Әлеумет

Сарқылмас электр қуатын өндіретін станса саны артуда

Орайын тапса дархан даланың шыққан күні, соққан желі, аққан суын да игілік көзіне айналдыруға болатындығына көзіміз әбден жетті. Елімізде осынау табиғаттың мол ресурстарын игеруге оң қадамдар жасалып, «жасыл экономикаға» бетбұрыс мемлекеттік қолдау тауып, өз нәтижесін бере бастады. Бүгінгі таңда облысымызда күн, су және жел электр стансаларының көптеп салына бастауы соның дәлелі.

Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса толыққанды шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрды. Бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалануға, мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы еліміздің сағатына бір триллион киловатт электр энергиясын өндіруге мүмкіндігі бар. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, «жасыл экономиканы» дамыту аясында республика көлемінде 100-ге жуық жаңа жоба енгізіліпті. Жалпы Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін (бұдан әрі – ЖЭК) пайдалану жағынан республикамызда алдыңғы қатарлардың бірінде. Республика бойынша жалпы қуаты 3032,12 мегаватты құрайтын 153 жаңартылатын энергия көздерінің нысаны жұмыс істейді. Ал өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, жиынтық қуаты 24,4 мегаваттық 6 су, 275,65 мегаваттық 10 жел, 271,25 мегаваттық 6 күн электр стансалары бар.

– «Жасыл экономика» – бұл экономикалық, әлеуметтік және экологиялық даму мәселелерін біріктіретін тұрақты даму тұжырымдамасы. Бұл қоршаған ортаға қысымды азайтуға, табиғи қорларды тиімді пайдалануға, табиғи экожүйелерді сақтауға, табиғи капиталды арттыруға, экологиялық жағынан таза өнімдер шығаруға, халықтың әл-ауқатын арттыруға, ресурстарды үнемдеп, тиімді тұтынуға бағытталған. Бұл ретте, сала бойынша Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. 2025 жылдың 7 айында облыс бойыша жалпы сағатына 3134 миллион киловатт электр энергиясы өндірілді. Оның ішінде ЖЭК көздерінің үлесі 14,5 пайызды (453,17 млн. кВт/сағ.), дәстүрлі энергия көздерінің үлесі 85,5 пайызды құрады (2 680,9 млн. кВт/сағ.), – дейді басқарма басшысы. Облысымызда жүзеге асырылған жобалардың ішінде ірі жобалар да бар. Оның бірі 2021 жылы Сарысу ауданында жүзеге асырылды. Ол жалпы құны 49 миллиард теңгені құрайтын қуаты 100 мегаваттық «Жаңатас жел электр» стансасы. Сонымен бірге қуаты 9,2 мегаватт құрайтын «Тасөткел» су қоймасындағы су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылды.

Ал 2022 жылы Жамбыл ауданындағы қуаты 50 мегаватты құрайтын «AEC ASA» күн электр станциясы және Талас ауданында қуаты 13,5 мегаваттық «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» 3 жел электр станциясы пайдалануға берілді. Олардың әрқайсысының қуаты – 4,5 мегаватт. Ал 2024 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 мегаватты құрайтын «Шоқпар ЖЭС» жел электр станциясы іске қосылды. Сондай-ақ Жамбыл ауданында орналасқан «AEC ASA» күн электр станциясын қосымша 20 мегаватқа кеңейту жұмыстары жүргізілді. Облыстың ЖЭК нысандарын салуға қолайлы болуына байланысты алдағы жылдары жалпы қуаты 2 гегаватты құрайтын 2 ірі жобаны іске асыру көзделуде.

Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қуаты 1 гегаватты құрайтын жел электр станциясы, Сарысу және Талас ауданында Masdar (БАӘ) компаниясы тарапынан қуаты 1 гегаватты құрайтын жел электр станциясы жобаларын іске асыру көзделуде. Бұл облыстың аталған саладағы өз потенциалын тиісті деңгейде пайдаланып отырғандығын көрс етеді. Жоғарыда айтқанымдай, Жамбыл өңірі елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында көшбасшы болып табылады. Бүгінгі таңда облыста жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жоба іске асты. Әр жоба тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына және олардың әл-ауқатының артуына оң серпін берері сөзсіз. Бұл жетістіктер инвесторларды қолдау және аймақтың табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған ұзақмерзімді стратегияның нәтижесі, – дейді басқарма басшысы.

Ғалым Исақовтың айтуынша, Мойынқұм ауданында «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жалпы қуаты 1000 мегаватты құрайтын жел электр стансасын салу бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Осы жерде бір атап өтерлік жайт, Шу ауданындағы «Жібек жолы» арнайы экономикалық индустриалдық аймағында SANY Renewable Energy компаниясының Қазақстан Жамбыл облысындағы зияткерлік өндіріс базасы жобасы қолға алынды. «СамұрықҚазына» акционерлік қоғамы мен қытайлық SANY Renewable Energy компаниясының бірлескен жобасы аясында бұл аймақта жел электр стансасының құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт салынғалы тұр. Жобаның жалпы құны 53,6 миллиард теңгені құрайды. Бұл нысанның бірінші кезеңінің құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың бірінші жартысында аяқтау жоспарлануда. Жылдық қуаты бір-екі гегаватты құрайтын жел электр стансасының құрал-жабдығын шығару. Жоба аясында 88 жаңа жұмыс орны ашылады деп болжануда. Ал стансаның екінші кезеңі жүзеге асырылған соң мұндағы жұмысшы саны 300-ге жуықтамақ. Ал қос кезеңнің жобалық құны 114 миллион АҚШ долларын құрайды. Жалпы бөлінген жер аумағы – 24 гектар.

– Облысымызда осындай Орта Азияда жоқ SANY компаниясының жел генераторларын құрастыратын зауыт құрылысының басталуы қуанарлық жағдай. Өйткені бұл жоба облыстың жоғары инвестициялық әлеуетін растап, тұрақты дамуы мен экологиялық таза технологияларды пайдалану негізгі бағытымыз екенін көрсетіп отыр. Жалпы Президент тапсырмасымен елге инвестиция салған инвесторларға барлық жағдайлар жасалуда. Мәселен, біздің арнайы экономикалық аймағында іске асырылып жатқан жаңа ел экономикасына пайдасын тигізетін ірі жобаларға инвестициялық преференцияларына толық көлемінде қолдау көрсетілуде. Ең алдымен олар корпоративтік табыс, жер, мүлік салығынан және шетелден құрал-жабдықтарды тасымалдау барысында баж салығынан толығымен босатылады. Бұл инвесторлар үшін үлкен жеңілдік деп санаймын, – дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов.

Облысымыздың Қордай ауданында бұған дейін «Виста-Интернешнл» ЖШС-ның қуаттылығы 21 мегаватты құрайтын, құны 6 миллиард 362 миллион теңгенің жобасы іске қосылса, енді «Ветро Инвест» ЖШС қуаттылығы 53,75 мегаваттық, құны 12 миллиард 8 миллион теңгенің жобасы жүзеге асырылды. Бұл жоба Индустрияландыру картасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары бойынша мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылған еді. Бүгінде мұнда Германияда жасалған 40 энергетикалық қондырғы орнатылған. Бұл қондырғылармен жылына 50 миллион киловатт сағатқа дейін электр қуатын өндіруге болады. Оның әрқайсысының салмағы 180 тонна болса, биіктігі 60 метрді құрайды. Салыстырмалы түрде айтқанда, ол 150 мыңға жуық халқы бар Қордай ауданын электр қуатымен толық қамтамасыз етуге қауқарлы.

Сондай-ақ осы өңірде алғаш пайдалануға берілген «Отар» күн электр стансасының да облысымызда алар орны ерекше. Құрылысының құны 200 миллион теңгені құраған күн электр стансасының қуаттылығы – 504 киловатт болды. Жалпы бүгінде «Отар» күн электр стансасының белгіленген қуаттылығы – 7 мегаватт. Бұл жоба «ҚазЭкоВатт» ЖШС жекеменшік инвестиция қаржысы есебінен бой көтерген. Сонымен қатар ол ортақ электр желілеріне қосылған және Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіне электр қуатын бере алады. Ал Жуалы ауданындағы қуаттылығы 50 мегаваттық «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШСның күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылады. Бұдан бөлек, Жуалы ауданында «Көксай» шатқалынан қуаты 18 мегаватты құрайтын шағын су электр стансасы мен «Ақсай» каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысын салу жоспарлануда. Бұл жобалар бірнеше жыл қолға алынғанымен, әзірге құрылыс жұмыстары тоқтап тұр.

Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ ауылындағы «Қарақыстақ» су электр стансасының да облысымыз үшін маңызы зор. Қуаты 2,3 мегаватты құрайтын су электр стансасы жобасының инвесторы – «ЭнергоСтройПроект» ЖШС. Бұл су электр стансасында 12 адам жұмыс істейді. Ал Меркі ауданындағы «Меркі-3» шағын су электрстансасы тау өзенінің жоғарғы жағында орналасқан. Жергілікті жұрт «Меркенка» деп атап кеткен тау өзенінің суын қорек қылатын Меркі СЭС-інің қуаттылығы 1,5 мегаватты құрайды. Осылайша жыл санап облысымызда «жасыл экономика» белдеуі қалыптасып, отандық табиғи өнім өндірушілердің қатары артуда. Аймақта күн, жел және су электр стансаларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленген. Жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің саны 1,2 гигаватт қуатымен 32 нысанға дейін жеткізілмек. Жамбыл облысы өңірінде күн инсоляциясының көрсеткіші сағатына 1500-1600 киловатқа дейін жететінін, бұдан Еуропаның көптеген елдерінен артық мүмкіншіліктері бар екендігін көруге болады. Бұл көрсеткіш бизнес жобалар үшін өте қолайлы аймақ қатарында. Аудандар бөлінісінде қарасақ, Тараз қаласы мен Байзақ ауданында сағатына – 1465, Меркі ауданында – 1471, Шуда – 1459, Т.Рысқұловта – 1463, Жуалыда – 1520, Сарысуда 1520 киловатт күн инсоляциясы мүмкіншілігі бар. Облыстың жел энергиясын өндіру бойынша басымдылығын анықтау үшін Қазақстанның жел ресурстарының атласы пайдаланылды. Атлас картасына сәйкес республика бойынша 100 метр биіктіктегі жел жылдамдығының орташа көрсеткіші жел энергиясын дамытудың негізгі алғышарты болып табылады. Картадан есептеп, салыстырып қарасақ, жел энергиясын дамыту бойынша Қордай, Сарысу, Талас, Шу аудандарымен қатар Мойынқұм ауданында үлкен мүмкіншіліктер бар екендігі байқалады. Қалған аудандарда, картаға сәйкес, жел энергиясын өндіру әлеуеті төмен, желдің жылдамдығы 5 метр секундтан аспайды.

Су ресурстарының мүмкіндіктерін анықтау бойынша табиғи ресурстарды пайдалану жөніндегі басқармамен бірлесіп облыстың өзендері мен су қоймаларының мүмкіндіктері зерттелді. Нәтижесінде облыстың 10 өзені мен су қоймаларында жүзеге асырылуы мүмкін 12 перспективалық жоба анықталды. Стансалардың болжамды қуаты шамамен 140 мегаватты құрайды.

Перспективалы жобалар негізінен тау өзендерінің жоғарғы ағысында тұрған Жуалы, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов пен Қордай аудандарының аумағында орналасқан. Жобалардың бұл тізімі шетелдік және отандық инвесторларға ұсыныс ретінде ұсыну үшін «Қазақ Инвест» компаниясының облыстық филиалына жіберілді. Аталған аудандарға облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, осы жобаларды іске асыру бойынша инвесторларды тарту бойынша жұмыс күшейтілген.

– Реті келгенде басқармаға қарасты жарықтандыру және газдандыру бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. «Жасыл экономика» барысындағы жұмыстар жоғарыда жанжақты айтылды. Ал көшелерді жарықтандыру жұмыстары да жоспарға сәйкес жүргізілуде. Атап айтсақ, жоспарға сәйкес, 2028-2029 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 2,5 гигаватт қуатымен 24 нысанға дейін жеткізілетін болады. Жалпы алғанда, белгіленген барлық жобаларды іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электрмен жабдықтауға және облысты «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда, облыс бойынша жалпы 2501 көше жолдары жарықтандырылып, 62802 жарық шамдары орнатылған, оның 50948-і энергия үнемдейтін диодты шамдар, 11854-і натрийлы ЖКУ шамдары.

Сонымен қатар өңірдің елді мекендерін экологиялық таза көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл ретте, 2024 жылы жалпы сомасы 10,5 миллиард теңгеге 12 жоба іске асырылып, 3 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, облыстың газбен қамту деңгейі халық санымен 91,3 пайызға жетті. Биыл жалпы сомасы 20,5 миллиард теңгеге 14 жоба іске асырылуда, жыл қорытындысымен 10 елді мекенді газдандыру көзделуде. Нәтижесінде облыстың табиғи газбен қамту деңгейі 91,8 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ өткен жылы жалпы 144,4 миллион теңгеге 6 жылыту қазандықтары табиғи газға ауыстырылды, биыл 606,5 миллион теңгеге 8 қазандықты табиғи газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы облыс бойынша 350,7 шақырым жылу желілері бар. Өткен жылы 16,5 миллиард теңгеге 16 жоба іске асырылып, 9,6 шақырым жылу желілері ауыстырылды. Нәтижесінде, жылу желілерінің тозу деңгейі 54 пайызға жетті. Биыл жалпы сомасы 3,3 миллиард теңгеге 5 жоба іске асырылуда, нәтижесінде жыл соңымен тозу деңгейі 53 пайыз төмендейтін болады. Облыс бойынша 4 қалада (Тараз, Қаратау, Жаңатас, Шу) жалпы 1855 көпқабатты тұрғын үй бар, оның 620-сы қанағаттанарлық жағдайда (33 пайыз), 657-сі жөндеуден өткен (35 пайыз), 578-і жөндеуді қажет етеді (31 пайыз). 2011-2024 жылдары аралығында жалпы 23,8 миллиард теңгеге 657 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті.

Өткен жылы республикалық бюджет есебінен 5,9 миллиард теңгеге 81 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілді, оның ішінде Тараз қаласында 53, Жаңатас қаласында 12, Шу қаласында 12, Т.Рысқұлов ауданындағы Құлан ауылында 4 үй бар. Жалпы 92380 шаршы метр шатыр, 3273 шаршы метр подъезд терезелері, 36215 метр жертөледегі жылу құбырларын ауыстыру, оқшаулау жұмыстары атқарылды. Ағымдағы жылы 87 тұрғын үйді күрделі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 8,3 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылды. 2027 жылға қарай күрделі жөндеуді талап ететін тұрғын үйлердің үлесін 21 пайызға дейін төмендету жоспарланған. «Жасыл экономикаға көшу» бағытындағы жұмыстар ары қарай жоспарлы түрде жалғасатын болады, – дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов.

Қорыта айтсақ, табиғат көзінен энергия өндіру аймақта дұрыс жолға қойылып келеді. Ең бастысы, бұл жобалар кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Жұмыс осылай жалғасын табатын болса, алға қойылған мақсат – электр қуатын өндіретін стансалар санын 32 нысанға жеткізу өз мәресіне жетеді деген сенімдеміз. Ол кезде өндірілетін қуат көзі 1251 мегаватқа жетпек. Бұл бізді көрші мемлекеттерден электр энергиясы.

Марат ҚҰЛИБАЕВ