Еңбек адамы

Жазатайым оқиғалар саны 25 пайызға азайған

Еліміздің өндіріс орындарында жыл сайын жазатайым оқиғалар болып жататыны жасырын емес. Мұндай жазатайым оқиғалардың көбісі жұмыс берушілер мен жұмыс өндірісін ұйымдастырушылар тарапынан, сонымен бірге, зардап шегушілердің өздерінің еңбек қауіпсіздігіне немқұрайлы, жауапсыз қарау мен елемеушілік салдарынан болады.

Дегенмен, әртүрлі салалардағы жарақат себептерінің өз ерекшеліктері бар. Барлығына ортақ нәрсе – жұмыс өндірісін қанағаттанарлықтай ұйымдастырмау, еңбек және өндіріс тәртіптерін бұзу, көлік құралдарын пайдалану кезінде техника қауіпсіздігі талаптарын бұзушылықтар болып табылады. Қазіргі кезде әлемнің жүзден аса елінде еңбекті қорғаудың шешілмеген мәселелеріне жұртшылықтың назарын аударуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады. Олар жергілікті үкімет органдарының, кәсіподақ ұйымдарының, жұмыс берушілер және еңбекті қорғау саласындағы қызметкерлердің қолдауымен өткізіледі.

Жалпы алғанда әрбір қазақстандық азаматтың құқығын қорғайтын, олардың қоғамда ұстануға және білуге тиісті жалпы ережелерді насихаттайтын, сондай-ақ, әр түрлі жұмыс саласы барысында қауіпсіздік шараларын сақтау жолдарын, жұмыс беруші және атқарушы тараптардың құқықтарын түсіндіріп, еңбекақы төлеу мәселелеріне қатысты елімізде де түрлі ісшаралар ұйымдастырылады.

Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақовтың айтуына қарағанда өңірде еңбек жағдайларының ахуалын тұрақты бақылауда ұстау мақсатында 2025 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары облыс ұйымдары мен кәсіпорындарында 98 тексеру жүргізіп, 133 бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде 100 жағдай еңбек қатынастарына, 28-і еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға және 5-уі халықты жұмыспен қамтуға қатысты. Осы тұста айта кету керек, өткен жылмен салыстырсақ, 2024 жылы 92 тексеру жүргізіліп, 227 бұзушылықтар анықталған болатын. Оның ішінде 162-сі еңбек қатынастарына, 58-і еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға және 7-уі халықты жұмыспен қамтуға қатысты. Осы мәліметтерге сенсек, биыл мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізген облыс ұйымдары мен кәсіпорындарда тексерулер саны көбейіп, керісінше бұзушылықтар саны кемігені байқалады. Яғни, өткен жылы 227 бұзушылық анықталса, биыл 133 бұзушылық орын алған.

Анықталған заң бұзушылықтар бойынша жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 51 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 5 ескерту және 19 әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулылар шығарылды. 8,5 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Бұл мәліметтерді тағы да өткен жылмен салыстыратын болсақ, 2024 жылы анықталған заң бұзушылықтар бойынша жұмыс берушілерге орындалуы міндетті 46 нұсқама беріліп, заңды және лауазымды тұлғаларға қатысты 5 ескерту және 12 әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулылар шығарылған болатын. Сөйтіп 1,9 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған еді. Бұл жерде өткен 2024 жылға қарағанда биыл әкімшілік айыппұлдардың күрт өскені байқалады.

Сондай-ақ, 2025 жылдың І жартыжылдығына арналған жоспарға сәйкес 9 кәсіпорында профилактикалық бақылау шаралары жүргізіліп, 68 заң бұзушылық фактісі анықталды.

Анықталған бұзушылықтардың ішінде 36-сы еңбек қатынастарына, 30-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына, 2-еуі халықты жұмыспен қамту саласына қатысты.

Ал 2025 жылдың ІІ жартыжылдығында профилактикалық бақылауды 4 кәсіпорында жүргізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, есепті кезеңде жеке және заңды тұлғалардан 662 арыз-шағым түсті. Оның ішінде 483-і қаралып, 89 жағдайда жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде 65 заң бұзушылық анықталып, 42 нұсқама берілді. Қалған 179 арыз-шағым тиістігіне қарай өзге мемлекеттік органдарға жолданды.

Енді өңір кәсіпорындарында жарақаттануды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айта кетсек. 2025 жылдың 6 айында қызметтік міндеттерін атқару барысында орын алған 20 жазатайым оқиғадан 24 адам зардап шексе, 4 адам қаза тапты. Ал 2024 жылы 25 жазатайым оқиға орын алып, 28 адам зардап шеккен, 4 кісі қаза болған еді.

2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, жазатайым оқиғалар саны 25 пайызға, яғни, 5 оқиғаға, ал зардап шеккендер саны 16,6 пайызға, яғни, 4 адамға азайып, қайтыс болғандар саны өзгеріссіз қалды, 2024 жылы да 4 адам қаза болған еді. Орын алған жазатайым оқиғаларда 7 адам 3 топтық жазатайым оқиғадан зардап шекті. Ал 2024 жылы 6 адам 3 топтық жазатайым оқиғадан зардап шеккен болатын.

Жазатайым оқиғалардың негізгі себептеріне тоқталсақ 16 жағдай жұмыс берушінің еңбекті дұрыс ұйымдастырмауынан, 2 жағдай жұмыскердің қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзуынан, 2 жағдай жұмыс беруші мен жұмыскердің тең жауапкершілігінен болған.

Жазатайым оқиғалардың 40 пайызы жәбірленушінің биіктіктен құлауы, 15 пайызы қозғалмалы және айналмалы заттар мен бөлшектердің әсерінен, ал 45 пайызы басқа факторлардың салдарынан орын алды. Зардап шеккендердің ең жоғары үлесі экономика салаларында: тау-кен металлургиясында – 19,3 пайыз, химия өнеркәсібінде – 14 пайыз, энергетикада – 5,6 пайыз, шағын бизнес орындарында – 28,1 пайыз, басқа да ұйымдарында – 33 пайыз тіркелген.

Барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, материалдар ішкі істер органдарына жолданды. Жұмыс берушілерге орын алған жазатайым оқиғалардың себептерін жою және алдын алу жөніндегі шаралар белгіленіп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынды, – дейді бұл жөнінде Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақов.

Тағы бір айтары, бүгінгі таңға өндірістік жарақаттануды азайту мақсатында облыста «Vision Zero» концепциясын 24, «Халықтық бақылау» жобасын 15 кәсіпорын енгізді. Және 941 өндірістік кеңес құрылып, 1333 техникалық инспектор жұмыс істеуде. Сондай-ақ, 2024– 2026 жылдарға арналған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы қабылданды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған байланысты өңірде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жұмысшы мамандықтар жылы экономика үшін сұранысқа ие кадрларды даярлаудың нақты мүмкіндігі. Облыста осыған байланысты ісшаралар жоспары бекітіліп, штаб құрылды, ең бастысы, бұл процесс инвестициялық жобалармен байланысты жүзеге аспақ.

Осылайша еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс берушілердің бастамасы бойынша жұмысшы мамандықтары негізінде оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде 570 мақсатты орын бөлінді. Және өңір басшысы Ербол Қарашөкеев инвесторлар және ірі кәсіпорындармен 2025 жылы еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша оқуын аяқтаған 4 мыңға жуық студентті жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету бойынша жүйелі шараларды жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ жыл соңына дейін облыстың жетекші кәсіпорындарына 100 үздік түлекті жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету, өзекті бос жұмыс орындарын ұсына отырып, Ашық есік күндерін өткізуді ұйымдастыру, жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру міндеті қойылды.

Осы орайда Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп «Қауіпсіз еңбек» жобасы бекітілді. Ірі кәсіпорындарға Көмек QR кодтары орнатылып, еңбек құқықтары бұзылған жағдайда жұмысшыларға көмекке жүгіну мүмкіндігі қарастырылды.

Сонымен қатар бекітілген кесте бойынша 1284 адамның қатысуымен 97 ұжымда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жыл басынан 42 азаматқа кеңес берілді, БАҚ пен әлеуметтік желілерде 112 мақала жарияланды. 31 кәсіпорында 58 жұмыс орыны аттестаттаудан өтті.

Жұмыскерлерді еңбек міндеттерін атқарған кезде жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша біршама іс-шаралар өткізіліп жатыр. Жалпы, 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жұмыскерлерді еңбек міндеттерін атқарған кезде жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша жұмыс істеп тұрған 3178 белсенді кәсіпорындардың 2056-сында сақтандыру жасалып, 64,6 пайызды құрап отыр.

«Аталған көрсеткіш Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мақсатты индикаторларының бірі ретінде айқындалып, оны жыл соңына дейін 63 пайызға жеткізу жоспарланған болатын. Осыған байланысты , қызметкерлерді сақтандыру шарттарын жасасқан кәсіпорындар үлесінің өсу қарқынын сақтау мақсатында сақтандыру шарттары жасалмаған ұйымдар бойынша дерекқор нақтыланды. Әлеуметтік сақтандыру қоры және сақтандыру компанияларымен тығыз байланыс орнатылды. Мемлекеттік еңбек инспекторлары жергілікті атқарушы органдар, сақтандыру компанияларымен бірлесіп, кәсіпорындарда қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ БАҚ-да тиісті ақпараттар кеңінен жариялануда.

Сонымен бірге ұйым басшылары қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік туралы хабардар етілді», – дейді Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақов.

Жалпы алғанда жазатайым оқиғалардың алдын алу көптеген мемлекеттердің ең маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Жазатайым оқиғалар адами ресурстардың шығынына, яғни еңбекке жарамсыздық, адамның әлеуметтік жағдайының, өмір сапасының нашарлауына және мезгілсіз өлімге әкеледі. Сонымен қатар нашар еңбек жағдайлары нәтижесінде әрбір болған жазатайым оқиғаның мемлекетке үлкен материалдық зияны тиеді.

ЖАЗАТАЙЫМ ОҚИҒАЛАР – ЖАУАПСЫЗДЫҚТАН

Қалай айтсақ та, қауіпсіз еңбек жағдайлары – нәтижелі жұмыстың маңызды элементтерінің бірі. Өндірістік факторлар жұмысшылардың физикалық және психологиялық денсаулығына ешқандай әсер етпеуі керек, бұл – айқын факт, бірақ көптеген кәсіпорындарда жұмыс процесінде жағымсыз жақтары көрінеді.

Заңнамалық нормаларға сәйкес, персоналдың жұмыс қауіпсіздігі үшін барлық жауапкершілік жұмыс берушіге жүктеледі, бірақ сонымен бірге қызметкерлер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормалардың, ережелердің және нұсқаулықтардың талаптарын сақтауға міндетті.

Еңбек инспекторларының мәліметтері бойынша қызметкерлер көбінесе еңбек және ұжымдық шарттар жасамай жұмыс істеуге келісе отырып, өздерінің еңбек құқықтарын бұзады, ал олардың құқықтарына қысым жасау туралы сөз болғанда, олар кәсіпорындағы жұмыс фактісін ешқандай құжаттармен растай алмайды. Әрине, мұнда ешқандай қорғаныс туралы айту мүмкін емес. Әрбір қызметкер жұмыс берушіден еңбек шартын, әсіресе ұжымдық шартты талап етуі тиіс, онда ұжым мен жұмыс беруші арасында барлық тұрмыстық, өндірістік жағдайлар, еңбекті қорғау жөніндегі жағдайлар, мүкәммалмен, жеке қорғаныш құралдарымен, арнайы киіммен қамтамасыз ету егжей-тегжейлі келісіледі.

Еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды мүлтіксіз орындау – қызметкер мен жұмыс беруші арасында дұрыс қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді.

Әрине, жұмыстың тұрақты болуы тек еңбеккерге ғана емес, жұмыс берушінің өзіне де байланысты. Егер кәсіпорын басшысы еңбек заңнамасын сақтамаса, ондай жерге жұмысшы тұрақтамай-тыны анық. Жеке жұмыс берушілер тарапынан қол астындағы жұмыскерлерге қатысты заң талаптарын өрескел бұзатын жағдайлардың жиі болып тұратыны жасырын емес.

Сондықтан Жұмысшы мамандықтары жылы аясында қарапайым еңбеккерлердің құқығын қорғау мәселесіне де ерекше мән берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Оралхан ДӘУІТ