Басты жаңалық

Президент Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады

Кездесу барысында қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының өзекті мәселелері парламентаралық байланыстарды дамыту тұрғысынан талқыланды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Танзила Нарбаеваға ілтипат білдіріп, оның Астанаға сапары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың айрықша сипатта өрбіп келе жатқанын растайтынын атап өтті.

Мемлекет басшысы қос халық арасындағы достық, тату көршілік байланыстарды нығайтуға Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенаты төрағасының қосқан үлесін жоғары бағалады.

Танзила Нарбаева қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, Президент Шавкат Мирзиёевтің сәлемін жеткізді.

Мемлекет басшысы орайлы сәтті пайдаланып, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке жылы лебізін жолдады.

Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты стратегиялық серіктестікті тереңдетуге сіңірген еңбегі үшін Танзила Нарбаеваны II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.