Жасанды интеллект білім бағдарламасына енгізілді
Президенттің цифрландыру жөніндегі тапсырмасы шеңберінде қазақстандық мектептерде жасанды интеллектіні (ЖИ) оқыту іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мектеп бағдарламасына жасанды интеллект енгізу жөніндегі пилоттық жобасының басталғаны туралы баяндады. Жоба Massachusetts Institute of Technology компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады және бастауыш сыныптан бастап орта мектепке дейінгі барлық сыныптарды қамтиды.
Бағдарламаның бірінші кезеңі – 1-4- сыныптарда цифрлық сауаттылық сабақтарына жасанды интеллектіні енгізуді көздейді. Мұнда Day of AI платформасының тегін контенті пайдаланылады. Ол ұзақтығы 30-60 минуттық, мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулықтары және оқушыларға арналған материалдары бар интерактивті сабақтар. Контент қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болады. Екінші кезең – бағдарламаны 1-12-сыныптарға дейін кеңейту. Бұл барлық оқушыларды – бастапқы деңгейден бастап, жасанды интеллектіні меңгерудің жоғары деңгейіне дейін толық қамтуды қамтамасыз етеді. Аталған бағдарлама неғұрлым мұқият бейімдеуді қажет ететіндіктен, екінші кезеңде іске қосылады. Оқу-ағарту министрлігіне Day of AI бағдарламасын мектеп білім беру жүйесіне міндетті білім беру бағдарламасы ретінде енгізу ұсынылады. Министрдің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 8 042 мектеп бар болса, оның 7 917-сі интернетке қосылған. Оның ішінде 4 663-і талшықты-оптикалық желілер арқылы, тағы 3 254-і басқа технологиялар бойынша.
Қазіргі цифрлық дәуірде білім беру жүйесі жаңа технологиялармен тығыз байланыста дамып келеді. Мәселен, ел мектептерінде информатика пәнінде ЖИ-ді оқыту құралы ретінде қолданылуы оқушылардың сыни ойлау, шығармашылық, алгоритмдік ойлау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект – бұл адамның интеллектуалдық қызметін модельдейтін және кейбір шешімдерді өздігінен қабылдай алатын жүйелер жиынтығы. Қазіргі таңда біз ЖИ-дің күнделікті өмірімізде кеңінен қолданылып жатқанын көреміз: смарт көмекшілер, ұсыныс жүйелері, чат-боттар, сурет тану, тіл аударма және тағы басқа. Мұндай мысалдар оқушыларға нақты өмірмен байланыстырып, информатика пәнін қызықты әрі пайдалы етуге мүмкіндік береді.
Мектеп бағдарламасында ЖИ-ді оқыту үшін күрделі алгоритмдер мен техникалық терминологияны толық түсіндіру міндетті емес. Керісінше, жас ерекшеліктеріне сай интерактивті құралдар арқылы негізгі ұғымдарды қарапайым әрі көрнекі түрде көрсету тиімді. Мысалы, Scratch немесе Python арқылы қарапайым ЖИ жобаларын жасау, чат-бот құрастыру, машиналық оқытуға негізделген ойындар пайдалану оқушылардың белсенділігін арттырады.
Нұрболат АМАНБЕК