Тау тұлғамен қалай таныстым?
Тамыз айының 22-сі қазақ халқы және ұлт тарихы үшін ұмытылмас күн. Себебі осыдан отыз екі жыл бұрын дәл осы күні қазақтың маңдайына біткен майталман, қаранар қайраткер, елім деп өткен есіл ер, ұлт руханияты мен ұрпақтың жанашыры Дінмұхамед Қонаевтың үлкен жүрегі соңғы рет соққан еді. Һәм мәңгілік өмірі де осы күннен бастау алған болатын. Арада жылдар өткен сайын асқар тұлғаның асқақ бейнесі халықтың жүрегінен, ұлт жадынан ұмытылмай, керісінше өз заманының ғана емес, қазіргі қоғам үшін де заңғар көкке заулаған тұғырға айналды. Өмірінің соңғы жылдарында қарағай қайраткердің Әулиеатаға, текті Талас топырағына сапарын да жергілікті халық әлі күнге аңыз ғып айтатыны ақиқат. Осынау қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған күннің қарсаңында белгілі ақын Мұхамеджан Тазабектің Дінмұхамед Ахметұлы жайлы естелігін «Aq jol»-дың ардақты оқырмандарымен арнайы бөліскенді жөн көрдік. Редакциядан
«Тағдыр» деген дүние бар. Бұл – ұлы нәрсе. Тағдырдың иесі Жаратушы Алла. Тағдырға не жазады, соны көреміз. Оған тереңдеп, сырын іздеуге болмайды, бірақ таңғалдырмай қоймайды. Ертең не болатынын білмейміз немесе кешегі өтіп кеткен дүниені өзгерте алмаймыз. Құдайдың менің т ағдырыма жазған жақсылықтары көп болды деп ойлаймын, соның ең шоқтығы биігі – қазақтың сүйікті, сыйлы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен дер кезінде, ең керек уақытта кездесуім.
Әуелі Қонаевпен кездесуіме, танысуыма себепкер болған адам жайында айтып өтейін, ол Дінмұхамед атамыздың жақын туысы Берден Байқошқаров деген көкеміз. Қордай ауданында бірінші хатшы болған, кейін республикалық дәрежеде үлкенүлкен салаларды басқарған кісі. Билікке Колбин келгеннен кейін Қонаевқа жақын болған адамдар қудаланып, соның себебінен биік қызметте жүрген Байқошқаров көкеміз сонау астанамыз Алматыдан Жамбыл облысындағы менің кішкентай ғана «Шахан» деген ауылыма директор болып тағайындалады. Ол кісі үшін төмендетілу болғанмен, бұл құлдырау ауылда жүрген біз үшін даңғыл жолдың ашылуына, жақсыларды жақыннан ертерек көруімізге үлкен себеп болды. Бұл 80 - жылдардың аяғы , 90-жылдардың басы болатын. Байқошқаров көкеміз көпті көрген, ақылы мен даналығы асып төгіліп жатқан, тәжірибесі мол адам еді. Ауылға келіп, жұмысты игеріп, жұртпен танысқаннан кейін ауыл ақсақалдары мен белсенділерін жинап: «Осы ауылда көзге түсіп, жұрттың аузына ілініп тұрған кім бар?», – деп сұрайды ғой.
Сонда ел: «Бұл ауылда Жақсылық Үшкемпіров туыпөскен, бірақ ол Алматыда. Қасқырбай Нарбатыров деген шешен, ділмәр, ақын бар, ол аудан орталығында. Атақты айтыскер Әзімбек Жанқұлиев облыс орталығы Таразда тұрып жатыр. Қазірше Наурызда қолына домбыра ұстап, айтысқа шығып, оқушылар арасындағы жыр додаларында көзге түсіп тұрған кішкентай ғана Мұхамеджан Тазабеков деген бала бар», – дейді.
Берден көкеміз: «Онда сол баланы шақырыңдар!», – деп тапсырма береді. Сол күні сабақ біте салысымен мені директордың үйіне алып барды. Мүмкін, менің өмірімдегі ең абыройлы кездесу 13-14 жасымда директордың үйіне қарай басқан осы қадамымнан басталған шығар?! Алдына барған соң Берден көкеміз: «Ал енді не білесің?» дегендей қызығушылық танытып, шамамды байқағысы келді. Мен ол кезде Тоқтағұл ағам Алматыдан әкеп берген домбырамды әжептәуір игеріп, шабандау болса да суырып сап, өлең құрастырып жүрген кезім. Мұқағалидың, Мұхтар Шахановтың біраз өлеңдерін жатқа білемін. Мұхтар Мағауин жинақтаған «Бесғасыр жырлайды» кітабындағы біраз жыраулардың толғау-жырларын жаттағанмын. Аяз Бетбаевтың термелерін айтып жүргенмін. Осы дүниелердің бәрін тыңдап, арқамнан қағып, батасын берді, маңдайымнан сүйді.
Құдайдың құдіреті, Берден ағамыз сол күннен бастап мені қасынан тастаған жоқ. Әрине, ол кезде мен неге ертіп жүргенін, жиын-тойлардан неге қалдырмайтынын түсінген жоқпын. Кейде сабаққа қатыспай жүргеніме мәз болып, қызық көрдім бе екен?! Әйтеуір, қайда апарса да қасында жүрдім. Директорлардың уазикпен жүретін кезі, артына мені салып алады. Көрші колхоз-совхоздың директорларының той-томалағы, жиынына барамыз. Ауданда, қалада қандай жиын болса да, мені жанынан қалдырмайды. Сөйтсем, мені баулып, тәрбиелеп жүргенін терең сезінбеген екенмін. Бірақ «Шынында да, ол кез мен үшін үлкен мектеп болды» деп есептеймін.
Себебі, менің бар жұмысым сол отырыстағы кісілерге қатырып тұрып арнау айту, суырып салып өнер көрсету. Арнау айтатын болған соң сол кеш біткенше, барғаннан қайтқанға дейін тұғырында отырған қаршадай маңайыңды зерттейсің, қонақтардың аузын аңдисың, мінезін бағасың, іс-қимылдарын бақылайсың. Кімнің қай қасиеті кесек, мінезінің ерекшеліктері қай тұста екенін іштей тізіп отырасың. Міне, бұл «кісі тану, мінез бағу, адамдар қарым-қатынасының қатпарын іздеп, қыртысын ашу» деген нәрсе 14-15 жасымда маған осылай қабілет боп қалыптасты, әрі байқампаз ақын болуымның негізін қалады. Содан кейінгі өмірде де қаншама конфликтіге араластық, медиаторлық миссиямызды атқардық. Дау шешу кезінде осы кісінің көзіне, сөзіне қарап, ішіндегісін шығарып, жүрегіндегісін айтқызу мүмкіндігі айтыскерліктен, сан жылғы сахнадағы тәжірибеден екені анық. Әлі күнге дейін кез келген отырысқа бара қалсам, автоматты түрде қасымдағы адамдардың қас-қабағын қарап, мінезін барлап, соған іштей сипаттама беріп: «Бұл кісі жалпы өмірде кім болды екен? Мына сөзді неге айтты екен?» дегендей бірден зерттей бастаймын. Бұның бәрі бала кездегі Берден Байқошқаровтың қасына ертіп жүріп, баулыған нәзік жұмысының нәтижесі ғой. Сөйтіп жүргенде бір-екі жыл өтті. Көкеміздің жан-жақты тәрбиесін алдық, көп шарапатын көрдік. Қалай екенін білмеймін, әйтеуір ретін тауып, ауылдан көлемді стипендия тағайындатты. «Қалаға барып, Серік (Қалиев), Шорабек, Қасқырбай, Айтмұханбет секілді ақын ағалармен араласам» десем, қалаған уақытта гараждан бос көлікті мініп кетуге мүмкіндік жасады. Мұның бәрі 9-10 оқитын оқушы үшін түске де кірмейтін ұлы қамқорлық еді. Ауылға өзі танитын республикалық деңгейдегі адамдарды шақырды. Фариза апамызбен Алматыдан дос көңіл боп араласады екен. 90-жылдары ауылға сол кісі қонаққа келіп, қасында бірнеше күн жүріп құрметтегеніміз есімде. Фариза апаммен алғаш таныстығым сол жерде басталған болатын... 1991 жылы Берден ағамыз ауылдың беделді ақсақалдарын, абыройлы жандарын жинап: «Ертең дайын болыңыздар, Алматыға жол жүреміз», – деп автобус сайлатты. Әлі күнге дейін есімде, түйе, жылқы, қой сойдырып, қымыз-шұбат, құрт-май жинатып, бір жүк көлігіне артты. Берден көкем, Сәбира апам және артында мен келесі күні Алматыға қарай су жаңа уазикпен жол тарттық. Ол жаққа қандай себеппен, кімге бара жатқанымды мен де білген жоқпын. Жарты жолға жеткенде Берден ағамыз: «Ел-жұртқа әңгіме терең тарқап кетпесін деп әдейі алдын ала айтпадым. «Асанбай Асқаров түрмеден шықты» деген хабар келді. Біз тек сол кісіге «Құтты болсын!» айтып бара жатқан жоқпыз. Димекеңнің де үйіне зиярат жасап бара жатырмыз. Димекеңмен келісіп қойдым. Алматыға жеткенше саған біраз ақпарат беремін, дайындал!», – деді. Менің жүрегім тарсылдап кетті. Берден көкем жол бойы Димекеңнің тұлғасы, адами қасиеттері жайында өте көп әңгіме айтты. 10 сағаттай жүрген шығармыз. Мен ол әңгімені ойыма түйіп, іштей шумақ құрастырып, дайындалып отырдым. Алматыға кештетіп жеттік. Ол кездегі Ленин-Киров, қазіргі Бөгенбай батыр көшесі мен Достық даңғылының қиылысындағы тоғыз қабат үйдің қасына тоқтадық. Берден көкем бізді екінші қабаттағы бес бөлмелі пәтеріне орналастырды. Тау жақтағы саяжайына ауылдан келген ақсақалдарды жайғастырды. Ертесіне түсте барлығымызды Арасанға алып барды. Мұндай нығметті алғаш көруіміз. Ауылдағы будан көз ашпайтын ескі моншадан басқа ыстық жер көрмеген біз мәзбіз. Кешке қарай бәріміз Асанбай Асқаров атамыздың үйіне бардық. Керемет кеш болды. Асекеңнің балалық шағынан бастап, соңғы түрмедегі жылдарына дейін әңгімесін өз аузынан естіп, бір кеште есейіп кеткендей болдым. Не деген таңғажайып әңгімелер, әсерлі оқиғалар?! Мен бір ертегі әлеміне кіргендей өң мен түстің арасында жүрмін... Ертеңіне көкем, Сәбира апам және мен бар, Дінмұхамед атамыздың үйіне бардық. Сөйтсек сексен жылдық мерейтойының алғашқы дастарқанына рулас ағайын-туыс, құда-жекжат секілді жақын адамдар жиналып қалған екен. Біз де елден ағайын боп келіп, үлкен ортаға күмп ете қалдық. YouTube желісінде кеңінен тараған видео үзіктеріндегі атақты арнауды сол жерде айттым. Одан бөлек сол кеште атамызға, қонақтарға үш рет бөлек-бөлек жыр арнадым. Термелер орындадым, жыр төктім, арнау айттым. 16 жастағы мен үшін тарихи кеш жүрегіме болашаққа деген үлкен сенім орнатты. Димаш атам: «Мұха, давай!», – деп айрықша қолдау көрсетіп, әр сөзіме реакция жасап, артынан ерекше батасын берді. Осы күннен бастап Дінмұхамед атамыз мені бауырына тартты, баласындай көрді, әр қадамымды қадағалап, маңайындағы тұлғаларға тапсыра бастады. «Патшаның өтініші бұйрық қой» деп қазақ бекер айтпаған, сол тапсырмалардан кейін менің өмірімде күтпеген кереметтер басталды. Алғашқы кеште атамыз мектепті қашан бітіретінімді сұраған болатын. Келесі жылы екенін айттым. «Бітіре салып маған хабарлас! Мен өзім қайда оқу керектігі жайлы бағыт-бағдар беремін», – деді. Қалай екенін білмеймін, сол күні атамыздың ерекше ықыласына бөлендік. Құдай көңілін бұрды. Қолында билік болмаса да абыройы аспандай адам ғой. Тапсырған адамдары ақырына дейін аманатын ақтады. Иә, Алматыға оқуға түскесін атамызбен арамыз тіптен жақын болды. Дүниеден өткенше ортамызда жоғары дәрежедегі ата мен балаға тән рухани байланыс орнады. Кешке жатақханадамын, күндіз атаның үйіндемін. Не ақылын тындамадым десеңізші, қандай өнегесін сіңірмедім десеңізші?! Ол бір Алла жарылқаған бақытты күндер еді ғой. Бәрі де бүгінгідей көз алдымда. Қазір естігендей қамқор үні құлағымда жаңғырып тұр. Димаш Ахметұлымен таныстығымыздың қысқаша тарихы – осы.
АТАНЫҢ МЕН КӨРГЕН АЙРЫҚША БЕС ҚАСИЕТІ
Енді дана қария, асыл атамыздың 5 айрықша қасиетін сіздерге арнайы айтып бергім келеді. Дінмұхамед атамыздың сізге айтқым келетін бірінші қасиеті: қарапайымдылық. Жалпы, ұлы адамдардың көпшілігіне тән қасиет, бұл – қарапайымдылық. Тарихта да ғалымдардан қалған сөз бар ғой: «Әлсіз адамдар кек алады, мықты адамдар кешіреді, ұлы адамдар (ортада болған келеңсіздіктерді) ұмытып кетеді». Шынында да, ұлы адамдардың, Құдай жарылқаған дана адамдардың қасиеті – қарапайымдылығында. Себебі, пайғамбарлар қарапайым болған, әулиелер қарапайым болған. Мен Димаш атамнан да осыны байқадым. Мәселен, мен сол алғашқы жолыққан кеште бірнеше рет өнер көрсеттім. Әуелі терме айтып тұрғанымда дауысым қарлығыңқырап дұрыс шықпай қалды. Термемді айтып болдым, бәрі риза болды. Бір уақытта «Жүрегін орнықтырып алған шығар, қайтадан жақсылап өнерін көрсетсін!» дегендей: «Жаңағы Мұхаң қайда? Қане, келші!» деп менің жан-дүниемді қарапайымдылығымен сезініп, қайтадан жұрттың алдына шығарды. Шынында да, екінші рет шығып отырғасын, өзіме деген сенімділік пайда болып, өз сөздерімді, арнауымды айтатын болғандықтан, ерекше шабытпен жырлай бастадым... Ұлы адамдар қарапайым болғандықтан басқа біреудің жан-дүниесіне көз салып, басында боп жатқан бар ахуалды зерттеп отырады. YouTube желісінде тараған сол кештегі бейнеүзікте Димаш атамыздың айткан: «Мұха, давай!» деген сөзі маған шабыт берді. Әуезовке, Мұқағалиға «Мұха» деп қарата сөз айтканын білеміз ғой. Бірақ Қонаев секілді жасы 80-ге келген адамның 16 жастағы балаға: «Мұха, давай! Қане, баста!» деп айтуы ол кісінің шын мағынасындағы кісілігі еді. Сол қарапайымдылығы менің ол кісіге деген жүрегімде ұлы махаббатты, шексіз құрметті оятты. Ол кісінің аузынан қандай сөз шықса, соны бұлжытпай орындайтындай дәрежеде перзенттік жауапкершілікті оятты. Расында да, айналамызға қарайықшы! Өмірде біз біреулерді тәрбиелегіміз келеді, біреулерді түзеткіміз келеді, біреулерге айтқанымызды орындатқымыз келеді. Бірақ ол адамның жүрегінде бізге деген махаббат болмаса, сенім болмаса, сенімге құрылған сезім болмаса, оған сөзіміз өте ме?! Махаббат пен сыйластық болмаған жерде біреу біреудің айтқанын орындамайтынын күнде көзіміз көріп жүр. Әр адам әлем, бөлек жаратылған құбылыс қой. Жүректердің есігін мейіріммен қақпасақ, ең қымбат қазынаның құлпы ашыла ма?! Сол кеште қарапайымдылық пен ұлылықтың шынайы көрінісі жүрегімде үлкен адамға деген құрмет пен сенімді бір мезетте оятты. Сол балалық жүректі ояту үшін Димаш атамыз қарапайымдылық қасиет танытты, көтермелеп сөйлеп, даналық көрсетті. Жасы сексенге келе тұра, әлем таныған абыройлы бола тұра «Мұха» деген сөзді қолданды. Әдетте қызмет жасаған, дүниесі түгел, мәртебелі адамдар жас балаға қалай сөйлейді? «Әй, бала!», «Әй, сен бала, қане, жырлап жібер!», «Әй, сен бала жаман емес екенсің!», – деп, ары кетсе сенің дарынды екеніңді айтуы мүмкін, ал бірақ «бала» деген сөзді оп-оңай қолданады. Ал енді бала жүрегінде үлкенге деген махаббатты ояту үшін қасиетті қария «Мұха» деген сөзді қолданды. Егер өмірде бір рухани нәтижеге жеткіміз келсе, ортада рухани байланыс орнатқымыз келген балаға болсын, басқаға болсын, біз де осындай керек сөзді дәл тауып айта білуіміз керек. Мен Димаш атамыздан осы қарапайымдылықты ұғындым, сезіндім, түсіндім. Одан кейін ше? Атаның шарапатымен университетке түстім, Алматыда тұрдым. Сабақтан босай сала атаға қоңырау шалам, телефон тұтқасын өзі көтереді. Сонда: «Ата, қазір келем, қасымда адамдар бар», деймін. Арғы жағында «Жауапкершілікті үлкен кісінің уақытын алып жатырмын-ау. Оған мүмкіншілік бар ма, жоқ па? Қалай ма, қаламай ма?» деместен, өзімнің қалауларымды айтатынмын. Сол кезде: «Жақсы-жақсы, келіңдер! Дәм татып кетіңдер!» деген сөздермен қарсы алатын. Қаншама студент достарымды Димаш атаның үйіне алып бардым. Мысалы, Ілия Жақановтың жиені, әнші, Абай Ескендіров деген жерлес ағам әрі досым бар еді, сол кісіні де алып барып, Димаш атаның үйінде суретке түскеніміз бар. Атамыз сонда қарапайымдылығымен қарсы алып, таудай тұлғасымен кішкентай ғана баланы бауырына басып, басынан сипайтын. Бағана сөзімнің басында «Ең бір дер кезінде кездестім» дедім ғой, мүмкін одан сәл алдын кеңес өкіметінің тарқамаған кезеңінде кездессем, мұндай байланыс болар ма еді, болмас па еді? Кеңес өкіметі тарқаған, асыл жары Зухра апамыз дүниеден өткен, жалғыздықтан жабығыңқырап жүрген уақытта кездесіп, осындай керемет рухани қарым-қатынаста болдым. Дінмұхамед атамыздың сізге айтқым келетін екінші қасиеті: балаға өмірлік бағыт-бағдар беруі. Жалпы, баланың бойында тұлғалық қасиеттің нышаны бар ма, жоқ па, соны айқындау керек. Өмірде де солай. Мысалы, бір бала шаруаға ыңғайлы болады. Майлықожаның термесінде: «Адам болар балаңыз ел қасынан табылар» дегендей, кейбір баланың ыңғайы ел ағаларының қасында жүргенге, ел мұңын тыңдауға ыңғайланып тұрады. Кей баланың малға, шаруаға ыңғайы келіп тұрады. Осыны анықтау керек. Димаш атамыз осыны қалай анықтады? Мен ол кісінің үйіне: «Ассалаумағалейкүм, ата!» деп келген кезде, «Уәғалейкүм әссәләм!» деп жауап қатқаннан кейінгі бірінші қоятын сұрағы: «Мұхам, ел қалай? Елдің жағдайы қалай? Елдің ахуалы қалай боп жатыр?» болатын. Әрине, елдің ахуалын ол кісі менен жақсы біліп отыр. Бірақ менің бойымда елдік мұратқа, елдің баласы болуға деген потенциал бар ма, жоқ па, соны анықтағысы келген сияқты. Ондай кезде мен көзім бақырайып тұрып қаламын. Себебі, әдетте үлкендер баладан: «Сабағың калай? Денсаулығың қалай? Әке-шешең қалай?» деп сұрайды ғой, бірақ «Ел қалай?» деп сұрамайтыны анық қой. Міне, Димаш ата «Ел қалай?» деп сұрағасын, өзіммен-өзім қалған кезде «Шынында да, ел қалай жалпы? Халықтың ахуалы қандай?» деген ойларға қалдым. Егер Димаш ата сол сұрақтарды қоймаса, «елдің ахуалы» деген дүниені ойламауым мүмкін, себебі 16-17 жастағы балалар көбінде ондай тақырып аясында ойлана бермейді. Содан «Союзпечать» дүңгіршегінен газет сатып алып, 90-жылдардың қиыншылығына айналған ауылдар жайлы, мал шаруашылығы туралы, жалпы елдің рухани проблемалары көтерілген мақалаларды оқып, оны жүрегім арқылы өткізіп, «Келесі барғанымда ата «Ел қалай?» деп сұрап қалса, соған не жауап берем?» деп дайындала бастадым. Расымен, келесі жолы «Ел қалай?» дегенінде, сәл тыныс алғаннан соң «Осындай екен. Пәлен жерде мал қырылды, түген жерде су тасыды» деп әңгімемді айта бастағанда, ол кісі менің сондай тақырыптарға ой жүгірте бастағаныма үміті ақталғандай қуанатын еді. Осылайша Димаш ата балаға бағыт-бағдар берудің, бала бойындағы елдік қасиетті, азаматтық қасиетті оятудың жарқын үлгісін көрсетіп кетті. Бұл – дана адамның бойында ғана кездесетін қасиет. Біз де даналарға қарап бой түзеп, өз тұлғамыздағы осы қасиетті дамытуымыз керек. Баламызды бала демей, үлкен тақырыптарға тартып, ойын қозғап, бойында жасырынып жатқан қабілеттерін оятуға тырысуымыз қажет. Дінмұхамед атамыздың сізге айтқым келетін үшінші қасиеті: ол кісі мені өзіне етжақын болған біраз адамдармен таныстырды. Бұл кез 90-жылдар, ол кезде «дін», «руханият», «ұлт мінезі», «ұлт қасиеті» деген мәселелер енді-енді көтеріліп жатқан еді. Бұл – балаға не керек болады?» деп іштей ойласа керек, бір барғанымда Рахымбай Қарынбаев деген бала кезден бірге өскен құрдасдосымен таныстырды. Рахымбай ақсақалмен танысып, өмірінің соңына дейін жақсы қарым-қатынаста болып кеттік. Төлебаев көшесінің бойында, екі бөлмелі пәтерде Уәзипа деген апамызбен тұратын. Алғаш көргенімде: «Бұл кісі кім болды екен?» деп ойлап отырдым. Соны сезгендей Димаш атамыз Рахымбай ақсақал жайлы айта бастады: «Бұл – менің бала кезден бірге өскен досым. Әкелеріміз де дос болып өткен. Рахымбай атаң – ақылдастар алқасының мүшесі. Орталық мешітте Рәтбек қажының қасында қызмет істейді. Қазақстандағы «Тоғызқұмалақ» федерациясының ең алғашқы президенті».
«Ақсақалмен неге таныстырды?» десем, бұл кісі дін, руханият жағынан Димаш атамыздың жамағаты екен. Атамыздың жасы ұлғайып, билігінің соңғы жылдарына келгенде бұл кісілер үйде жұма намазын оқиды екен. Рахымбай ақсақал Димаш атаның намазын қайтадан қалпына келтіруге тікелей себепкер болған екен. Тіптен, бір замандарда Димаш атамызға: «Тағы да бір шаңырақ көтеріп, қазақтың қызын алсаңшы! Ұрпақ қалдырсаңшы артыңнан!», – деп ұсыныс тастаған осы құрдас-жолдастары екен, ол енді өз алдына бір бөлек әңгіме. Сол алғаш танысқан күні дастарқан басында Димаш атамыз Рахымбай ақсақалға: «Мына Мұхамеджан болашағынан үлкен үміт күттіретін бір баламыз. Бірақ білесің ғой, «иман» деген құстың басы сияқты, адам баласына ең керек нәрсе иман. Әкесі төрт жасында қайтыс болып кеткен. Ата-әжелері қазір ауылда. Сондықтан имандылықты сендей ақсақалдан үйренбегенде, кімнен үйренеді? Әріп танысын, Құран үйрет, имандылыққа баулы! Имандылықты адам көшедегі біреуден үйренбейді, ақсақалдан үйренеді», – деді. Ол кезде мен «Атамның ақылын толық түсіндім» деп айта алмаймын. Бірақ ауылда ата-әжелеріміздің намаз оқығанын көргенмін, дініміз Ислам екенін білемін, дегенмен толық түсіне қоймайтынмын. Кейін Димаш атамыздың үйінен шығып, Рахымбай ақсақалдың үйіне бардық. Уәзипа апамыз шелпек пісіріп, тамақ дайындап қойған екен. Сол үйде ақсақал маған «Фатиха» сүресі мен «Аятүл-Күр-сиді» кириллицамен жазып берді. «Фатиха» мен «Ықылас» сүрелерін жаттадым. Сосын дін негіздері жайлы, Құдайдың бар және бір екендігі жайлы, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің Алланың елшісі екендігі жайлы көп әңгіме айтты. Жасыратын ештеңесі жоқ, жас болдық па, көңіліміз басқа жақта болды ма, сол әңгімелердің біразы құлақта қалды, біразы есімізден шығып кетті. Бірақ бәрібір, андасанда жұма намазға барып тұруымызға, мешіттің жанынан дабырламай құрметпен өтуімізге Рахымбай атамыздың өсиеттері себеп болды. Ол кезде емші, тәуіп, көріпкелдер көбейіп жатқан еді, соларға қарсы іштей иммунитетіміздің болуының бастауында Рахымбай атамыздың маған айтқан насихаттары тұр. Ал ол насихаттар Димаш атамыздың тікелей тапсырмасымен жүргізілген еді. Сондықтан менің жалпы дін Исламды тануымның, мұсылманшылықты ұстануымның басында Димаш атамыз тұр. Атамызды «алғашқы ұстазым» деп айтсам да Алла алдында артық сөз емес. Кейін қоғамның әртүрлі саласында Димаш атаның шәкірттерімен, оның шарапатын көрген жандармен көп кездестім. Соның бірі – Ақтөбенің Шалқарында ел басқарған, «Еңбек ері» Нағым Қобландин ақсақал. 1995 жылы Әлия батырдың мерейтойына барғанда, «Димаш атаның баласы» деп арнайы іздеп тауып, өзі тіккен кигіз үйге алдыртып, сый-сияпат жасап, батасын берді. Мен арнау айтқанда ұлы Жанабайдың терімді сүртіп, арқамнан қағып тұрғаны әлі көз алдымда.
Аталардың батасы бекер кете ме, сол Нағым атамның қасында жүріп, тәрбиесін алған немересі Даниярмен де танысып, әлі күнге дейін туған аға-бауырдай сыйласып келеміз. Өнегесі өлмеген жақсыларымызға Алланың рахымы жаусын! Дінмұхамед атамыздың сізге айтқым келетін төртінші қасиеті: ол кісі менің бойымдағы елдік қасиеттің, болашаққа деген ұмтылыстың бар екенін біліп, имандылықты үйрететін адаммен таныстырған соң, одан ары қарай менің білім алуыма, болашақта қолымнан тартып, көмектесетін адамдармен Тау тұлғамен қалай таныстым? танысуыма тікелей себеп болды. Сол кезде өзінің рухани жақын інісі Қоянбек деген ағамызға видео түсірткізіп, кейін «Алматы ақшамы» газетінің алғашқы бас редакторларының бірі болған Ерғали Сағат ағамызға, Серік Әбдірайымов ағамызға «Мына інілеріңе қамқор боп жүріңдер!», – деп табыстап кетті. Үйіне сыйлы қонақтар шақырғанда мені де қалдырмай, Бибігүл Төлегенова, Бекен Римова сынды апаларымызбен жақын таныстырды. Оқуға түсуге Алматыға 1992 жылы келдім. Менде дайын бірнеше ұсыныстар болған еді. Димаш атамыз бір жыл бұрын оқуға түсуге бағыт-бағдар беретінін айтып, өзіне шақырғанын айтып өттім. Сол ұсыныстар жайлы ақылдасу үшін атамның алдына бардым. Димаш ата: «Оқу жайлы өзіңнің ойың қандай?» деп сұрады. Сонда мен: «Үш ұсыныс болып тұр. Біріншісі: Берден бауырыңыз «Тараздағы пединститутқа түсірем, ауылдан стипендия төлетем» деп бәрін дайындап отыр. Екіншісі: биыл бірінші рет шетелге оқуға грантпен жіберу басталады екен. Оқу министрінің орынбасары Шәмшә Беркімбаева әпкеміз мені айтыстан көріп, басқа қырымнан да байқап және сіздің балаңыз екенін біліп, соған жібергісі келіп шақырып жатыр. Үшіншісі: Премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың назары түсіп, сіздің балаңыз екенін біліп «Өзім оқытамын, Димекеңнің батасын алып кел!» деп сізге жіберіп отыр», – дедім. Димаш атам ойланып отырды да: «Сен Мырзатайдың айтқанын тыңда! Біріншіден, ол көпті көрген адам. Екіншіден, өзіңнің ағаң, саған жамандық ойламайды. Сол Мырзатайдың айтқанына тоқта!», – деді. Сөйтіп, маған батасын беріп жіберді. Атадан шыға салып Мырзатай ағаға бардым. «Қонаев атамның батасын алып келдім. Мырзатай ағаңның айтқанын тыңда!» деп отыр», – дедім. Осылайша, Оқу министрінің орынбасары Шәмшә Көпбайқызы әпкеміздің ұсынысынан әдеппен, көркем түрде бас тарттым. Әйтпесе, емтихан тапсырып қойғам, Түркияда ма, басқа мемлекетте ме екен, есімде жоқ, грантпен оқып келуге толық мүмкіндік туып тұрған еді. Сосын Тараздағы Берден ағамызға да жағдайды түсіндіріп айтып, Жамбыл педагогикалық институтына да түспейтін болып, Мырзатай ағамыздың айтуымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің (ол кезде КазГУ) филология факультетіне оқуға түстім. Әлі күнге дейін есімде, «Димекеңнің баласы» деп, кабинетінде отырып, Мырзекең КазГУдің ректоры Көпжасар Нәрібаевты өзіне шақырып, мені қолына ұстатып, жетектетіп жіберді. Енді бұл да «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу!» деген қағидамен кез келген қабілеті бар, талапты жасты қолдап жіберуді әдетке айналдыруымыз керек. Дінмұхамед атамыздың сізге айтқым келетін бесінші қасиеті: ол кісі ешқашан кісі жамандамайтын еді. Қаншама рет дастарқандас, сұхбаттас болдым, аузын толтырып біреуді жамандап жатқанын көрмедім. Қазір ойлаймын, ол кісінің басынан небір жағдайлар өтті; өзінін шәкірттерінің қарсы шыққан кездері болды, жақыны болып жүріп алыстап кеткендері болды. Дастарқан басында менен де басқа адамдар отыр ғой, талқылағысы келсе, оған тілі де, реніші де, өкпесі де жетер еді. Бірақ біздей балалар отырғасын, басқалар отырғасын, «Үлгі-өнеге болсын!» дей ме, әйтеуір ешкімді жамандамайтын.
Бір күні мен оқып жатқан ұлттық университетке Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев келетін болды. 1993 жылдың басы болса керек, Қонаев атамыздың көзі тірі кезі. Атамыздан: «Біздің университетке Назарбаев келе жатыр. Соған маған университет басшылары «Арнау айт!» деп жатыр. Қалай дейсіз, ата?» деп сұрағанымда, «Ол ел басқарып отырған адам. Ол кісі қуанатындай, шабыттанып қайтатындай, сондай бір көркем сөздерді тауып айт! Былай деп айт, былай деп айт!» деп маған қанат бітіріп, Патшаға деген құрметімді арттырып, бағыт берді. Енді ол кезде мен баламын, қалай айтты, сондай оймен кеттім. Әлбетте, сол күні Тұңғыш Президентке арнаған арнауым сәтті шықты. Назарбаевпен менің рухани қарым-қатынасымның бастауында Димекеңнің батасы мен бағыт-бағдары тұр. Одан кейін мен ондаған жылдар бойы Тұңғыш Президентпен әртүрлі жерлерде айтыскер ақын ретінде де, медиажобалардың басшысы ретінде де кездесіп жүрдім, бірақ сол берекелі кездесулердің баршасының басында Дінмұхамед атамыздың батасы, бағыт-бағдары, қолдауы және маған түсіндірген түйінсөзі тұрды. Қазір ойласам, ол кісілердің ортасы да күрделі болған, бірақ соған қарамастан ол кісі баланың басын қатырмай, ең керек, ең пайдалы сөзді айтып, маған бағыт берген екен. Қазіргі көп адамдарға жетіспейтін дүние де сол, өзінің жеке өкпе-ренішін елдің атынан айтып, біреудің тағдырының бұзылып, біреудің бағытының бұрылып кетуіне ықпал етіп жатады. Оны өзіміз өмірден көріп жүрміз. Бірақ «адамдарға өкпелемеу», «біреулердің жіберген қателіктерін бастан асыру», «кешірім ету» деген дүние кейде қолымыздан келеді, кейде қолымыздан келмей жатады. Сол қолымыздан келген жердің бәрінің бастауында Димаш атамыздың бізге көрсеткен үлгісі, ғибраты, даналығы жатыр. Сондықтан Дінмұхамед атамыздың осы бес қасиетін оқырмандарымызға үлгі, ғибрат ретінде айтқым келеді.
ТҰЖЫРЫМ
Дінмұхамед Қонаев атамыздан мен алған бес пайда:
1. «Ұлық болсаң кішік бол!».
2. Өзіңнен кішіге өмірлік бағыт-бағдар бере білу.
3.Өзіңе жақын тұтқан кішіге тек дүниелік пайда ғана емес, рухани нәр де бере білу.
4.Сәті түссе өзіңнен кішіні «Болашақта осы балаға пайдасы тиеді-ау!» деген жандармен таныстырып, арасын жарастыру.
5. Ешқашан ешкімді жамандамау, өзіңнің жеке ренішіңе ешкімді ортақ қылмау. «Енді айтуға болады...» атты кітабынан үзінді.
Дайындаған «Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың» Жамбыл облыстық бөлімшесінің төрағасы Қибат АСҚАРБЕКОВ.