Ұстаз – ұлттың шамшырағы
Кеше Тараз қаласында «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұстаздардың облыстық тамыз конференциясы өтті. Жаңа оқу жылы қарсаңында педагогтердің басын қосып, білім саласының даму бағытын айқындайтын маңызды жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Майра Мелдебекова, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, облыстық мәслихат депутаттары, аудан және Тараз қаласы әкімдерінің орынбасарлары, құқық қорғау және атқарушы органдардың басшылары, кәсіподақ ұйымдары мен азаматтық қоғам өкілдері, білім саласының еңбек ардагерлері, ардақты ұстаздар мен жас педагогтер қатысты.
Жиын мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Бұл сәт ұстаздардың бірлік пен отансүйгіштік рухын айқындай түскені анық.
Жиынның алғашқы құттықтау сөзін ҚР Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Майра Мелдебекова арнады. Ол өз сөзінде мемлекет тарапынан ұстаздарға көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталып, жаңа оқу жылының басты бағыттарын түсіндірді. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде білім сапасын арттырумен қатар, жас ұрпақтың бойына елжандылық, адалдық және жауапкершілік қасиеттерін сіңіру маңызды.
Одан кейін облыстың білім беру жүйесінің жетістіктерін қамтыған бейнебаян көрсетілді. Онда өткен оқу жылында қол жеткізілген табыстар мен жүзеге асқан жобалар, білім саласындағы үздік тәжірибелер ұсынылды.
Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы Нұрбек Әбубекұлы өз баяндамасында 2024 – 2025 оқу жылының қорытындыларын жасап, жаңа кезеңнің басым бағыттарын жариялады. Ол білім сапасын жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу, педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру және оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті.
Конференция барысында білім саласының өзекті мәселелері бойынша тәжірибелі мамандардың баяндамалары тыңдалды.
Атап айтар болсақ , Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вицепрезиденті Анар Тәңірбергенова «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының нәтижелері мен жаңа оқу жылындағы басымдықтарды таныстырды. Бұл бағдарлама жас ұрпақтың ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген рухани-адамгершілік тәрбиесіне бағытталған. Назарбаев университетінің постдокторанты Азамат Ешмұхамбетов «Білім берудегі жасанды интеллект» тақырыбында баяндама жасап, заманауи технологиялардың оқыту процесіндегі маңызына тоқталды. Ол жасанды интеллектінің білім сапасын арттырудағы артықшылықтарын түсіндіріп, шетелдік тәжірибелермен бөлісті.
Ұлттық сарапшы, оқулықтар мен бағдарламалардың авторы Руслан Қаратабанов «Білім сапасы: қазіргі контекст» тақырыбында сөз алып, оқу бағдарламаларының мазмұны мен дидактика мәселелерін терең талдады. Сондай – ақ, «Бетқайнар » колледжінің директоры Гүлнар Әлімбаева «Колледждерді интернационалдандыру – бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың жолы» тақырыбында баяндама жасады. Ол кәсіби-техникалық білім беруді халықаралық деңгейге көтерудің маңызын атап өтті.
Конференцияны қорытындылаған Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақпайұлы білім беру саласының өңірлік даму басымдықтарын атап өтіп, бірқатар нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар кеңес барысында бірқатар сала қызметкерлері білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан елеулі үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін ҚР Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 11 тамыздағы №31 шешіміне сәйкес «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен 6 педагог наградталды. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен 3 қызметкер, Жамбыл облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен 6 педагог, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен 5 педагог, Алғыс хатымен 5 педагог, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен 1 қызметкер және Алғыс хатымен 1 қызметкер марапатталды.

Ал 2025 жылғы «Орта білім беретін үздік ұйым» грантының иегері ретінде Тараз қаласы Жамбыл атындағы №5 мектепгимназиясына 68 миллион теңгенің сертификаты тапсырылды.
«Орта білім беретін үздік ұйым» байқауына қатысып, белсенділік танытқаны үшін Меркі ауданы А.Асқаров атындағы мектепгимназиясы «Шығармашылық зертхана» номинациясымен марапатталып, 1 миллион теңге сыйақы алды.
«Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған білім беру ұйымдары марапатталды:
«Ең үздік мектеп-лицей» номинациясы (1 миллион теңге) – Сарысу ауданы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназия;
«Ең үздік инновациялық мектеп» номинациясы (1 миллион теңге) – Байзақ ауданы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназия;
«Ең үздік қала мектебі» номинациясы (1 миллион теңге) – Шу ауданы Төле би атындағы орта мектебі;
«Ең үздік ауыл мектебі» номинациясы (1 миллион теңге) – Т.Рысқұлов ауданы Ақтоған шағын орталықты орта мектебі;
«Ең үздік шағын жинақталған мектеп» номинациясы (1 миллион теңге) – Қордай ауданы Мәмбет Смағұлов атындағы шағын орталықты орта мектебі.
«Жұмысшы мамандығын дайындайтын үздік колледж» байқауының жеңімпазы:
№ 9 Меркі колледжі (1 миллион теңге), Жамбыл политехникалық колледжі (750 мың теңге), Құлан агротехникалық колледжі (500 мың теңге).
Бұдан бөлек, «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде «Үздік ауылдық мектепке дейінгі ұйым» номинациясы бойынша Жамбыл ауданындағы «Ертөстік» бөбекжайбақшасы, «Үздік қалалық мектепке дейінгі ұйым» номинациясы бойынша Тараз қаласындағы №17 бөбекжай-бақшасы марапатталып, ақшалай (1 миллион теңге) сертификаттарға ие болды. Марапаттау соңы концертке ұласты.
Бұл жиын ұстаздар қауымына тың серпін берген, жаңа оқу жылындағы басты бағыттарды айқындаған маңызды шара болды. Жиында айтылған ойлар мен ұсыныстар Жамбыл облысының білім саласын жаңа деңгейге көтеріп, болашақ ұрпақ тәрбиесіне жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Жаңа оқу жылы – жаңа мақсаттар мен міндеттердің бастауы. Ал ұстаздардың еңбегі – еліміздің жарқын келешегінің кепілі.
Арна ЖҰМАТАЙ