Қоғам

«Құқығыңды біл, міндетіңді орында!»

Конституцияның 30 жылдығына орай «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында көпбалалы аналармен TED-x форматында ерекше кездесу ұйымдастырылды. «Құқығыңды біл, міндетіңді орында!» тақырыбымен өткен кездесуді облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты қос мекеме облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы және Еңбек мобильдігі орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Мұндағы мақсат – азаматтардың, әсіресе әйел-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың құқықтары мен міндеттері туралы түсініктерін кеңейту.

Конституцияның 30 жылдығымен құттықтап, кездесуді ашып берген «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы директорының орынбасары Баян Мұртазаева құқықтық сауаттылықты арттыруда берері мол басқосудың маңыздылығына тоқталды. – Еліміздің Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданғаны баршаға мәлім. Конституция – еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің негізгі тірегі. Ол әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етіп, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға кепілдік береді. 30 жыл ішінде Ата Заңымыз – еліміздің саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының бағытын айқындап, құқықтық мемлекетті қалыптастыруға негіз болды. Конституцияның 30 жылдығы жай мереке ғана емес, мемлекетіміздің зайырлы тұрғыда дамуына, халқымыздың құқығы қорғалып, еліміздің өркендеуіне бастар даңғыл жол, – деді Баян Мұртазаева.

Кездесуге арнайы келген спикерлер – сот жүйесінің ардагері Уәлиға Қайманова, Тараз қаласы бойынша Мансап орталығы директорының орынбасары Ерғали Кембаев, «Отбасы банк» кеңесшісі Аяна Қойбакишева өз салалары бойынша азаматтардың құқықтарынан кеңес берді. Спикерлер өз сөздерінде аналардың еңбек құқықтары, әлеуметтік қолдаулар, сотқа жүгіну тәртібі және тұрғын үй мәселелері бойынша құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік жәрдемақыларға қатысты сұрақтарға толыққанды жауаптар берілді. Сонымен қатар кездесу барысында өзекті әлеуметтік мәселелер талқыланып, қатысушыларға құқықтық қолдау көрсетілді. Кездесу ашық пікір алмасу мен сұрақжауап форматында өтіп, қатысушылар құқықтық кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Қамар ҚАРАСАЕВА