Ауыл азаматтарымен ажарлы
Жағдайы жақсы, жұмысы алға басқан шаруа қожалықтар – ауыл, аудан экономикасының дамуына айтарлықтай әсер береді. Ондай шаруа қожалықтарды барлық ауданның ауылдық округтерінен кездестіруге болады. Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылының табысты шаруа қожалығының атауы – «Ержан».
Шаруа қожалық 2005 жылы құрылған. Сол уақыттан бері табысты жолдың желісін үзбей алға қарай нық басып келеді. Қожалық төрағасы Марат Сағындықов егін мен малдың жағдайын білетін тәжірибелі де білікті маман. 43 жыл еңбек өтілі бар. Шаруашылықта және ауылдық округ әкімдігінде бас мал дәрігері болып еңбек еткен. Шаруа қожалықтың жайылымдық жері жеткілікті мөлшерде деп айтуға болады. Атап айтқанда, 1100 гектар аумақты қамтиды. 5 гектар жоңышқалығынан жыл сайын 4 мың түк шөп орып алып жүр. Шаруа қожалықтың ірі қара малы негізінен қыстың кезінде де өз аяғымен жайылып, қолға көп қарамайды. Сонда да тәжірибелі қожалық жетекшісі жылқы мен сиыр малына арнап, қыстаудың басынан екі мая шөп, екі тонна жем дайындатып қойған. Жыл сайын осы іс дағдыға айналған. Себебі, малдың жем-шөбі, күтімі болмай, өсімі болмайды. «Мал баққанға бітеді», – дейді.
Кім болса соған бітпейді, мал баққан адамның ғана бағына айналады. Осы жағын Марат Әшімбекұлы жақсы түсінген. Ұзақ жыл үлкен шаруашылықты ұстап келген Сағындықов қазіргі таңда мал басын ықшамдаған. Дегенмен малдың басы жеткілікті. Атап айтқанда, 120 жылқысы, 80 сиыры мен төлдейтін 900 бас саулық қойы бар. 7 адамды тұрақты жұмыс көзімен қамтып отыр. Әр малшыға ең кемінде 200 мың теңге жалақы төлейді. Ал осы шаруа қожалықта ұзақ жыл малшы болған кісілерге үнемі сыйақы, көтерме қаржы беруден жалыққан емес. Әр малшының азық-түлігі, ай сайын бір қап ұны тегін. Шаруа қожалықтың техникасы сай. 2021 жылы 8 миллион 300 мың теңгеге лизингпен жаңа трактор сатып алған. Жаңаның аты – жаңа. Сол трактор шаруашылықтың барлық қажетіне жарап тұр. Әулеттің отанасы Айзада Сағындықова ауыл орталығындағы жекеменшік дүкеннің жетекшісі. Марат пен Айзаданың үш ұл, үш келіні бар. Олардан тәтті немерелер өсіп-өніп келеді. Ұлдары Ержан мен Есенгелді де кәсіпкер.
– Осы ауыл бізге ыстық, бізге ерекше қымбат. Шаруа қожалықты ұзақ жылдан бері басқарып, дамытып келеміз. Ауылдың қоғамдық жұмысына көңіл бөліп, демеушілік қажет жер болса, қаржылай қолдау көрсетіп тұрамыз. Себебі, тіршілігіміз бен тынысымыз осы ауылмен бірге. Балаларым да шаруашылық пен кәсіпкерлікке бейім болып өсті. Соған қуанамын. Болашақ – солардікі. Өзім 69 жасқа қарадым. Осы шаруа қожалықты әрі қарай балаларым жалғастырып әкетеді деген ойдамын. 2012 жылы қасиетті Мекке топырағына қажылыққа барып қайтқанмын. Ауылда жаңа мешіт салынды. Сол ғибадат орнының тұрақты жамағатымын. Бұл ауыл кілең жақсы адамдар тұратын берекелі ауыл. Балуан Шолақ ат амыздың е сімін үнемі ардақтап отырамыз. Ауыл жастарының тәрбиелі болуына, ауылда имандылықтың өркен жаюына өзге ақсақалдармен бірге өз үлесімізді қосып жүрміз. Қазір ауыл шаруашылығына ерекше қолдау бар. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар ауыл шаруашылығын дамытуға, алыс ауылдағы шаруа қожалықтардың жағдайын көтеруге арналған. Мұндай қолдауға қуанамыз. Ауылдың абыройы арта береріне сенеміз, – дейді «Ержан» шаруа қожалығының жетекшісі Марат Сағындықов.
САҒЫНТАЙ БАСҚАРҒАН ЖҰМЫС СЕРПІНДІ
Балуан Шолақ ауылындағы төрт аяғынан тең басып тұрған шаруа қожалықтың бірі – «Уәли» шаруа қожалығы. Шаруа қожалықты 59 жастағы Сағынтай Уәлиев басқарады. 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қожалықтың іркіліп қалған кезі жоқ. Қашанда дамып, өркендеп келеді. Шаруа қожалықтың 1600 гектар жайылымдық жері бар. Жыл сайын мал азығы ретінде 4 мың түк табиғи шөп, 2 мың 500 түк жоңышқа жинап алады. Шаруа қожалық жем-шөп қорын жеткілікті жасақтап алады. Оған барлық мүмкіндіктері бар. Шаруа қожалықта 90 жылқы, 90 сиыр, төлдейтін 700 қой бар. 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Әр малшы мен жұмысшыға 300 мың теңгеден жалақы төлейді. Малды бағу, шығынсыз өсіру оңай емес, сондықтан қыстау, күздеуде тыным таппай жүрген еңбек адамдарының еңбегі лайықты бағалануы тиіс. Оны төраға Сағынтай Әукенұлы жақсы түсінетін секілді. Отанасы Гүлмира Шынтемірова да отағасына үнемі қолдау көрсетіп отырады. Сағынтай мен Гүлмира екеуі бір қыз, төрт ұл тәрбиелеп отыр. Шаруа қожалықтың техникасы да жеткілікті. Сағынтай Уәлиев те ауылдың талай қоғамдық жұмысына демеушілік жасап, қолдап келеді. Ауылдың ортақ игілігіне қол ұшын беріп, алғысқа бөленуде. Ауыл үшін жасалатын игі бастамадан тартынып қалған кезі жоқ. «Ауыл – бәріміз үшін қымбат. Ауыл ажарланып тұрса, бақбереке деген сол. Сондықтан Жаратушы берген нәсіпнесібенің есебінен игі істерге қолдау көрсетемін. Ауылға жасалған көмек өте маңызды. Оны ауыл адамдары да ерекше айтып отырады. Айтып жүрсін деп қолдау жасамаймыз. Не жасасақ та ауылға деген шынайы құрметпен жасаймыз. Ауылдың бірлігі мен берекелі тірлігіне ризамыз. Ауыл ақсақалдары да белсенді. Сол қарттардың баршасы осы ұжымшардың іргетасын қалаған. Ауылдың дамуы үшін тер төккендер. Малды да баққан, егінді де еккен – сол кісілер. Қазір де қоғамдық жұмысқа белсене қатысып, жастарға үлгі болып жүр. Сондықтан шаруа қожалықты басқарып тұрып, сол ақсақалдардың айтқан ұсыныстарын үнемі қолдап, қаржы жағынан да көмектесіп отырамын. Себебі, жасалған іс – ортақ игілік», – дейді төраға С.Уәлиев.
Балуан Шолақ ауылына бара қалсаң береке мен ынтымақты, түзу тірлікті байқайсыз. Сол істің көш басында ауыл ақс ақа лдары мен шаруа қожалық төрағалары, кезінде ауылдың дамуы үшін тер төккен әжелер жүреді. Әйгілі Балуан Шолақ атаның атына лайық ауыл. Аудан орталығы Төле би ауылына апаратын жолы да жөнделіп, ауыл халқының қуанышында шек жоқ. Бұрын ойдым-ойдым қотыр жолда сағаттап жүретін Балуан Шолақ ауылы тұрғындары қазір жеңіл көлікпен 15-16 минутта аудан орталығына жетеді. Аталған ауылдың ынтымағы мен берекесі қуантады.
Есет ДОСАЛЫ,
Шу ауданы