Ізгіліктің бастауы – имандылық
Бисмиллахи Рахмани Рахим. Аса мейірімді Алланың атымен бастаймын! Асыл дініміз – Ислам дінінің адамзат өмірі мен біздің қазақ халқының өмір сүру салтында ерекше маңызға ие екені ежелден белгілі. Менің имандылық жолында жүргеніме біраз жылдың жүзі болды. Оны өзім туып-өскен қасиетті Жуалы ауданының жұртшылығы жақсы біледі деп ойлаймын. 2011 жылы Алла Тағала нәсіп етіп, сол тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы қызметінде болған Әбсаттар қажы Дербісәлінің бұйрығымен Тараз қаласындағы «Шайх Зүннін» атындағы мешітке бас имам болып тағайындалдым. Осы жерде бір айта кетерлігі, мешітке есімі берілген бұл кісі – маған ұстаз болған адам.
Мешітте имам болып жұмыс атқарып жүргенімде бір күні маған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуқабыл Төребеков атамыз қоңырау шалып, ардагерлер үйіне келіп-кетуімді өтінді. Ол кезде облыстық ардагерлер үйі жаңадан салынып, пайдалануға берілген еді. Уәде бойынша қоңырау шалған күннің ертеңіне сол жерге бардым. Тілеуқабыл атамен амандық-саулық сұрасқаннан соң:
– Қарағым, имам, мына жаңа ғимаратқа енді ғана кіріп жатырмыз. Құран оқып қойыңыз, – деді. Мен Құран оқып, бата жасап, дүниеден өткендерге бағыштап қойдым.
– Балам сені шақырған себебім, облыстың бас имамы Данияр қари Жұмабаевқа қоңырау шалып, «Бізге салт-дәстүрді жақсы білетін, Құранды да жақсы оқитын бір имамды бөлсеңіз» деп өтініш айтқан едім. Ондағы мақсатымыз – ардагерлер кеңесінің өкілдері бұл дүниеден өтіп кеткен Ұлы Отан соғысының, сонымен қатар облысқа және туған еліміздің өсіп-өркендеп, дамуына зор еңбек сіңірген еңбек ардагерлерінің шаңырағына барып, әруағына қол жайып, Құран бағыштасақ деген ойымыз бар, – деді.
– Облыстың бас имамы сіздің есіміңізді атап, ата-бабалар сөзін және хакім Абайдың өлеңдерін жатқа және жақсы айта білетін, сонымен бірге ұзақ жылдар Жуалы ауданында бас имам болып жемісті қызмет атқарғаныңызды айтты. Сонымен сіз бізбен бірге жүріп, өмірден өткен ардагерлердің үйіне барып, Құран оқып бересіз. Сонымен алдын ала жасалған тізім бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуқабыл Төребеков және оның көмекшісі Халил Бейсеев және Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдиярбек Түсіпов төртеуіміз аптаның әр бейсенбісінде бақилық болған ардагерлердің шаңырағына барып, бір жылға жуық жұбымызды жазбай бірге жүрдік. Халил атамыз бір апта уақыт бұрын баратын кісілердің үйіне телефон соғып, мән-жайды түсіндіріп айтып қояды. Бұл сауапты іс Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығының қарсаңында ұйымдастырылған болатын. Әр бейсенбі күні бір-екі үйге кіріп шығамыз. Әулиеата жері еліміздегі қасиетті өңірлердің бірі саналатыны бесенеден белгілі. Жамбыл облысының өз алдына облыс болып құрылып, өңір экономикасының өсіп-өркендеп, дамуына ересен еңбек сіңірген тұлғалы азаматтардың аз болмағаны даусыз. Солардың қатарында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болған Хасан Бектұрғанов, қоғам қайраткерлері – Сейілхан Аққозиев, Арыстан Өтеулин, Есентай Демесінов, белгілі ақын Жақсылық Сәтібеков сынды бірқатар танымал тұлғалар бар. Үйге кіріп, сәлемдескеннен кейін Тілеуқабыл ата барған үйіміздің дүниеден өткен кісісін еске алып, олардың өмірбаянына аз-кем тоқталып, сол тұлғалардың жақсы қырлары мен облысқа сіңірген еңбектерін тебірене еске алады.
Ал мен марқұмдардың рухына бағыштап Құран оқимын. «Орнында бар оңалар» демекші, танымал тұлғалардың шаңырағына ие болып отырған жарлары, ұл-қыздары, немере-шөберелері аталары туралы айтып, дастарқан басында шағын әңгіме құрамыз. Осындай сәттерде кейбірінің көзіне жас алып, көңілдері босағанын да байқаған болатынбыз. Дастарқаннан дәм татып болған соң Тілеуқабыл ата бата жасайды. Үй иелері марқұмдарды арнайы еске ала отырып, олардың рухына Құран бағыштаған біздің топқа алғыстарын жаудырып, риза болып жатады...
Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл ел өміріндегі орны мен маңызы бөлек, айтулы мерекелердің бірі екені анық. Майданда қан кешіп, ақтық демі қалғанша ел қорғап, Отанды дұшпаннан сақтап қалған батыр ата-бабалардың әзіз рухы пейіште шалқысын. Ұлы Отан соғысы туралы әңгіме қозғағанда, ең алдымен қазақ халқының хас батыры, қасиетті Жуалы жерінің қаһарман перзенті, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Бұл Жеңіс бізге арзанға түскен жоқ. Ел дегенде еңіреген ерлеріміздің қан майданда құрбан болғандары да аз емес. Қол-аяғын беріп, мүгедек болып қайтқан ерлеріміз де аз емес.
Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылмаған біздің елде бірде-бір семья жоқ. Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттер өліп кеткенін көзіммен көрдім. Олардың имандары жолдас болсын», деген сөздері еріксіз ойыңа оралады. Ұлы Отан соғысындағы қан майданды өз көзімен көрген Тілеуқабыл ақсақал да қазір ортамызда жоқ... Ол кісі тоқсан жастан асып дүние салды. Әрине, қабырғалы азаматтың орны ойсырап қалғаны анық.
Ол кісінің:
«Кезінде бірге қызметтес, үзеңгілес, адал дос болған сондай азаматтарға Құран бағыштауды азаматтық парызым деп санаймын», – дегені жүрегімді ерекше толқытқанын айтқым келеді.
Менде бұл өзі қариялық пен ақсақалдық абыройдың нағыз үлгісіндей деген ой қалды. Осылайша біз бір жылға жуық (52 апта) уақыт бойы соғыста ата-бабалары қайтыс болғандардың да шаңырағында болып, онымен қоса, науқас ардагер азаматтардың да көңілін сұрадық. Олар тиісінше, көңіл сұрағандарға дән ризашылықтарын білдіріп отырды.
«Өткен күнде белгі бар» демекші, менің қасиетті Әулиеата жері, оның ішінде тамыры мен тарихы тереңде жатқан Тараз қаласындағы «Шайх Зүннін» атындағы мешітте бас имам болып алты жыл қызмет еткендегі жарқын күндерім осылай өтіп еді. Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз: «Әулиеатаға таяқ ұстап келгендер тай мініп кетеді» деп айтып отырады екен. Мен болсам сонда өткізген мағыналы да мәнді күндерімді, абыз ақсақалдардан алған тағылымымды тай мінгеннен де артық деп санаймын. Бәрін айта келіп, ендігі кезекте бірін айтайық. Қарияларымыз – қазынамыз. Осындай сауапты да ізгілікті істің басы-қасында болып әрі ұйымдастырып жүрген сол тұста облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде болған (бүгінде марқұм) Тілеуқабыл Төребеков және облысқа белгілі қайраткер азамат Халил Бейсеевтің ақылмандығынан алар үлгі-өнеге көп-ақ.
Ақсақалды қариялардың бәрі де осындай болсайшы, шіркін! Мұны алдыңғы толқын ағалардың ұрпақтар сабақтастығына қосып отырған мол үлесі деуге де әбден болатындай... Ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың алтын арқауы үзілмесін деп тілейік!
ОЗЫҚ ОЙЛЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ – ОРТАҚ МІНДЕТ!
Иә, Әулиеата өңірінде, оның ішінде, топырағы қасиетті, жері-суы дуалы Жуалы ауданында азды-көпті Асыл дініміз Исламның құндылықтарын көпшілікке насихаттау жолында имамдық қызмет атқарып келе жатырмын. Дана бабалардың «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген тағылымында айтылғандай, көпті көрген азаматтармен, оның ішінде, жоғарыда айтылғандай, облысқа белгілі бірқатар ардагер қариялармен бірге жүріп, алдыңғы толқын ағалардың тәлім-тағылымы мен үлгі-өнегесін алғанымды әрдайым мақтан етемін.
Одан бөлек, ауданда бас имам болған жылдары осынау қасиетті өңірдің ақылман қарияларымен бірге жүріп, бірқатар игілікті істердің басы-қасында болғанымды да баса айтқым келеді. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы болса керек. Бізден кейін де жас толқын жайқалып өсіп-өркендеп келеді.
Хакім Абай айтқан:
«Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер. Кезегімен өлінер, баяғыдай көрінер» деген осы бір тағылымға үңілсек, жастарға тура жол көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар беру – аға буынның негізгі міндеті. Бұл – аға ұрпақ үшін бұлжымас қағида. Ендігі кезекте қазір қоғам мен мемлекет үшін өте өзекті әрі маңызды болып отырған жастар тәрбиесі туралы аз-кем әңгіме. Жастар кім? Жастар – көзіміздің ағы мен қарасы. Жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан жастардың тәрбиелі де тәртіпті, білімді де білгір болғаны барлығынан маңызды.
Бұл үшін жастар атадәстүрлерді сақтап, оны қатаң ұстану қажет деп білемін. Жастар тәрбиелі болу үшін ең алдымен үлкендер тәрбиелі болуы қажет. Тау халқында «Жақсы қариясы жоқ ауылда жақсы жастар өсіп-өнбейді» деген аталы сөз бар. Осы тұста бабалар айтқан «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» қағидасын сақтағанымыз абзал болмақ. Жастар тәрбиесі, қазіргі заманға сай озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу міндеті Ұлттық құрылтайдың әр жылғы отырыстарында кеңінен көтеріліп келеді. Ұрпақ тәрбиесі мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты да қатты толғандыратынын жақсы білеміз.
Тәрбие мәселесі – барлығымызға ортақ дүние. Бұл өз кезегінде Ұлттық құрылтайдың мәні мен маңызының қаншалықты жоғары екенін айғақтаса керек. Ал биыл наурыз айында, дәлірек айтқанда, әз-Наурыз мерекесінің қарсаңында Бурабайдың төрінде өткен құрылтайда да келелі дүниелер кезең-кезеңімен жүзеге асатынында күмән жоқ.
Өткен құрылтайларда айтылған мәселелер жөнінде Парламент қабырғасында Президенттің тапсырмалары заң негізінде жүзеге асып, көптеген заңдар қабылданғаны белгілі. Осының ішінде ең маңыздысы ретінде айтар болсам, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың биылғы отырысында жалпы жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлудің қажеттігін атап өтіп: «Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Бұл өте маңызды құжат болмақ. Оны дайындау үшін Үкімет, Парламент депутаттары, омбудсмен Динара Зәкиева, қоғам қайраткерлері өз үлесін қосады деп ойлаймын.
Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды. Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау – істің басы ғана.
Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Оны алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс. Себебі, тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Сонда ғана бұл бастама жалпыұлттық ауқымға ие болады. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі – адал азаматқа тән қасиеттер» деп атап өткені белгілі. Сондықтан қай кезде де жас ұрпақтың тәлімтәрбиесіне ерекше көңіл бөлген жөн болмақ.
Жақсы тәрбие – жас ұрпақ болашағының кепілі. Ал тәрбиелі ұрпақ – елдің жарқын болашағы. Мұны дәлелдеп жатудың өзі артық. Ұрпақ тәрбиесін – ұлт болашағы дейтін болсақ, әрбір ата-ана отбасында балалардың тәлім-тәрбие мәселесін бабалардың дәстүр-салты, халықтық әдет-ғұрыптармен, ең бастысы, имандылықпен тығыз байланыстырып, тиімді ұштастыра білетін болса ұлтымыздың да, мемлекеттің де жеңісі деп білеміз...
БАБАЛАР СӨЗІ – АДАСТЫРМАС ТЕМІРҚАЗЫҚ!
Бабалар сөзі – тәлім мен тәрбиенің, халықтық өнегенің қайнар көзі, тұнық бастауы екені анық. Осы тұста, халық батыры, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының мына рухты жыры еріксіз еске түседі:
«Арқаның қызыл изені
Басы – күрдек, түбі – арал,
Қыдырып шалар аруана.
Кәрісі кімнің жоқ болса,
Жасы болар дуана.
Бір сынаған жаманды,
Екінші қайтып сынама.
Тіріде сыйласпаған ағайын,
Құм құйылсын көзіңе,
Өлгенде бекер жылама.
Ер қабыланын жөнелтіп,
Елсізде аңырап қалған шақ,
Бізден ақыл сұрама», – дейді ол.
Ал ел тағдыры, ұрпақ болашағы туралы тереңнен толғаған Асан қайғы бабамыз:
«Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа.
Жолдасыңа жау тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа.
Ердің құны болса да,
Алдыңа келіп қалған соң,
Қол қусырып барған соң,
Аса кеш те қоя бер,
Бұрынғыны қуыспа.
Ақың болса біреуде,
Айыбын тап та ала бер,
Ерегесіп ұрыспа.
Сенікі жөн болса да,
Атың шықпас дұрысқа.
Мінезі жаман адамға
Енді қайтып жуыспа.
Тәуір көрер кісіңмен,
Жалған айтып суыспа.
Өлетұғын тай үшін,
Көшетұғын сай үшін,
Желке терің құрысып,
Әркімменен ұрыспа.
Ашу-дұшпан, артынан Түсіп кетсең қайтесің,
Түбі терең қуысқа», – деп жырлайды.
Ал сөздің қадір-қасиеті туралы Бөлтірік шешен Әлменұлының:
«Сөзден тәтті нәрсе жоқ.
Сөзден ащы нәрсе жоқ.
Сөзден жеңіл нәрсе жоқ.
Сөзден ауыр нәрсе жоқ.
Сөзді тіліңе билетпе, ақылыңа билет.
Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе қылдыға айт.
Қай жерде, қай кезде сөйлейтініңді біл», – дегені қай кезде де жас ұрпақтың жадында жаңғырып тұрса игі... «Ұлы істер үндемей бітіріледі», – дейді ұлы Шыңғыс қаған. Ал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы ұрпаққа жазып қалдырған бір өсиет сөзінде: «Ұшқан құсты торға түсіретін, жүгірген аңды орға түсіретін тамақ екен. Жұтқан тамағына ие болған адам торға да түспейді, орға да түспейді. Осы күнгі «Адаммын!» деп жүрген адамдардың жауы иегінің астында болып кетті. «Ол жауы не?» десеңіз, жұтқан тамақ! Жалғанда мазаққа, ақыретте азапқа түсіретін – тамақ.
Тамақтан тартынған – бәрінен де халас болады». Сондықтан барлық дүниенің өз шегі мен шекарасы бар... Қазір қоғамда түрлі нәрселер шығып жатыр. Себебі, ақпараттың ағыны көп. Оның ішінде имандылықты, діннің жолын теріс көрсететін ойлар да айтылып қалады. Ал негізі ислам діні – құндылығымыз, мешіт – рухани ошағымыз. Ондай қасиеттен алшақ жүруге болмайды. Ондай қасиеттен алшақ жүрудің өзі – қателік.
Қазір жастардың қабылдауы, дүниетанымы кең. Үлкендер ұғындыра алатын болса, барлық мәселелерді түсінеді. Оның ішінде имандылық, дін мәселелері өте өзекті. Әрбір жастың бойынан асыл қасиеттер көргіміз келеді. Ондай асыл қасиетті көріп те жүрміз. Оның барлығы тектілік жолды ұстанған бабалардың қанымен келіп жатыр. Имандылық – ізгі қасиет. Имандылық бар жерде береке мен бірлік, ынтымақ, табыс та, нәтиже де бар. Сол имандылық – ислам дінінің негізгі қағидасы.
Сабыр – үлкен қасиет. «Сабырсыз қалар ұятқа. Сабырлы жетер мұратқа» дегендей, ұстамдылықпен талай жақсылыққа жетуге болады. Ата-бабаларымыз сол ұстамды қасиетімен ерекшеленді. Дін ұстанды, жақсы жол ұстанды. Біз де бабалардың өнегелі жолын ардақтап, дәстүрлі дінімізді өркендетуге тиіспіз. Ислам дінінің өркендеуі тек имамдарға ғана қажет деген түсінік болмауы тиіс. Діннің өркендеуі – жақсылықтың өркендеуі.
Діннің қанат жаюы – ізгі істердің қанат жаюы. Сондықтан Отанымызға, еліміз бен жерімізге қызмет ететін, дінімізге қызмет ететін жас ұрпақ көп болғай. Сол кезде ғана еңсеміз жоғары, абыройымыз асқақ.
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКОВ
«Жуалы» көпшілік мешітінің имамы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
Жуалы ауданы