Мәдениет

Тағылым төрі – Қызылсай

«Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» дегендей, мерейлі Меркі жерінің ең жасыл желекке оранған ауылының бірі Қызылсай екен. Көктем мен жаз айларында құлпырып кететін Қызылсайды көрген де арманда, көрмеген де арманда. Біз бұл жолы аталған ауылдың табиғатын суреттеуді емес, тарихқа деген құрметтерін, өткенді бағалауға деген құлшыныстарын баяндауды жөн көрдік.

Біз жазбамызды табиғаты тамаша ауылға құрметпен бастағанымызбен, Қызылсайдың да өз өмірі, өз сыры, өз мұңы бар. Мұңға толы тарихы бар. Оның ішінде өмірлік жарын, екі бірдей азамат ұлын майданға өз қолымен аттандырып, оларды аман оралады деп қырық жыл күткен, жалғыз ғұмыр кешіп қырық жыл арманына үкі таққан Қали ананың зары ерекше айтылады. Мұндай қасіретті ешкімнің басына жазбасын! Қасіретке оранған ана үшін Қызылсайдың жыл сайын жасыл желекке оранып құлпырғанынан не қайыр? Қали ана Жексенғұлы мен Қосшығұлын қырық жыл күтіп, осынша жыл үмітін үзбей 1973 жылы шамамен 72 немесе 73 жасында құсадан айыға алмай көз жұмыпты. Отан қорғауға аттанған арыстай екі азаматын бір сәт те есінен шығара алмай бақилық болыпты шіркін, ана! 1984 жылы Ұлы Отан соғысының 40 жылдығы қарсаңында әйгілі композитор Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әні жазылды. Әннің сөзін ұзақ толғауға ұластырып белгілі ақын Жақсылық Сәтібеков жазды. Соғыс жылдарында 5-6 жасар бала болған, ананың зарын, әкенің қайғысын жүрегінен өткізген Жақсылық ақын үшін бұл тақырып таныс еді. Сондықтан ақын жүрегі ананың зарымен үндесе кетті.

Сағындым Жексенғұлым, Қосшығұлым,

Жүректі жарып шыққан қос шыбығым.

Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның,

Зарына құлағыңды тосшы бүгін.

Сендерсіз мынау мекен қыстай екен,

Баласын жылан жұтқан құстай екен.

Қырық жыл аңыраған арманымды,

Қалайша қанат қып бір ұшпай өтем, – деп келетін толғау жыр кімнің жүрегін болса да елжіретіп жіберердей мұңды еді. Ұлы Отан соғысының қасіретін көрген барлық ананың жүрек әуеніндей болған осы ән қазақ даласына аз ғана уақыттың ішінде кең тарады. Тіпті, Қырғыз, Өзбек еліне де жетті. Егер қазақтың тілін түсінетін болса қай мемлекеттің өкілі де «Қара кемпір» әніне әсерленіп, ержүрек ұлдарын Отанның жеңісіне айырбастаған аналар тағдырының алдында бас иетін еді.

ҚАРА ШАҢЫРАҚ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛМАДЫ

Жақында сол Қызылсай ауылындағы Қали апаның қара шаңырағы туралы жағымды хабар естідік. Бәрін ретімен айтқан дұрыс шығар. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның және Қырғыз республикасының Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев – осы Қызылсай ауылының перзенті. Барша қазаққа белгілі суретші, мүсінші, зергер Берік Әлібай да аталған ауылда туып-өскен. Қоразбаев 1984 жылы «Қара кемпір» әнін жазса, 2000 жылы Мыңқазан ауылының шетіндегі биік төбеден өз қаржысына Қали анамызға (Қара кемпір) еңселі ескерткіш тұрғызған екен. Ал екі баласын бауырына баса алмай сағынып өткен мұңлық ананың қара шаңырағы ұзақ жыл қараусыз қалып, кірпіші мүжіліп құлай бастайды. Осы тұста айта кетер жайт, ол кездің адамдары мейірімді ғой. Қырғыз қызы Қали ананың бұрынғы баспанасы шағын әрі тозығы жеткен соң, Сейдімәлік (ауыл халқы «Қарақұл» атап кеткен) деген ақсақал бас болып жүріп, 1969 жылы кейінгі баспананы салып берген. Сонда жаңа үйде Қали ана төрт жыл ғана тұрып, бақилық болып кеткен ғой. Есептеп қарасақ, сол үй қараусыз қалғандықтан 52 жылда әбден тозығы жетіп, құлауға шақ тұрған. Міне, осы жағдай ауыл адамдарымен қатар, Алтынбек Қоразбаевтың да қабырғасына батыпты. 2024 жылдың 17 маусымында Қызылсайдан шыққан әйгілі композитор өзінің әлеуметтік парақшасына: «Қара кемпір апамыздың шаңырағы опырылып ортасына түсіп тұр. Қараусыз қалғаны жанға батады. Жергілікті биліктің жігіттері тарихтың таңбасының сыртын қоршап музейге айналдыратынына күндей сенемін», – деп қысқаша жазба қалдырды.

Міне, осы жазбадан соң Қали апамыздың қара шаңырағына назар аударылып, сауапты жұмыстың алғашқы қадамдары басталған. Әсіресе биыл жасалып жатқан жұмыс қарқынды. Қара шаңырақтағы барлық құрылыс жұмыстарына қаржы бөлу, ұйымдастыру мәселелерін Берік Әлібай өзінің жеке қаражатымен қолға алған. Осы қуанышты жағдайды естіп, аталған ауылдағы жұмысты көзбен көру үшін жолға шықтық.

«АРАЛАП ҚАЙТАЙЫНШЫ, ҚЫЗЫЛСАЙДЫ...»

Тарихтың төрі – Қызылсай. Аудан орталығынан аса қашық та емес. Андас батыр ауылына шағын автобус жүреді екен. Жол-жөнекей Қостоған ауылынан түссеңіз, күн шығысты бетке алып жүрсеңіз, Қызылсайға дейін 9,5 шақырым. Қостоғанға таксимен жеттік те, Қали апаның қара шаңырағына дейінгі 9,5 шақырымды жаяу жүріп өттім. Себебі, уақыт азанғы сағат 7:00 болғандықтан, Қызылсай жаққа көліктің жүре қоюы қиын екен. Жаяу келе жатып, алдымнан шыққан жолайырықтарға «Қызылсай мына жақта» деген белгі қойса деген ой келді. Тек ауылға 3 шақырым қалған кезде ғана менің бағытыма қарай келе жатқан жеңіл көлік қасыма тоқтады. Шалдабар теміржол бекетінің басшысы Бақытжан Ақылтанов екен. Ол бізді тарихи үйге жеткізді. Қызылсай жап-жасыл талға оранып тұр. Мұнда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Берік Әлібай мен Жаңатоған ауылдық округінің әкімі Мерей Ержанұлы бізді құрылыс басынан күтіп алды. Берік Әлібайдың жол сілтеуімен сыртқы құрылысы бітуге жақын қара шаңыраққа келіп кірдік. Бұл – Қали апамыздың 4 жылдан астам тұрған баспанасы. Шағын. Кіреберіс бөлме, шағын асхана бөлмесі және орташа зал. Осы үш бөлме музейге айнала бастаған. Мұнда қойылған Қали апа ұстаған заттың бәрі – қазір жәдігер. Өмірі сағынышпен өткен кейуана ұстаған шам, келі, келсап, диірмендер уақыт кезеңінен тіл қатады. Апамыздың өзі пайдаланған ағаш төсек. Кемінде 70 жыл бұрынғы көне зат. Музейдің көріктілігі үшін қазақтың домбырасы мен қырғыздың қомузын да іліп қойыпты. Николай заманындағы самаурын, ескі құман, шәугімдер де бүгінгі ұрпақ үшін жәдігер. Ал Қали апа ұстаған асай-мүсей таяғын да көрдік. «Жалпы әдебиетте, дастандарда асай-мүсей таяғы деп көп айтылады. Қаратаста өсетін қатты ағаштан жасалған. Мұндай таяқты бақсы-балгерлер ұстаған. Бұл таяқпен адамды ұруға болмайды. Серті жаман. Бұл Қали апаның ұстаған соңғы таяғы. Қазір – тарих», – дейді Берік Әлібай.

Асхана бөлмесіндегі пештің үстінде ішіне 3 литр ғана су сиятын шағын қазан тұр. Апамыздың қолданған заты. Өзі жалғыз отырған соң осынау кішкентай ғана қазанды пайдаланған. Бұл қазан да талай өкініш пен сағынышқа, шер-шеменге куә болған. Кіреберіс бөлмедегі адалбақан, ескі қоржын, қабырға сағаттар өткен уақыттардан сыр шерткісі келеді. Ал бұл үйдің алдынан сарай салынып жатыр. Бұл сарай да Қали апаның ескі үйінің орны. Ол да музей болады. Міне осы сарайдың орнын, яғни өз атында тұрған жерді Қойлыбай Төрақұлұлы деген кісі музей үшін тегін аударып беріпті. Ол да – азаматтық. Мұндағы жұмыстар әлі бітпеген. Құрылыс толық аяқталғанда мұнда тарихи үлкен ғимарат халыққа қызмет ететінін түсіндік. Тарихи құрылысты жасай жүріп Берік Сәтімбекұлы өзге де жұмыстарды атқаруды міндет санапты. Жақында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай оқушылар арасында Абай өлеңдерін, поэма, қара сөздерін жатқа оқудан байқау өткізіпті. Жүлде қорына 1 миллион теңге қаражатты өз есебінен беріпті. 28 үміткер қатысқан байқауда Ізбасар Жалғасұлы бас жүлде алған. Хакімнің 30 өлеңін еш кідірмей жатқа айтыпты. Онан кейінгі жүлдені алған Томирис Темірбек, Мейірім Айтмерек, Ұлана Айтмерек баршасы да данышпанның өлеңдері мен қарасөздерінен кідірмеген. «Қали апаның музейі бітсе, апаның тағдыры жайлы өлеңдер жаздыруға болады. Сол өлеңдерді жатқа оқудан мүшайра өткізіп тұру да болашақтың ісі. Бұл музейге келушілер аз болмайды деп сенемін», – дейді ол. Ал осы ауылда ұстаздық ететін Ақерке Киікбаева да жасалып жатқан жұмыс үшін қуанышты. «Біз шәкірттерімізге туған өлке тарихын құндылық ретінде айтамыз. Туған өлкені құрметтеуге тәрбиелейміз. Ал Қали апа музейі оқушыларға тәрбие, тағылым беретін үлкен рухани орынға айналғалы тұр», – деп қуанышын білдірді.

ҚАЛИ АПА ЕСКЕРТКІШІ

Қайтарда Мыңқазан ауылына атбасын бұрып, Алтынбек Қоразбаев салдырған Қали апа ескерткішін көрдік. 1994 жылы архитектуралық жұмыстарын жүргізген белгілі архитектор Болат Досжан екен. Ескерткішке 2020 жылы сол кездегі аудан әкімі Мейірхан Өмірбековтың қолдауымен жаңғыру жұмыстары жүргізілген. Ескерткіш үшін Алтынбек Қоразбаев Қырғызға қарай бағытталған үлкен жолдың бойындағы биік төбені таңдапты. Бұл төбеден Қызылсай ауылы және бір қатар елді мекендер көрінеді. Мұның өзі Қали апаның әруағына үлкен құрмет. «Енді осы ескерткішке дейінгі кішкентай ғана жолды асфальттау туралы жұмыстарды ойластырып жатырмыз. Ол жұмыс та жүзеге асатын күн алыс емес», – дейді Жаңатоған ауылдық округінің әкімі Мерей Ержанұлы.

 Ескерткіштен түсе берістегі белгі тасқа: «Қараймын батыс жаққа келе ме деп, Анасын ғаріп болған көре ме деп. Сұраймын өткеннен де, кеткеннен де, Хабарын қос қозымның бере ме деп», – деген бір шумақ өлең жазылыпты. Осы бір шумаққа ескерткіштің мәні де, Қали апаның зары да сыйып кетіп тұрғандай. Біз әйгілі композитор Алтынбек Қоразбаевқа да хабарластық. «Қызылсай – бізді өмірге әкелген қасиетті ауыл. Қолымнан келгенше ауылға мойын бұрып, көмегімді жасап тұрамын. Қали апаның қара шаңырағы туралы да бастама көтеріп, Берік Әлібай ініме өтініш жасадым. Ол жерде қазір көп жұмыс жүріп жатыр. Қара кемпір апаның әруағын құрметтеген ауыл халқына, зергер, мүсінші інім Берік Әлібайға алғысым шексіз», – деді ол.

Қали апаның (Қара кемпір) әруағын ардақтап, тарих үшін жасалып жатқан жұмыстарға біздің көңіліміз толды. Бұйырса, екі ай көлемінде музейдің ашылу салтанаты өтеді екен. Оған дайындық жұмыстары басталып кеткен. Бұл да – елдің тарихына деген құрмет. Қали апаның музейі де талай тарихты жаңғыртып, жас ұрпақты отаншылдыққа, туған өлкені құрметтеуге деген биік сезімдерге тәрбиелей беретіні анық.

Есет ДОСАЛЫ

Меркі ауданы