Денсаулық

Дәрігерге құрмет болмаса, сенім де болмайды

Бүгінгідей қым-қуыт заманда алаңдайтын мәселе аз емес. Уақыт көші алға жылжыған сайын біраз дүние өзгерістерге ұшырауда. Балаларымызға білім беріп, олардың тәрбиесіне өз үлестерін қосып жүрген ұстаз бен басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда денсаулығымызды қорғайтын медицина қызметкеріне деген құрмет, оларды сыйлау ежелден бар еді. Дәрігер – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін мамандық.

Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыст ары да ауқымды. Көп жылдар сыйласқан ақтөбелік әріптесім, академик, марқұм Намаз Ізімбергеновтың «Дәрігерлік – сананы сарғайтатын азабы да, жаныңды жадыратар ғажабы да мол ұлы мамандық» деген сөзі жиі есіме түседі. Шынында солай. Қазір сол дәрігерлерге деген көзқарас тым өзгеріп бара жатқанын көріп жүрміз.

Адамдарда мейірім азайып, қоғам қатыгезденіп барады. Оны алыстан іздемей-ақ күнделікті сампылдап тұрған көк жәшік – теледидарды қосып қалсаңыз, сан түрлі зорлық-зомбылыққа куә боласыз. Соның ішінде медицина қызметкерлеріне қол көтеру фактілері де ұшыраса бастады. Тіпті кемелденген елдер қатарында жүрген АҚШ пен Ұлыбританияда жылына 100-ден астам медицина қызметкерлері физикалық агрессияға ұшырайды екен.

Біздің ел де олардан қалыспай келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бастап, атап айтқанда 5,5 жыл ішінде Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге және медициналық мекемелердің басқа да қызметкерлеріне қатысты 170-тен астам қылмыс жасалған, бұл жылына орта есеппен 30-дан астам жағдайды құрайды.

Биыл бұл көрсеткіш едәуір өскен. Бұл сандардың артында шыбын жанын шүберекке түйіп, күн демей, түн демей адамның өмірін сырқаттардан арашалауға тырысып жүрген ақ желеңді жандардың тағдыры, кейде тіпті өмірі жатыр. Сөзімізді дәлелдеу үшін соңғы уақытта болған бірнеше оқиғаларды еске алайықшы. Қостанай облыстық ауруханасында кезек күткісі келмеген науқас агрессияға жол беріп кезекші хирургты соққыға жығып, есінен тандырып тастаған.

Дәрігердің миы шайқатылып, ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түсті. Ертеңіне басынан қатты соққы алған дәрігердің жағдайы ауыр болғандықтан республикалық санитарлық авиация көмегімен елордадағы нейрохирургия орталығына жеткізіліп, күрделі ота жасалған. Екінші қатыгездік оқиға таяуда Қарағанды қаласында орын алды.

Әйелімен бірге жеке клиникаға келген 42 жастағы азамат сол жерде жұмыс істейтін мейірбикеге бейнебақылау камерасының алдында шабуыл жасап, кабинет есігін қиратып, таяқтап, тепкілеп, шашын жұлып, дене жарақатын салған. Жәбірленуші медбикенің миы шайқалып, саусағы сынған. Күдікті психикалық аурумен ауырады делініп, психоневрологиялық орталыққа жатқызылыпты. Қарағанды облысында екі медицина қызметкеріне шабуыл жасады деген күдікті ұсталды. Оқиға 12 маусымда облыстық балалар ауруханасында болды.

Полицияның мәліметінше, облыстың 38 жастағы тұрғыны өзімен сөзге келіп, дауласып қалған дәрігерлерге шабуыл жасап, оларды соққан.

 Министр бейбіт уақытта дәрігерлерге өз жұмыс орнында қауіп төнуі ақылға қонбайтын, мүлде жол беруге болмайтын жағдай екенін баса айтты.

Қоғамдағы болып жатқан істерге бейжай қарамайтын белгілі дәрігер жерлесіміз, ел Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова:

Ал Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те мұндай әрекеттерді полиция қызметкерлеріне шабуылмен теңестіріп, жазаны күшейту қажет екенін атап өтті.

Дәрігерлердің қауіпсіздігі қоғамда қызу талқылана баст аған соң Денсаулық сақтау министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, медицина мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тұжырымдама әзірлеуде. Құжат медицина мекемелерінің қызмет көрсету деңгейіне және науқастар ағынына қарай қауіпсіздік талаптарын жүйелеуді көздейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдату мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізу туралы Парламент депутаттарының, денсаулық сақтау саласы өкілдерінің және белсенді азаматтардың ұсынысын қолдайтынын мәлімдеді.

Дәрігерлердің денсаулығына нұқсан келтіріп, өміріне қауіп төндіретін мұндай келеңсіздіктерге «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес құқықтық тұрғыда батыл түрде тосқауыл қойылуы керек. Мемлекет басшысы Үкіметке тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды. Бұл бастама Парламентте азаматтық қоғам өкілдерімен бірге талқыланады.

Уақыт оздырмай Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлерін қорғауды күшейту және денсаулық сақтау мекемелеріндегі қауіпсіздікті арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы туралы жиын өткізді. Д енс аулық с ақт ау министрі хабарлағандай, дәрігерлерге жасалған шабуылдарды құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жеке басына қауіп төндіру әрекетімен теңестіру, сондай-ақ медиктерге смарт-бейнежетондар беру, ауруханаларда кешенді күзет жүйелерін енгізу және қабылдау бөлімшелерінде тәулік бойғы полиция бекеттерін орналастыруды көздейтін бірқатар заңнамалық түзетулерді дайындау басталған.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, соңғы жылдары дәрігерлер мен медбикелерге қатысты 170-тен астам шабуыл фактісі тіркелген. Олжас Бектенов медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.

Үкіметтегі баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина қызметкерлеріне қарсы жасалатын зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қандай жаза қарастырылатынын айтты.

Министрдің мәліметінше, Қылмыстық кодекске арнайы жаңа бап (158-1- бап) енгізу жоспарланып отыр. Бұл бап дәрігерлер мен медицина саласы қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын күшейтуді көздейді. Жаңа тәртіп бойынша:

– бір медицина қызметкеріне күш көрсету немесе қорқыту әрекеттері үшін – 2 жылдан 7 жылға дейін;

– төтенше жағдай кезінде жасалса – 10 жылға дейін;

– бірнеше дәрігерге қарсы жасалса – 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Бұл – біздің медицина қызметкерлерін қорғауға арналған барынша ақылға қонымды шаралар. Көрсетілген ұсыныстар қыркүйекте Парламентке ұсынылады деп жоспарлануда. Ішкі істер министрінің мәліметінше, ауруханалар мен перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойғы полиция бекеттері қойылған. Барлығы 115 денсаулық сақтау нысаны қорғауға алынды.

Кикілжіңдерге жедел ден қою мақсатында маршруттық патрульдер көрсетілген мекемелерге жақын орналастырылды. Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жекелеген шаралар қабылданылуда.

Бұл өмірде адамның бірінші байлығы денсаулық екені сөзсіз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, денсаулық саласы мамандарының көмегіне жүгініп, жанымызға сая іздеп жатамыз. Халқымыздың денсаулығын сақтау үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген барша абзал жандардың еңбегіне тиісті баға берген ләзім. Өмір болған соң денсаулыққа байланысты неше түрлі жайсыз жағдайлар, оқыс оқиғалар болуы әбден мүмкін.

Мұндай кездерде көмекке алдымен біз, дәрігерлер, келеміз. Сырқат жанға жәрдеміңді тигізіп, оның сауығып кетуін алдыңғы кезекте міндет етіп қойғаныңнан кейін, бәрін де үлкен жауапкершілікпен әрі сапалы атқаруың керек. Өйткені осындай сәттерде дәрігерге айрықша сенім, үлкен үміт артылады. Халықтың денсаулығы мен жарқын болашағы үшін еңбекте медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі орасан.

Дәрігердің миссиясы – адам бойына жабысқан сан түрлі дертті емдеп, денсаулығын жақсартып, оның өмірін ұзартуға өз үлесін қосу. Олар ол қызметке үлкен жауапкершілікпен қарайды. Талмай ізденеді, білімін көтереді, әр оқиғаны сараптап, зерделеп, бәрін ой таразысынан өткізіп барып тиісті емдеу жолын тағайындайды. Ол, ойлап отырсақ, жеңіл қызмет емес. Оған қол көтеру – тек бір тұлғаға емес, тұтас жүйеге, қоғамға, ұлт болашағына қарсы жасалған қастандық деп ұққанымыз жөн. Мұндай орынсыз теріс әрекеттерге заң жүзінде қатаң тосқауыл қойылуы керек. Егер біз дәрігерлерді агрессиядан қорғай алсақ, өзімізді де қорғаймыз.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ

дәрігер-хирург, медицина профессоры,

Денсаулық сақтау ісінің үздігі.

Тараз қаласы