теңге дейді. Күні кеше сол жерге барып, нан алсам, бағасы 200 теңге болып кетіпті. Бұл не бассыздық? Базар басшылары мен оған жауапты адамдар қайда қарап отыр? Қарапайым баға реттеу бөлімі де жоқ па? Сондай бөлімдегілер прейскурант жазып, жауапты адамның телефон нөмірі мен аты-жөнін көрсетіп, сатушылар сүйретіп жүрген қоларбаларға іліп қойса, бұлай еркінсімес еді.

Қазір «әй дер әже, қой дер қожа» жоқ. Ойларына келгенді істеп, шектен шығып жатыр. Базар қызметкерлерінің бар білері салық жинау, орынға ақы сұрау, басқада жұмыстары жоқ. «Ұн қымбаттады ма, неге қымбаттатасыңдар?» деген сұраққа «бәрі де солай сатып жатыр» деген жауап алдық. Сонда бұл базарда әркім қалаған бағасын қойып, ойына келгенін істеуге құқылы ма?

Базардағы таксилер тұрағы да қараусыз қалған. Кез келген жерден бұрылып, автобус аялдамаларынан жүк тиеп, адам жинап, автобус тоқтайтын орынды иемденіп алған. Автобустар өз орны емес, базардан асып, бос жер іздеп өте береді. Онсыз да не отырғышы, не көлеңкесі жоқ аялдамада еш қолы бос емес адамдар автобусты артынан қуып жүргендері жасырын емес. Бірде-бір жол полициясы қызметкерлерін көрмейсіз. Олар да көлеңкеден күнге шыққылары келмейтін сияқты. Таксиге арнаулы тұратын жер бөлінсе, базар басында тәртіп орнар еді. Керек адам сол такси аялдамасына барар еді.

Базар тек ақша жиюға бағытталған сауда орны дедік. Алушыларға еш жағдай жоқ. Самса, бәліш, тағы басқаларының бағасы айқайлап тұр. 300-350-ден кем баға көрмейсіз. Ішін ашып көрсеңіз, 5 грамм ет пен пияз. Жүгенсіздіктің де шегі болуы керек қой. Оған бірден-бір тойтарысты базар әкімдігі беруі керек. Әркім өз жұмысына шын назар аударып, адал атқарса, қалыпқа келмейтін іс жоқ.

Бақыт КӨПБАЕВА,

зейнеткер.

Тараз қаласы