Құқық

Әскерге бару – әр жігітке абырой

«Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем, Арынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем. Мен оның қасиетті тілін сүйем, мен оның құдіретті үнін сүйем», – деп мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, «Отан» әр адам үшін қасиетті ұғым. Арқасүйер еліңнің, еркелейтін Отаныңның болуы бақыт. Ер азамат үшін үлкен міндеттің бірі – Отан алдындағы борышыңды өтеу.

Мен – жас ақын Сәбит Бақтиярұлы әскери борышымды жақында өтеп оралдым. Шығыс Қазақстан облысы, Серебрянск қаласы Әуе Қорғаныс күші, №97638 бөлімі, 2-дивизионында бір жыл бойы әскер қатарында болдым. Осы бір жыл мені есейтті, шынықтырды. Кіші сержант атандым. Радио байланыс бөлімшесінің командирі болдым.

Әскерде белсенді қызмет ете жүріп, 8 және 22 наурыз іс-шараларын, домбыра тарту байқауын ұйымдастырдым. Өзге ұлт өкілдеріне қазақтың патриоттық әндерін үйреттім. Бұл ол жігіттердің өз өтініштері бойынша жүзеге асты. Қазақ әндерін үйренгісі келетін басқа ұлт өкілдерінің қызығушылығы мені қуантты. Дивизион командирі Еркебұлан Жаманбалаев үнемі бәрімізге жігер беріп қолдады. Осы кісінің ұсынысымен бірнеше рет Құрмет грамотасын алдым.

Менің анам – белгілі айтыс ақыны Алтынкүл Қасымбекова. Ол кісі әскерде жүрген маған өлеңмен хат жазатын. Мен де жыр шумақтарымен жауап беріп жүрдім. Әскерде түрлі жақсы қабілеттерің, әр жағдайға бейімің болған сайын қадірің арта түседі. Әрине, кез келген қазақ жігітінің бойында жақсы қасиет аз емес қой. Оның барлығы әскерде бағаланады. Әскерде әр сарбаз шын сөйлеуге, нақты пікір айтуға, ісін тиянақты жасауға үйренеді. Сол жақсы қасиет әскерден кейінгі өмірінде де маңызды рөл атқарады деп ойлаймын.

Өзім де бойымдағы қасиеттерім мен қабілеттерімді көрсетуге, жақсы достар табуға тырыстым. Көп жігітпен достасып кеттік. Әскерде үш мезгіл тамағы бар, уақытылы моншасы жұмыс істейді. Күнделікті жаттығу жасау, жүгіру – әр жігітке керек нәрсе. Әскери тәртіпті орындау – жылдамдыққа тәрбиелейді. Отан алдындағы борышты өтеу барлық жағынан пайдалы. Мен соны ерекше түсіндім. Әскерге өз еркіммен кеттім. Ол шешіміме қуанамын. Ешқандай өкінбеймін. Бір жыл деген уақыт бір күндей өте шықты. Міне, қазір өз ауылымда, өз үйімде жүрмін. Жолым ашық. Әскери салаға жұмысқа тұруыма да еш кедергі жоқ. Сондықтан әскерге неғұрлым ертерек барып келген дұрыс. Әскери өмірді әр қазақ жігіті көргені дұрыс. Себебі Отанның қорғаушылары – өзіміз. Отан өзіміздікі. Осыны естен шығармаған жөн.

Сәбит ЫСҚАҚОВ,

 жас ақын.

Байзақ ауданы