Ербол Қарашөкеев дәстүрлі тамыз конференциясына қатысты
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен тамыз коференциясында сөз сөйледі, деп хабарлайды aqjolgazet.kz
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен тамыз коференциясында сөз сөйледі.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрым, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, құқық қорғау орандарының және басқарма басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, ЖОО ректорлары, ардагер ұстаздар, ҮЕҰ өкілдері мен ата-аналар қауымы қатысты.
«Баласағұн» ОКЗ-де өткен конференцияның алдында мектепке дейінгі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Жиында алғаш болып ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова құттықтау сөз сөйледі. Ол мемлекет тарапынан ұстаздарға көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталып, жаңа оқу жылының басты бағыттарын түсіндірді. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде білім сапасын арттырумен қатар, жас ұрпақтың бойына елжандылық, адалдық және жауапкершілік қасиеттерін сіңіру маңызды.

Биыл өңірдің білім саласын дамытуға 344,3 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 26 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 10 мектеп пен 5 білім ұясына жапсарлас соғылған ғимарат пайдалануға беріледі. 2026 жылы тағы 11 нысан балалардың игілігіне тапсырылады.
Ағымдағы жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Қордай ауданының Қаракемер және Қарасу ауылдарында 300 орындық, сондай-ақ Тараз қаласында 600 балаға шақталған жаңа мектеп ашылады.
Бұдан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес 10 мектеп қайта жаңғыртылуда.
Жаратылыстану, робототехника және STEM пәндерінің кабинеттерін, еңбек шеберханаларын, мектеп жиһаздары мен қауіпсіздік құралдарын, сондай-ақ мектеп асханалары мен кітапханаларын жабдықтауға 1,7 млрд теңге бөлінді.
Облыс әкімі білім беру мекемелерінің жылыту маусымына толық дайын болуын, материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілуін және құрылыс жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуын жауапты басқарма басшыларынан, сондай-ақ аудан мен қала әкімдерінен талап етті.
Өңір басшысы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында ұлт болашағының алғашқы іргетасы қаланатынын атап өтіп, балабақшаларда балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
2025 жылы жаппай оқыту қорынан көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуге, киім сатып алуға және жазғы сауықтыруға 6,4 млрд теңге бөлінді (2024 жылы – 5,6 млрд теңге). Бүгінде жаңа оқу жылына дайындауға арналған қаражат ата-аналардың жеке банк шоттарына тікелей аударылды.
– Жалпыға міндетті білім беру – бұл тек баланы мектепке қабылдау ғана емес. Жергілікті атқарушы органдар әрбір балаға сапалы білім алуға, әлеуметтік қолдауға және жан-жақты дамуға қолайлы жағдай жасауға міндетті, – деді аймақ басшысы. – Білім беру ұйымдарындағы ыстық тамақтың сапасына ерекше назар аударуды сұраймын. Осыған байланысты мектеп асханаларындағы күнделікті тамақтың сапасына қатаң қоғамдық бақылау ұйымдастыру қажет.
Ербол Қарашөкеев жамбылдық ұстаздар мен оқушылардың жарқын жетістіктерін жоғары бағалады. Өз сөзінде педагогтердің қоғамдағы мәртебесін де назардан тыс қалдырмады.
Биыл облыс оқушылары республикалық олимпиада қорытындысы бойынша қоғамдық-гуманитарлық бағытта «Ең үздік олимпиадалық команда» атанса, республикалық ғылыми жобалар жарысында 16-шы жыл қатарынан «Ең үздік команда» мәртебесін иеленді. 2024 жылы 360 шебер-педагог «Ы. Алтынсарин» медалімен, 12 зерттеуші-педагог «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ 3 педагог «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болды.
Сондай-ақ облыс әкімі ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеу, мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыру және мектеп директорларының көшбасшылық әлеуетін арттыру, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларға қажетті кадрларды даярлау бағытында кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.
Конференцияда облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков 2024-2025 оқу жылының қорытындыларын баяндап, алдағы міндеттерді айқындады.
Іс-шара барысында білім саласының өзекті мәселелеріне қатысты баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда, Ы. Алтынсарин Ұлттық білім академиясының вице-президенті Анар Тәңірбергенова, Назарбаев университетінің Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінің оқытушысы Азамат Ешмұхамбетов, білім саласы бойынша сарапшы Руслан Қаратабанов, «Бетқайнар» колледжінің директоры Гүлнар Әлімбаева мазмұнды ой-пікірлерін ортаға салды.
Тамыз конференциясы марапаттау рәсімімен қорытындыланды.
Білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін бірқатар сала қызметкері ҚР Оқу-ағарту министрінің, облыс әкімінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, сондай-ақ Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапатталды.

Тараз қаласы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназия «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын жеңіп алып, 68 млн теңгелік сертификатқа ие болды.
Сонымен қатар «Ең үздік мектеп-лицей», «Ең үздік инновациялық мектеп», «Ең үздік қала мектебі», «Ең үздік ауыл мектебі», «Ең үздік шағын жинақталған мектеп», «Жұмысшы мамандығын даярлайтын үздік колледж», «Үздік ауылдық мектепке дейінгі ұйым» және «Үздік қалалық мектепке дейінгі ұйым», «Үздік шығармашылық зертхана» номинациялары бойынша да үздіктер анықталып, қаржылай қолдау көрсетілді.