Отан қорғау – қастерлі міндет
Бүгінгі қоғамда 18 жасқа толған жастардың әскерге барып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуі тұрғысындағы әңгімеде елдің пікірі екіге жарылған. Елдегілердің бір парасы әскер ер адамды шыңдайтын, шынықтыратын, пайдалы орта десе, енді бір парасы әскерде әлімжеттік көп, соның салдары жас сарбаздардың денсаулығына зиянын тигізеді дейді.
Әрине, мұндайда ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың. Бір анығы сол, Отан алдындағы азаматтық борышын әскерде өтеу ер азаматтардың бәріне бірдей парыз.
Әскер туралы әртүрлі қаңқу сөздерді естіп, соның кесірінен өз борышын өтеуден қашып, әскери комиссариатқа бармай жүрген жас жігіттер қаншама. Сондай жігіттерге үлгі болсын деп біз бүгін оқырмандарымызға Арсен Шахан есімді сарбазды таныстырғалы отырмыз. Арсен де кезінде өз ортасында «әскер жаман» деген сөзді көп естіп өскен жігіт. Алайда уақыт өте келе әлгіндей көзқарасын әке-шешесінің жетесіне жеткізіп айтқан ақылкеңестерінен соң өзгерткен. Бұл жөнінде оның өзі былай дейді: «Мұнда келмей тұрып әскер туралы жаман сөзді көп естідім. Барғым келмеді. Сөйтіп жүргенімде әке-шешем ортаға алып, «әскерге барсаң, саған ештеңе де болмайды, қайта ысылып, нағыз ер азамат болып ораласың» деп жігерлендірді. Содан соң тез арада құжаттарымды әзірлеп, әскери комиссариатқа өз еркіммен барып, әскерге кеттім. Қазір №289 әскери бөлімде азаматтық борышымды абыроймен өтеп жүрмін. Маған дер кезінде пайдалы ақыл-кеңестерін айтқан ата-анама рақмет. Олар қазір Тараз қаласының №13 шағынауданында тұрады. Шешемнің аталған шағынауданда өзінің дәмханасы бар. Ал әкем Алматы қаласында «Камаз» жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеп жүр. Мен мұнда келген соң тәртіптің не екенін жақсы түсіндім. Нақты уақытта әскери бөлімде өз мамандығым бойынша кабельдерді шашып, жинастыруды меңгеріп, онымен қалай жұмыс істеуді үйрену үстіндемін. Алғашқыда ерте тұруға үйренісе алмай жүрдім. Қазір бәріне де үйрендім. Әскерге дейін Айша бибі шипажайында емдік балшық арқылы ем ұсыну ісі бойынша жұмыс істедім. Негізгі мамандығым – маркетолог. Орта арнаулы оқу орнын бітіргенмін. Борышымды өтегеннен соң Алматы қаласына барып, өз мамандығым бойынша жұмысқа орналаспақ ойдамын. Оқуымды жалғастыратын әзірге ниетім жоқ».
Мінеки, жақсы ойдың жетелеуімен өз еркімен әскери комиссариатқа келіп, ерікті түрде жауынгер болуға бел буған бір жігіттің өмірбаянымен таныстыңыздар. Кезінде біздің әкелеріміз әскерде 3 жыл қызмет атқарған. Солардың ізін басқан біздер кешегі күні әскерге 2 жылымызды арнадық. Бүгінгі жастар тек бір жыл ғана қызмет етуде. Уақыт бір орнында тұрмайды. Алға жылжиды. Қоғамдық қатынастар өзгереді. Жаңа ұстанымдар пайда болады. Бірақ ер азаматтар үшін «Отан алдындағы борышты абыроймен өтеу қажет» деген құндылық ешқашанда өзгермейді.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ