Спортшылар жолы – таза жол
Спорт күніне орай облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалымен бірлесіп, Тараз қаласындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Достық үйінде» «Жастарды құқықтық тәрбиелеу – сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымның негізі» атты салтанатты жиын өткізді.
Салтанатты жиын өңірдің жеңімпаз спортшыларының жетістіктері туралы видеоролик көрсетумен басталды. Мұнан соң облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Ернар Ибраимов спорт ардагерлері мен спорт саласының үздік қызметкерлерін Спорт күнімен құттықтап, марапаттады. Олардың ішінде мемлекеттік қызметші де бар. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ғали Райымқұлов марапатталды.
Сондай-ақ спорт жанашырлары мен озық спорт қызметкерлерін «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев марапаттады. Өңірімізге белгілі қоғам белсендісі Қасымхан Төлендиев Орталық салалық кәсіподақтың «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісіне ие болды.
Жастардың «Коррупцияға – жол жоқ!» атты флешмобы акциясы аясында грек-рим күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері Марлен Мейірбекұлы жалынды сөз сөйлеп жастарды жемқорлыққа қарсы күреске шақырып, Спорт күнімен құттықтады. Сондай - ақ жиында облыс прокурорының аға көмекшісі Ернұр Берікұлы, облыстық мәслихат депутаты, «Динамо-Тараз» волейбол командасының директоры Андрей Савченко сөз сөйлеп, спортшыларды, спорт мекемелерінің басшылары мен қызметкерлерін заңбұзушылықтың алдын алуға , жемқорлыққа қарсы күреске шақырды. Ісшарада «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы төрағасы Қасымхан Төлендиев сөз сөйледі. «Сыбайлас жемқорлықпен күрес қай кезде де маңызды. Оны басқа сала өкілдерімен қатар облыс спортшылары да жақсы түсінеді. Дене шынықтыру және спорт басқармасымен жасасқан келісімдеріміз де бар. Жамбыл спортшылары Президенттің «Заң және тәртіп» қағидасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын қолдайды! Себебі, тәртіп бар жерде жеңіс те, жетістік те бар. Өңір спортшыларын мерекелерімен құттықтап, әрқашан зор табыс, абырой тілеймін. Біздің өңірдің спорттағы беделі үнемі биік болып келді. Қазіргі жас ізбасарлар, қазір өңір намысын қорғап жүрген жігіттер мен қыздар да тек жеңіс тұғырынан көріне береді деген ойдамын. Спортта жеңіске жету – өңірдің мәртебесіне үлес қосу», – деді ол.
Іс-шараға қатысушылар «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының белсенді жұмыстарынан хабардар болып, ризашылықтарын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ