Спорт және туризм

«Арландар» айқасқа дайын

«Арландар» айқасқа дайын

«Baku Fires» командасына қарсы шығатын боксшылар белгілі болды

Бүкіләлемдік бокс сериясының V маусымының үшінші кезеңінде«Астана арландары» «Baku Fires» командасымен кездесу өткізеді. Сенбіге жоспарланған матчқа қос команда да құрамын жариялап үлгерді. Сонымен Әзірбайжанның Губа қаласындағы «Олимпиадалық спорт» кешенінде арқан бойы керілген шаршы рингке төмендегі жұптар жұдырықтасады. 49 келі: Расул Салиев – Теміртас Жүсіпов; 56 келі: Могамед Гурбанов — Нұрсұлтан Көшеғұлов; 64 келі: Гайбатулла Гаджалиев — Асхат Уәлиханов; 75 келі: Жава Хостияшвили — Мейірім Нұрсұлтанов; 91 келі: Рахил Маммадали — Василий Левит; Иә, «Арландар» үшін WSB аймақтық маусымындағы ең қиын әрі күрделі кездесу болғалы тұр.«Астана арландарының» экс бапкері Сергей Корчинский «Baku Fires» командасының тізгінін ұстады. Демек, ол біздің команданың қыр-сырын бір кісідей біледі деген сөз. Дегенмен, «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубының жігіттері де ол бапкердің сырына қанық шығар. Қалай болған күнде де 56 келідегі Нұрсұлтан Көшеғұловтан өзге боксшыларымыз бүкіләлемдік бокс сериясының дәмін татқан саңлақтар. Василий Левит – осы уақытқа дейін ешқандай қарсыласына есе жібермеген оғлан. Мейірім Нұрсұлтанов та жыл өткен сайын өзінің мықтылығын дәлелдеумен келеді. Биыл ел чемпионы атанғаны соның айғағы. Теміртас Жүсіпов тынымсыз қимылымен, сансыз соққыларымен қарсыластарын тығырыққа тіреуге дайын. Асхат Уәлихановтың да әзірбайжандық командада кеткен есесі бар. Нұрсұлтан Көшеғұловқа да өз мүмкіндігін пайдаланып, мықтылығын дәлелдер сәт туды. Тек сырт алаңда айқын басым болу қажет. Әйтпесе, жеңіс қолдан сусып кетуі мүмкін. Оны «Арландар» жақсы біледі. Жігіттерге сәттілік!

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».