Жаңалықтар

Конституция күні: Ата Заңның қоғам өміріндегі орны

Конституция күні – елдің тәуелсіздігі мен тұрақтылығының басты кепілі болып саналатын аса маңызды мемлекеттік мереке. Бұл күн – 30 тамызда аталып өтеді және 1995 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата Заңымыздың құрметіне арналды. Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық жүйесінің іргетасы, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын негізгі құжат.

Қазақстан өзінің егемендігін жариялағаннан кейін құқықтық, демократиялық мемлекет құру жолында алғашқы және маңызды қадамдардың бірі жаңа Конституция қабылдау болды. 1995 жылғы Конституция – халықтың еркін білдіретін, елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйесін нақтылайтын құжат. Ол – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуына жол ашты.

Ата Заң – әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын айқындайтын, оларды қорғауға кепілдік беретін құжат. Онда адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – ең қымбат қазына деп нақты көрсетілген. Бұл – еліміздің адам құқығы мен заң үстемдігін басты құндылық ретінде мойындайтынын білдіреді.

Сонымен қатар, Конституция мемлекеттік биліктің құрылымын, оның тармақтарға бөліну принципін, олардың өзара іс-қимылы мен тежемелік-баланстық жүйесін анықтайды. Осы арқылы билік жүйесінің тиімді және тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалған.

Бүгінде Қазақстан Конституциясының арқасында түрлі ұлт өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Ол еліміздің ішкі тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына құқықтық негіз болып келеді. Мемлекеттің барлық заңдары мен нормативтік актілері Конституцияға сәйкес қабылдануы – оның құқықтық үстемдігін көрсетеді.

Конституция күні – бұл тек мемлекеттік мереке ғана емес, әрбір қазақстандықтың өз елінің азаматы ретінде мақтаныш сезімін ұялататын күн. Ата Заң – біздің бірлігіміздің, тәуелсіздігіміздің, болашағымыздың кепілі. Сондықтан әр азамат Конституцияны құрметтеп, оның нормаларын сақтауға міндетті. Ата Заңға адалдық – елге деген адалдықтың көрінісі.

Ұлбала Рахманбекова,

Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының жетекші маманы