Білім

Адамзат дамуының іргетасы – білім мен тәрбие

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында: «Қазір – білім мен ғылымның заманы. Жаһандану дәуірінде озық білімді игерген, жаңа технологияны меңгерген елдің ұпайы түгел болады. Бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз. Сондықтан осы саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді», – деді

Осы ретте өңіріміздің білім беру жүйесінде жаңа серпін алған сапалы өзгерістер жүзеге асып жатқандығын айта кеткен жөн. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубековтың сөзіне сүйенсек, бүгінде облыста 11 білім бөлімі, 1291 мекеме жұмыс істейді. Оның 621-і мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, 523-і орта білім беру ұйымдары, 42-сі колледж, 79 қосымша білім беру ұйымдары, 26 ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мекемелер болса, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы мен жасөспірімдер үйі бар. Жалпы 338 мыңнан аса бала мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік біліммен қамтылып, 40 мыңға жуық педагог қызмет етуде. Облысымызда білім беру саласына бюджеттен 2024 жылы 315,6 миллиард теңге бөлінсе, биылғы жылы 344,3 миллиард теңге бөлініп отыр, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға жоғары.

БІЛІМ БЕРУ БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛАДЫ

Балабақша – тәрбие мен білімнің ең алғашқы баспалдағы іспетті. Облыста 621 мектепке дейінгі ұйымдарында 63 мыңнан аса бала тәрбиеленуде. 2024 жылдың шілде айынан бастап облыста мектепке дейінгі ұйымдарға дербестендірілген қаржыландыру жүйесінің пилоттық жобасы жүргізіліп, мектепке дейінгі ұйымдар ваучерлік қаржыландыруға кезең-кезеңімен енгізілуде. Аталмыш жоба аясында 2-6 жас аралығындағы балалардың 96,1 пайызы, 3-6 жас аралығында 100 пайыз қамтылған. Мектепке дейінгі ұйымдармен қамту үлесін арттыру мақсатында өткен жылы 3459 орындық 33 жекеменшік ұйымдар ашылса, биыл жыл соңына дейін 1628 орындық 18 жекеменшік балабақша ашу көзделіп отыр. Мектеп жасына дейінгі барлық балалардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін, экологиялық тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды қалыптастыру бағытындағы жобалар оң нәтижесін беруде. 2025 жылдың сәуір айында «Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуда ұлттық дамытушы ойындармен ойыншықтардың рөлі» тақырыбындағы республикалық семинарда облыстың озық тәжірибесі таратылды. Орта білім сапасы – табысты ұлт болудың негізгі шарты Президент биылғы Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз» деген болатын. Білім саласындағы ең маңызды мәселе – орта білім жүйесін жетілдіру. Өткен оқу жылында облыстағы 523 орта білім беру ұйымын 247 мыңнан аса оқушы аяқтады. Білім алушыларға қауіпсіз және қолайлы білім беру ортасымен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Жаңа білім беру ұйымдары соғылып, үш ауысымды, апатты, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде және білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базалары нығайтылуда. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Әбубекұлы: «Аймақта 2025 жылға 26 білім нысанының құрылысы жоспарланған. Биыл 15 білім нысаны пайдалануға берілмек. Ал «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа оқу жылында 3 мектеп оқушылар игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Үкіметке әкімдермен бірлесіп демеушілік қаражатты қоса алғанда, қаржыландыру көздерін айқындап, үш жыл ішінде 1300 мектепке қайта жаңарту жүргізу тапсырмасы бойынша облыста 2025- 2027 жылдарға 66 мектепті жаңарту жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес биыл 10 мектепті жаңарту жүргізілуде. Яғни, Байзақ – 1, Қордай – 1, Сарысу – 2, Т.Рысқұлов – 1, Тараз – 4, басқармаға қарасты 1 мектеп жаңартылмақ. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 7 мектеп заманауи үлгіде жабдықталса, биыл тағы 3 мектеп жабдықталады», – дейді.

ҰСТАЗДАН ШӘКІРТ ОЗҒАН ТАБЫСТЫ ЖЫЛ

Өткен оқу жылы облыс оқушылары мен педагогтерінің жетістіктеріне, жеңістеріне толы жемісті жыл болды. Дарынды оқушыларымыз биылғы жылы халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 464 медальді иеленген. Оның ішінде 77 медальді Халықаралық білім жарыстарында алды. Биыл облыс оқушылары республикалық олипиада қорытындысы бойынша қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иеленсе, республикалық ғылыми жобалар жарысында 16- шы жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын қорғады. Олимпиада қорытындысы бойынша 5 мектеп республикадағы «100 үздік мектептің» қатарына енді. Олар Дарынды ер балаларға арналған және Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаттары, Тараз қаласындағы №41, Баймырза Бесбаев атындағы және Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиялары екендігін мақтанышпен айтамыз. Ал Қордай ауданының №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейі «Ең үздік ауыл мектебі – 2025» номинациясына ие болды. Сондай-ақ облыстың 5 мектебі, яғни Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясы, И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясы, Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия, №24 гимназия және Қордай ауданы №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Үздік 100 мектеп» рейтингіне енді. Облыс мектептерін бітірген 14692 бітірушінің 11960-ы (81,4 пайыз) тестілеуге қатысты. Былтыр бұл көрсеткіш 79,2 пайызды құраған. Биылғы ҰБЕ нәтижесі бойынша облыстың орташа балы 82,4-ті құрады. 1917 бітіруші 100-ден жоғары балл жинады. «WorldSkills» республикалық чемпионатына 23 құзыреттілік бойынша 25 студент қатысып, 13-і жүлделі орынға ие болды. Оның 1-і алтын, 1-і күміс, 11-і «Үздік маман» медальон иегері атанды. «EuroSkills-2025» чемпионатына Қазақстан ұлттық құрамасының сапында қатысатын Жамбыл инновациялық жоғары колледжінің студенттері ел намысын қорғайды.

МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫ – МҰҒАЛІМ

Күні кеше Астанада өткен тамыз конференциясында Мемлекет басшысы өз сөзінде «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Мектептің жаны – мұғалім» деген. Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек» деді. Бұл облысымыздағы қырық мыңға жуық педагогтердің өз білімін ұдайы жетілдіруге серпіліс берді. Осы ретте облыста жыл ішінде өткізілген 654 әдістемелік іс-шараларға облыс педагогтері 100 пайыз қамтылғанын айтып өткен жөн. Өткен оқу жылында 6418 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, «943 – Елдің нысаналы мектептерін дамыту» жобасына облыстан енген 60 мектептің 2773 педагогі біліктілігін арттырған. Облыстық оқу-әдістемелік орталығы жүйелі түрде жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер мұғалімдерінің пәндік құзыреттілігін үздіксіз дамыту мақсатында «Ұлағат» педагогтер ассоциациясы құрылып, «Виртуалды әдістемелік мектебі», «Сабақ тайм», «Зерде», «1+10» шебер педагогтердің зертханасы жобаларын іске асыруда. Облыстағы 2274 жас педагогтерге арналған «Болашақ» желілік, тәлімгерлік мектебі жұмыс атқаруда. Бұл шаралар алдағы уақытта білім беру сапасын жақсартуға оң септігін тигізетін болады.

 Халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқауларда 85 ұстаз жүлделі орындарға ие болды. Академик Асқар Жұмаділдаев атындағы Халықаралық және IMPACT ашық шығармашылық байқауларында математика, физика және информатика пәндерінен сабақ беретін 14 педагог жеңімпаз атанып, командалық есепте республикада I орынды иеленді. «Оқу және математикалық сауаттылық: табысты синергия» атты республикалық сайыста Жамбыл облысының командасы І орынды еншіледі. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бастауымен іске асырылып жатқан «Үздіктен үйрен» жобасы аясында республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздарының шеберханалары ашылуда. Аталған жетістіктер – облыс мұғалімдерінің шығармашылық әлеуетінің жоғары екендігінің дәлелі. Биылғы жылдан бастап педагогтердің аттестаттауы «Ұстаз» платформасында автоматтандыру арқылы жүзеге асырылуда. Мектеп жұмысының тиімділігі – басқарудың сапасына тікелей байланысты. Өңірде білім беру менеджерлерінің клубы, мектеп директорларының кеңесі тұрақты жұмыс істейді. «Кадрлық резерв мектебі» құрылған.

Республикада іске асырылып жатқан «Білім берудегі 1000 өзгеріс көшбасшысы» бағдарламасының барлық кезеңінен сәтті өткен 26 үміткер резевке алынып, директор болып т ағайында луда. Өңірдің білім саласының дамуында өсу тетіктері болуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыс өңірдегі білім беру ұйымдарында эксперименталды-тәжірибелік алаңдардың жұмыстарын үйлестіру арқылы шешімін табуда: 12 мектеп, 2 мектепке дейінгі ұйымдарда білім саласындағы өзекті 10 бағытта зерттеу тәжірибелері жүріп жатыр. Оқу-ағарту министрлігі тарапынан қолға алынған «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасын жүзеге асыру үшін Өңірлік жол картасы әзірленіп, педагогтерінің сапалық құрамы жоғары, материалдықтехникалық базасы талаптарға сай 29 мектеп тірек мектебі ретінде бекітілді.

МЕМЛЕКЕТТІК МЕКТЕПТЕР ЖҮЗ ПАЙЫЗ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТЫЛҒАН

Оқушылардың білім сапасына, ақпараттық құзыреттілігіне тікелей әсер ететін фактор – жоғарғы жылдамдықтағы интернетке қолжетімділігі. Өңірде мемлекеттік мектептің барлығы интернет желісімен қамтылған. Интернет жылдамдығы 20 мегобит/сек жоғары мектептердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 97,3 пайыздан 100 пайызға көтерілді. Республикалық Старлинк жобасына енген Жамбыл облысының 72 мектебінде интернет жылдамдығы 150 мегобит/сек дейін жетеді.

Бүгінгі таңда жасанды интеллект дәуірі басталды. Бұл – оқушыларға тек бір мамандықты емес, үлгерімді түрде бейімделетін, икемді кәсіби дағдыларды қалыптастыру қажеттігін көрсетіп отыр. Облысымыздағы бірқатар колледждер мен мектептерде STEM зертханалар, 3D-принтинг, робототехника, жасанды интеллект негіздері енгізіліп, жастарды болашаққа дайындау процесі жүріп жатыр. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – олардың рухани-эстетикалық, дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына әсер етеді.

Облыста 79 мектептен тыс мекеме жұмыс істейді. Қосымша біліммен қамту үлесі – 87,1 пайыз. Білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесі «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жаңартылған мазмұны негізінде жүзеге асырылуда. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында министрлік бастамасымен финдік «KiVa бағдарламасы» және «ДосболLIKE» жобалары енгізілді. Облыс деңгейінде «Бестерек», «Komek Stop Bullying», «HR+» автоматтандырылған психологиялық-педагогикалық мониторинг жүйесі» (АСППМ) «Кел, дос болайық!» жобалары іске асырылуда. Сондай-ақ барлық мектептерде республикалық «111», облыстық «109» телефондары мен «Komek Stop Bullying» жобасының QR-коды ақпараттық парақшалары орнатылды. Антибуллингтік бағдарламаларды енгізу мақсатында Жобалық кеңсе құрылып, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымымен ортақ меморандум жасалды. Білім алушылар мен олардың ата-аналарына, педагог қызметкерлерге педагогикалық-психологиялық мәселелер бойынша консультация беріп, кәсіби психологиялық көмек көрсету мақсатында «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» ашылып, жұмыс істеуде. Білім беру ұйымдарында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, бейнебақылау камераларын интеграциялау, мамандандырылған күзет қызметімен, дабыл түймесімен, турникеттермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Дені сау ұрпақ – сапалы ұлттың негізі десек, балалардың құнарлы тамақпен қамтылуына барынша ден қойылған. Осы мақсатта оқушыларды ыстық тамақпен қамтуға 6,4 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Облыста 9468 мүмкіндігі шектеулі баланың 7176-ы (75,8 пайыз) оқумен және тәрбиемен қамтылған. Осы бағытта облыста 26 арнайы мекемелер мен кабинеттер жұмыс істейді. Бүгінгі күні облыста 0-18 жас аралығындағы балалар саны – 463 618 бала болса, оның 1 188- і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Биыл аталған санаттағы 56 баланың Мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алғандығы қуантады.

КОЛЛЕДЖДЕРГЕ ҚОЛДАУ

Өткен жылы облыстағы 42 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында (20 мемлекеттік, 25 жекеменшік) 28219 студент білім алса, оның 19219-ы мемлекеттік білім тапсырысы аясында оқыды.

2025 жылы мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде 570 орынға техникалық, аграрлық сала бойынша 117 кәсіпорынның сұранысына сәйкес талапкерлер қабылданды. Кәсіптік білімді интернационалдандыру бағытында №7 Бетқайнар колледжі базасында Қытай мемлекетінің XIAN LIXUN TECHNOLOGY техникалық колледжінің филиалын пилоттық жоба ретінде ашу жұмыстары басталды.

«KNAUF» ЖШС тарапынан 25 миллион теңгеге Жамбыл политехникалық жоғары колледжіне «Құрылыс-хаб» орталығын ашуға қондырғылар қойылды.

Сонымен қатар М.Тынышбаев атындағы ALT университеті «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету» мамандығына, «Q» университеті «Есептеу техникасы» мамандығы бойынша 16 миллион теңге көлемінде қаржыға құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Д.И.Менделеев атындағы Ресей химиятехнология университеті колледж түлектерін қысқартылған мерзімде кіріктірілген бағдарламамен оқытатын болады. Осы ретте жеке кәсіпкер Рысбаева тарапынан 120 орындық жатақхана Тараз қаласының жастарына қолданысқа берілгенін айта кеткен жөн.

2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Бұл – еңбек адамының қоғамдағы рөлін арттыру, кәсіби мамандықтарға деген құрметті қалыптастыру, жастарды сұранысқа ие кәсіпке бейімдеу жолындағы нақты қадам. Себебі кез келген өркениетті қоғамның тірегі – адал еңбек пен кәсіби шеберлікке сүйенетін мамандар. Осы бағытта жүргізіліп жатқан кәсіби бағдар, техникалық және кәсіптік білім беру жұмыстары – ел игілігіне айналар үлкен бастама.

Білім мен тәрбие – адамзат дамуының іргетасы. Егер білім адамды ғылымбіліммен қаруландырып, өмірдің қыр-сырын үйретсе, тәрбие оның жүрегіне ізгілік, мейірім, отансүйгіштік сезім ұялатады. Осы екі құндылықты қатар ұстаған қоғам ғана болашағын баянды ете алады. Сондықтан жас ұрпаққа сапалы білім беріп, саналы тәрбие сіңіру – мемлекетіміздің кемел келешегінің кепілі.

Арна ЖҰМАТАЙ