Қоғам

Әр үйдің тірегі – Әке!

Біздің бала күнімізде әке-шешеміз жастау еді. Олар да, балалары біз де бақытты едік. Олар белшесінен бейнет кешкен шопан болса да, біз қойшының ұл-қыздары болсақ та ата-ананың жанында қуанышты болатынбыз. Әке-шешеміз малда, біз ауылдағы үйде қалып, мектепте оқыдық. Әр тоқсанның соңындағы демалыс күндерді асыға күтіп, әр демалыстан екі күндей кеш оралушы едік. Әкеміз бен анамыздың қасы ыстық, қуаныш пен жылуға, шуаққа толы болатын. Сондықтан, әр тоқсан сайын демалыс уақыты бітпесе екен деп тілейтінбіз.

Уақыт тоқтаусыз зымырады. Әр тоқсанның демалысы түгілі мектеппен қоштасып кеткенімізге де талай-талай жылдар өтіп кетті. 2009 жылы 68 жасында ұзақ жылдар ауырып, ауырса да ортамызда сыр бермей жүрген Күлбала Ысқаққызы анамыз бір ай төсек тартып, өмірден озды. Анамызды қанша қимасақ та сол 68 жасқа да шүкір дедік. Әйтпесе, анаммен жасты кісілер, тіпті анамнан жасы үлкендер де қазір бала-шаға, ұрпақтарының ортасында отыр. Анамның өзі де қанағатшыл еді. «Ұлқыз, немерелерімнің алдында, төсекке ұзақ таңбай, біреудің қолына жәутеңдетпей осы кезде ала берсең ризамын» деп те жалынды Жаратушыға. Айтылған сөз атылған оқ па екен, кім білсін. Анам өзінің ғұмырына риза болды, аз деп өкпелеген жоқ. Бұйырған немерені сүйді. Шөбере көргісі келген. Көзінің тірісінде шөбере көре алмады. Анам өмірден өткен соң, жеті-сегіз ай өткенде әкем шөбере көрді. Бар болғаны жеті-сегіз ай. Шер ағаң айтқандай, бір кем дүние!

Анамыздың бір ғана уайымы әкеміз еді. «Мен бардың өзінде мінезің бар, балалармен кейде келісе алмай қаласың. Мен кетсем, жағдайың қалай болар екен сенің?» деп алаңдайтын.

Әке демекші, анамыз өмірден озғанда Жаңабай Досалыұлы әкеміз 71 жасқа қараған. Мінезі бар, асаулау кісі болатын. Анамыз мәңгілік мекеніне аттанған соң, әкеміздің мінезі де жақсы жағына өзгерді. Баяғыдай жиі айқайға баспай, әр нәрсені сабырға жеңдірді. Әлде анамыз барда еркелей ме екен?!

Біз әкемізбен мақтанамыз. Мақтанғанда адал жан, қарапайым еңбек адамы деп марқаямыз. Ұзақ жыл «Ойық» кеңшарында аға шопан болды. Озат малшының біреуі еді. Өз отарындағы 800-ден астам қойдың барлығын түсінен танитын. Мұны үлкен қасиет демей, не дейміз? 800 қой түгілі есігінің алдындағы 8 қойын дұрыс тани алмайтын кісілер де болады. Мал бағу оңай емес. Талай суық күндерде қойдың бір бөлігі ықтап кетіп, малдың жоғалатын сәті бар. Сондай күндерде әкем жылы киініп алып, мал іздеуге шығатын. Отарын анам мен ағаларыма қалдыра тұрады. Мал іздегенде де желдің қайдан болғанын, қайда ықтап кетуі мүмкін екенін дәл болжап, із кеседі. Кешкілік мал іздеп кетіп, ертеңіне түс болмай жоғалған малын түгел тауып, айдап келетін. Ол уақытта көзден таса болған малды «базар» асырып жіберетін Құдайдан безгендер аз ғой деймін. Әйтеуір табылатын. Табылғанда сол жоғалған малдың кеткен бағытын әкемнің дәл табатынына қайран қалушы едім. Шынымен де таңданатын дәлдік қой. Малдың бейнеті көп. Көктемде малды төлдету деген – бір мехнат. Бір жылы көктемде мал төлдеп, әкем көмекшілерімен бірге әбіржіп, қарбаласып жатқанда кеңшар директоры Ералы Дадабаев аралап келіп қалады. Өзі маңыраған малмен алысып жатқан әкеме директор бірдеңе деп ескерту айтыпты. Сонда ашуланған әкем: «Кетпенмен жіберіп ұрайын ба?», – деп тұра ұмтылыпты. Кеңшар директоры да есті кісі ғой. Сөзінің артықтығын біліп, кілт бұрылып көлігіне мініп кетіп қалыпты. Кейін мал төлдеп бітіп, малшылардың арқа-басы кеңігенде әкеме келіп, күліп амандасыпты. «Жаңабай, ашу басылды ма? Еңбек адамының ісі әрқашан дұрыс. Еңбегің жана берсін. Сен өз жұмысын білетін озат шопансың», – деп мақтап, жылы сөзін арнап кетіпті. Біздің әкеміз осындай басшыға да, қарапайым еңбекшіге де сыйлы еді.

Менің бойымнан бір талантты байқаған болар. Мектеп бітірген жылы маған жанашырлық сөз айтты. «Сенің ақындық талабың бар. Сені бүкіл малымды сатсам да оқытамын. Бойыңдағы өнерің қор болмасын», – деді. Менің оқуға бара алмай қалғаныма жаны ауырған екен. Өзімнен де болды. «Әке, биыл сізге көмектесіп, оқуға келесі жылы барайын» дедім. Содан келесі жылға жетпей бір ағам үйленіп, оның қарызынан әрең құтылғанда тағы бір ағам бас құрады. Ол кезде ауылдарда жағдай күрделі. Ұн жоқ, қант жоқ. Бір семіз бордақы қойға бір қап ұн ғана аласың. Біздің үйде он шақты жан бармыз. Айына 3 қап ұн жетпей қалады. Осындай жағдайда «Мен қалайда оқимын», – деп қайтып айтасың. Айта алмадым. Бір қалған соң қалып кетіп, институтқа түсуім 8 жылдан кейін ғана жүзеге асты.

Ештен кеш жақсы екен, кейіндеу болса да, жоғары оқу орнының дипломын алдық. Облыстық жастар газетіне тілші болып қабылдандым. Бас құрадым. Мұның бәрі әкем мен анама шексіз үлкен қуаныш еді. Анам есімді жия алмаған кезде ертелеу қайтты. Әкем, шүкір, 86 жас жасады. Менің Тараз қаласының жоғары оқу орындарында, облыстық кітапханада, Талас аудандық мәдениет үйінде өткен шығармашылық кештеріме қатысып, мерейі өсті. Нұрлан, Нұркен ағаларым үшін де талай қуанды. Нұрбала, Гүлмира әпкелеріме, Гүлнар қарындасыма көңіл бөліп, жағдайларын сұрап отыратын. Менің өзімнен үш немере көрді. Жалпы 9 ұл-қызынан 36 немере, 56 шөбере сүйді. Аллаға шүкір. Өзі шопан болса да өмірінің соңғы он жылында облыстық газетке бас редактор болған Баттал Жаңабайұлы, Әлдихан Қалдыбаев, үлкен институтқа ректор болған Жүсіпбек Сүлейменов, Базартай Әлімбаев секілді ел ағаларымен сыйласып, бірге жүрді. Бауырларын, ағайын-туыстарын ұмытпай, Айт сайын аралап, амандасып тұратын. Өмірден ерте озған Несіпбай ағасының, Жақсыбек, Жамбыл, Лесбек інілерінің шаңырағында болып, жиі еске алып, Құран бағыштап отырар еді. Өмірден ерте кеткен Күлбала анамды, өмірден ерте озған балалары Бекен, Есенді жиі ойлап, отбасына барып тұратын.

Әр ұл-қызының қуанышына ерекше шаттанды. Әр немере, әр шөберенің өмірге келуіне ерекше шаттанды. Құдаларын үнемі іздеп барып, қарым-қатынастың жақсы болып тұруына көңіл аударды. Өмірінің соңғы жылдарын Ойық ауылдық округі, Көктөбе ауылындағы қара шаңырақта өткізді. Ондағы ойы өмірден өткен кезде де балаларыма жеңіл болсын дегені. Жасы ұлғайған кісі барлығын ойлайды екен. Ауылдағы көршіміз Сейітхан, Жиенқұл, Оңғар, Әбиір марқұмдардың үйіне де барып, Құран оқып тұратын. Енді өзі де солар кеткен жақта.

Енді өзіне де бағышталатын Құран керек. Әкеміз жақсы адам еді. Жаны жаннатта болғай. Әкем 9 ұл-қыз өсіріп, 9 жермен құда болып, отбасы құндылығының дамуына үлкен үлес қосты. Өзінің ұл-қыз, немерелері де бір-бір отбасыға айналды.

Асқар тау-әке әркімге қымбат. Әке әркімге бағалы. Бізге де әкеміз қымбат. Осындай еңбекқор, қарапайым, өткір мінезді, шыншыл адамның перзенті болғаныма қуанамын. Сізге мың алғыс, әке!

Есет ДОСАЛЫ