Әулиеаталық прозашылардың жинағы жарық көрді
Жыл басында Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығынан «Шер» прозашылар клубы құрылған болатын. Облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы» мекемесінің қолдауымен прозашылар клубының алғашқы жинағы жарық көрді. Жинақты құрастырушы осы орталықтың «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамарова. Жаңа жинақтың таныстырылымын Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы ұйымдастырып, оқырмандарына жол ашты.
– Жыл басын облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасымен ашқан болатынбыз. Сол күннен бері өңірімізде әдебиет пен өнерді қолдауға бағытталған талай игі іс-шара жүзеге асты. Бүгінгі жамбылдық қаламгерлердің тұңғыш жинағының жарық көруі – сол бастаманың жарқын жемісі. Әулиеата – ежелден сөз өнерін қастерлеген, жыр алыбы Жамбылдай көптеген ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті топырақ. Сондықтан осындай әдеби қадамдар жалғасын тауып, өңірімізден жаңа есімдер мен жаңа туындылардың әлі де шығарына сенемін. Қаламдарыңыз ұштала берсін, шабыттарыңыз с арқылмасын, – деді облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай жамбылдық қаламгерлерге шабыт тілеп.
Прозашыларға көптен бері мұндай қолдау болмағанын айтқан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі, облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман прозалық жинақтың жарық көргенін құтқа балады.
– Шығармашылық байқау қаламгерді шыңдайтыны рас. Әдетте мүшайралар, ақындар айтысы ұйымдастырылып келді, алайда прозалық байқаулар өте сирек өтетін. Бұл туралы айтылып та келді. Міне, бүгін прозалық жинақтың жарыққа шыққанына бәріміз қуанып отырмыз. Қазақ әдебиетінде бұған дейін кеңестік өкімет, соғыс, одан соң Тәуелсіздік тақырыптары алға шықты. Бүгінгі қоғамда туындыға тақырып болар кейіпкер де, көрініс те көп. Тек соны көркем сөзбен суреттеп беру, сыртқы бейнесін ғана емес, ішкі болмысын ашып көрсету – жазушылардың жауапкершілігі. Кейінгі толқын қаламгерлерге әдебиет алдындағы осы жауапкершілікке адал болуын тілеймін. Әдебиет дегеннің өзі – адам, ішкі жан дүниесі, күйзелісі мен қуанышы, міне осының бәрін көркем шығармада дәл жеткізіп беру қаламгердің шеберлігінен. Қазір Мемлекет басшысынан бастап кітап оқуға көңіл бөлініп отыр. Өздеріңіз білесіздер, өткенде оқырмандардың таңдауымен 100 кітаптың тізімі жарияланды. Осының бәрі де қоғамда әдебиетке деген сұраныстың жоғары екенін аңғартады. Жеке жинаққа қарағанда ұжымдық жинақ құптарлық дүние. Енді бұл жинақты оқыған оқырман одан нендей әсер алды, қандай ой түйді, пікірін білдіріп отырса, қаламгерлеріміздің шыңдала түсуіне үлкен септігі тиер еді. «Шер» прозашылар клубының жұмысы жандана берсін, қазақтың прозасы өрлесін! – деді Хамит Есаман. Облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, ардагер журналист Болат Жаппаров, сатирик Бақытжан Советұлы, филология ғылымдарының кандидаты, ұстаз Сейсекүл Исматова жүрекжарды лебіздерін білдіріп, жаңа жинақтың оқырманы көп болуын тіледі.
Жаңа жинақтың 8 авторының бірі, Жамбыл өңірінің тумасы, бүгінде Алматы қаласында қызмет етіп жүрген Айжамал Жолдасқызы өзінің «Ауылым» өлеңімен туған жерге деген сағынышын жеткізсе, прозашылар клубының мүшесі Ерлан Нұрланов белгілі жазушы Елен Әлімжанның «Анажар» романын мәнерлеп жатқа оқыды. Тағы бір автор Құралай Сейсенбекқызының анасы Ұлтуар Бекбауова қуанышты жаңалыққа орай әннен шашу шашты.
Қамар ҚАРАСАЕВА