Ақпарат пен мәдениетті қолдау – маңызды міндет
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева облысымызға жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында министр Тараз қаласының тұрғындарымен кездесіп, Президент реформалары аясында іске асырылып жатқан бастамаларға, сондай-ақ министрлік құзыретіндегі барлық бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарының 80 пайызы мемлекет меншігінде болса, бүгінде олардың 90 пайызы жеке меншікке тие сілі. Бұл ақпарат с аласында монополия жоқ деген сөз. Мұндай өзгеріс ең алдымен технологияның дамуының нәтижесі деп білемін. Жаңа ақпараттық технологиялар тек коммуникация форматында ғана емес, адамдардың өмір салтын да өзгертті. Қазіргі кезде кез келген адам бұқаралық ақпарат құралдарына немесе әлеуметтік желілерге контент жасап, интернетке жариялай алады. Соңғы жылдары ақпараттық заңанаманы жаңарту қажеттілігі туындады. Себебі 1990 жылдары қабылданған заңдар қазіргі жағдайға сәйкес келмеді. Осыған байланысты «Массмедиа» туралы және «Онлайн платформалар мен онлайн жарнама» туралы заңдар қабылданды. «Масс-медиа» туралы заң тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын реттеп, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді. Мемлекеттік ақпарат саясатын жүзеге асыратын бірыңғай медиа платформа құрылып, мемлекеттік емес емес БАҚ-қа грант беру, журналистерді аккредиттеудің оңайлатылғана тәртібі енгізілді, – деген Аида Балаева әлеуметтік желіге жазба жариялаудың жауапкершілігі, жалған ақпарат таратуға болмайтыны, үкіметтік емес ұйымдар қызметі секілді өзге де мәселелер бойынша жанжақты мағлұмат берді.
Сонымен қатар министр мәдениет саласындағы тіршіліктерге де кеңінен тоқталды. Жиында Аида Ғалымқызы облысымызда республикалық маңызға ие 30, жергілікті мәндегі 708 тарихи объекті бар екенін айтып өтті. Сонымен қатар кино индустриясына да баса көңіл бөлініп жатқанын, жақында Халық қаһарманы Ғ.Байтасов туралы фильм жарыққа шығатынын тілге тиек етті.
Жиында сала мамандары көпшілікті толғандырған мәс елелерді а лға тартты. Мәселен, «Қолөнер-Тараз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Елена Голубинская креативті индустрияда конкурстарға қатысудың жас мөлшері 14-34 жас аралығын құрайтындығын, ал облыста қолөнершілердің басым көпшілігі зейнет жасындағылар екендігін атап өтті.
Сондай-ақ ол экобелсенді ретінде экологиялық акцияларды БАҚ арқылы насихаттауға басымдық берілсе деген тілегін жеткізді.
Өз кезегінде министр жастар санаты заң бойынша 14-35 жас аралығында белгіленгенін атап өтті.
– Креативті индустрияда жас шектеуі жоқ, бұл салада кез келген жастағы адам жұмыс істей алады. Экологиялық мәселеге қатысты Президенттің тікелей бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» идеологиялық платформасының аясында тек қана тазалық пен көгалдандыру емес, экологиялық мәдениет пен сананы жаңғырту маңызды. Қоршаған ортаға, адамдарға және жануарларға құрметпен қарау – бүкіл қоғамның міндеті. Мұндай мәдениет отбасынан, білім беру ұйымдарынан және жалпы қоғамнан қалыптасуы тиіс, – деді Аида Ғалымқызы.
Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев соңғы жылдары облыста лайықты деген еңбек адамдарына «Мәдениет саласының ардагері» атағын беру ісі қиынға соғып отырғанын айтты.

– Еңбек адамына құрмет қашанда көрсетіле береді. Десе де мәдениет саласына қатысты атақ берудің тәртібі бұрын жеңіл еді. Кез келген адам осы атаққа қол жеткізгеннен бөлек, тіпті кейде бұл салаға қатысы жоқ адамдар да осы атақты иеленген жағдайлар болған. Сол себепті бұған қатысты ереже қатаңдатылып, атақ беру тәртібі нақтыланды. Егер осы атақты алуға ұсынылған азаматтардың 15 жылдан астам тәжірибесі болса, бұл атақ міндетті түрде беріледі, – деп жауап қатты министр.
Кездесуде ақпарат саласының ардагері Баймаханбет Ахмет балаларға арналған басылымдар жоқтың қасы екенін тілге тиек етті. Бұл тұрғыда Аида Балаева елімізде бұқаралық ақпарат құралдарының саны өте көп екенін, шығарылып жатқан журнал қолдауға лайық болса, бұл мәселені қарастыруға болатындығын жеткізді.
Кездесуде жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы клубы жоқ ауылдық елді мекендер жайын қозғады. Сонымен бірге жазушы, драматург Елен Әлімжан халықтың мәдени мұрасына қатысты шетелдегі құнды құжаттарды, деректерді елге алдыру аса қажетті іс екенін, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсеналы Бықыбаев өңірлердегі қоғамдық кеңе стер қабылдаған шешімдердің орындалуына министрлік те ат салысса деген ойын айтса, ҚР Еңбек сіңірген артисі Асқарбек Сейілхан А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театры мен орыс драма театры және жаңадан құрылған Жастар театры бір ғимаратта отырғанын, әр театрдың өз шаңырағы болуы керектігін жеткізді. Жиында министр сұрақ қоюшылардың басқа да маңызды мәселелерін тыңдап, әр сауалға нақты жауап берді.
Кездесуден соң Аида Балаева азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдап, өзі басшылық ететін салаларға қатысты жұмыстардан да хабардар болды. Бұл ретте «Aulieata-Media» ЖШС бас директоры Данияр Асқарұлы қазақ баспасөзінің қазіргі жай-күйі мен өңірлік БАҚ-тың хал-ахуалын сөз етіп, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты жүзеге асыру қағидасына өзегеріс енгізуді, республикалық БАҚ-тың өңірлік тақырыптарды игеруіне шектеу қою қажеттігін, сол арқылы таразы басы тең түспейтін бәсекелестікті жоюды ұсынды. Сондай-ақ медиа-холдинг басшысы ведомство басшысын жаппай жекешелендіруді желеу етіп, қыздықыздымен жекеменшікке өтіп кеткен өңірдегі аудандық басылымдардың мүшкіл жағдайынан да хабардар етті. Жаңарудың жолына емес, құлдыраудың соңында кеткен ғасырға жуық тарихы бар басылымдарды қайта мемлекет меншігіне алып, тікелей қаржыландыру тетігін қарастыруды сұрады. Аида Ғалымқызы осы ұсыныстарды «Массмедиа» туралы заң аясында зерделейтінін жеткізді.
Жеке қабылдаудан кейін министр Шерхан Мұртаза атындағы «Баспасөз үйіне» бас сұғып, өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингке қатысты. Өз кезегінде журналистер мәдениет және ақпарат саласының даму барысына қатысты және ауылдық жерлерде үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға қатысты сұрақ жолдады.

– Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына келсек, жалпы мұндай ұйымдар халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге мүдделі. Сондықтан мемлекеттік органдар олармен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыс істеуі қажет. Барлық мәселені өзіміз шеше алмаймыз, ал үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмыстың нәтижесі – ел дамуына қосылған үлес. Биыл ауылдық жердегі жобаны жүзеге асыруға гранттық қаржы бөлінген болатын. Әрине, бұл тым аз болуы мүмкін. Десе де алдағы уақытта оның көлемін ұлғайту назарға алынатын болады. Айта кетер жайт, бізде бір қате түсінік бар. Яғни, үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыру тек облыс әкімдіктерінің ақпарат және қоғамдық даму басқармалары арқылы ғана жүзеге асырылады деген ой қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Мұндай ұйымдармен барлық басқармалар жұмыс істеуі тиіс. Қазіргі таңда 23 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым бар, олардың қызмет бағыттары әртүрлі. Мәселен, білім беру, әлеуметтік қолдау, денсаулық, мәдениет және өзге де салалар бойынша тиісті басқармалар мемлекеттік тапсырыс арқылы үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс істеуі керек, – деді министр.
Сондай-ақ министр қасиетті Әулиеата өңірінің ескерткіштерге бай аймақ екендігін атап өтіп, журналистердің рухани мұрамызды қолдауға қатысты сауалына жауап берді.
– Аймақта ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енген 5 мәдени нысанымыз бар. Жалпы ел бойынша аталған санаттағы мұраларды сақтау мақсатында министрлік жүйелі түрде жұмыс жүргізу үшін кешенді жоспар әзірлеу үстінде. Бұдан бөлек, министрлік жанынан жұмысшы тобы құрылған. Аталған жұмысшы топтары өңірлердегі жоғары оқу орындарындағы ғалымдармен тығыз байланыс орнатуды көздейді. Өйткені біз өңірлердегі ғалымдардың әлеуетін толыққанды пайдалана білуіміз қажет. Өздеріңізге белгілі, қазір ауа райы да көп өзгеріске ұшыраған. Бұл өз кезегінде аспан астындағы ашық тарихи-мәдени мұраларымыздың бұзылмай сақталуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан қазір аталған бағытта жаңа инновациялық технологияларды көптеп енгізуге мүдделіміз, – деді Аида Ғалымқызы.
Баспасөз брифингінде өзге де бірқатар сұрақтарға жауап берген министр өңірімізге жасаған жұмыс сапары барысында Қарахан, Тектұрмас және Айша бибі кесенелеріне арнайы ат басын бұрып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстардың жайымен де танысты.
Нұрболат АМАНБЕК