Хәкімнің халық естімеген әндері шырқалды
Ұлтының рухани көгін жарық қылған ұлы ақын Абай Құнанбайұлына арналған «Ұлылардың ұлысы – Абай» атты поэзиялық кеш ұйымдастырылды. Бұл кеш – ұлы ойшылдың мәңгілік мұрасына тағзым, оның сөзі мен іліміне бас ию.
Абай Құнанбайұлы – тек қазақ поэзиясының емес, бүкіл ұлттық сананың шамшырағы. Ол – ұлт болмысын жаңа белеске көтерген, білім мен ізгілікті дәріптеген кемеңгер. Іс-шара барысында жүргізуші Абайдың шығармашылығына, оның адамгершілік пен ақыл-парасатқа негізделген идеяларына тоқталып, көрерменге терең мағыналы ойлар ұсынды.
Кеште көпшілікке Абайдың емес 28 әні, 2 күйі және 1 желдірмесі бар екені айтылды. Сондай-ақ, «Өзгеге көңілім тоярсың», «Сұрғылт тұман дым бүркіп», «Тәңірі қосқан жар едің сен» сияқты сирек орындалатын әндері шырқалып, олардың мәдени құндылығы ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар Абайдың әкесі, қоғам қайраткері Құнанбай Өскенбайұлы туралы да тың мәліметтер берілді. Оның Меккеде қазақтарға арнап қонақ үй салдырғаны, Ресей билігі тарапынан қауіпті деп танылғаны, 20-дан астам ұрпағына сапалы тәрбие мен білім бергені – Құнанбайдың даналығы мен батылдығын айшықтайды.
Поэзиялық кеште «Ақберен» мен «Қаратау» үйірмесінің оқушылары Айша Сұлтанхан мен Нұрай Есмамбетова – Абай өлеңдерін, Даниал Сұлтанхан – «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін мәнерлеп оқыды. Мансұр Әлішов – «Сегіз аяқ» әнін нақышына келтіріп шырқады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінің қатардағы жауынгерлері Рауан Амангелді мен Ерік Ысқақ – Абайдың «Ескендір» поэмасынан үзінділер мен арнау оқып, көрермен ықыласына бөленді.
Кеш соңында жүргізуші Абай мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін ерекше атап өтті. Оның шығармалары – адамзаттық биік құндылықтарды дәріптейтін мәңгілік рухани қазына.
Ақмарал ІЛЕБАЕВА, облыстық айтыскер ақындар,
жыршы-термешілер орталығының әдіскері.