Желілік бизнес жетістікке жеткізе ме?
Қазіргі таңда қоғамда еркіндік белең алды. Немен айналыссаң да өз еркің. Тек әр қадамыңнан өзің зардап шегіп қалмауыңды ойласаң болғаны. Еркіндік болған сайын түрлі жаңалықтар да көбейіп жатыр. Бұрын жұрттың көпшілігі бір ай ақ тер, көк тер болып еңбек етіп жалақы табушы еді. Қазір желілік маркетинг деген шықты. Үйіңде теледидарыңды көріп отырып-ақ уыс-уыс ақша табасың.
Т.Рысқұлов ауданы, Құлан ауылына қарай жолға шыққан едік. Жеңіл көліктің артына мен және екі келіншек мінді. Тараздың шығыс аркасынан шыға бере көлік артындағы келіншектің жастауы сөз бастады. Жас келіншектің сөзі энергетикалық сусын ішіп келе жатқан көлік жүргізушісіне арналды. «Ағай, қолыңыздағы сусынды қанша теңгеге сатып алдыңыз?», – деп сұрады жолаушы келіншек. Көлік жүргізушісінің ойында ештеңе жоқ. «360 теңгеге алдым» дей салды. Осы кезде сұрақ қойған келіншек көлік жүргізушіге с ө з і н б а ғ ы т т а ғ а н ы м е н , бәрімізге ақыл-кеңес айтуға көшті. «Сіз ішіп отырған сусын 360 теңге тұрады. Ол арзан баға емес. Онысымен қоймай денсаулыққа кері әсері бар. Жүрекке өте зиян. Сіз осы бір қалбыр сусынға жұмсаған қаржыңызға басқа да пайдалы сусындар сатып ала аласыз» деп өзінің «кәсібін» жарнамалауға кірісті. Сөйтсек, бұл кісі қытайлық желілік бизнеспен айналысады екен. Қасындағы жасы үлкендеу келіншек те осы компанияда тер төгуде. Артына адам жаздыру арқылы жүзеге асатын мұндай желілік ұйымдарды бұрыннан да көп естіп жүрміз. Олардың бірі америкалық компанияға қызмет етсе, енді бірі түркиялық, кореялық желілік компаниялардың талабымен жүріп, өздері де мыс-мыс ақша табуда. Ал мынау қытайлық желілік компаниясын жарнамалап жүрген екі келіншектің де әрекеті де тез байып кету. Қазірдің өзінде бұл екеуі артынан жүздеген адам тартып, әлгі желілік ұйымның талабына сай біраз жетістікке жеткен секілді. Тіпті, сол жарнама жасаған қызметтеріне сай алатын жалақылары да бар. Ол жалақы басқалардың тәулігіне 8 сағат жұмысқа барып жүріп бір айда тапқан теңгесінен 2-3 есе артық. Сондықтан олар қытайлық компаниясын тілдері жеткенше мақтауға, егер ақындық қабілеті болса жырлап беруге де бар. Бір қарасаңыз бәрі дұрыс. Әрекеттеріне қарай теңгелерін тауып жатыр. Олардың мақсаты – артынан адам ілестіре жүріп аталған қыт айлық компанияның өнімдерін жарнамалап, көп көлемде сатылып кетуіне ықпал ету. Мәселен, олар сатып жүрген қытайлық көзілдірік біз үнемі көріп жүргеннен басқа. Бұл көзілдірік көзге кисеңіз, көздің айналасын, мидың тамырларын емдей береді екен. Бағасы да қолжетімді. Ал табанға қоятын және бір зат бар екен. Ол адамның табанына күш береді. Сол күш арқылы адам өзін сергек сезініп, денсаулығы жақсара түседі. Келіншектің бірі өзінің 70 жастан асқан анасын Меккеге кіші қажылыққа жібергенде осы емдік затты аяқ киімнің табанына салып жүруді өтінген. Анасы сол өтінішті орындаған екен, Меккеге миллиондаған адамдардың арасында жүріп, еш шаршамапты.
Біз осы желілік компаниялар туралы, олардың емдік заттар мен шөптерді сататыны туралы дәрігерлерден де сұрап білген едік. Алматылық дәрігер Дилвара Жақсыбекқызы былай дейді. «Біз де осындай желілік компаниялар көп ашылып кеткенінен хабардармыз. Өз кәсіптері, өз жолдары деп те бағалауға болады. Бірақ біз дәрігерлер 8-9 жыл көз майын тауысып оқып, «Дәрігер» деген мамандықты меңгереміз. Ал бұл кісілердің «Дәрі бір жеріңді емдесе, екінші жерге зиян. Одан да мынау шөпті іш, анау затпен емдел» дегенімен келісе бермейміз. Әр адам сол шетелдік дәрілік шөп пен заттарды қолданар кезде дәрігерден кеңес алғаны дұрыс», – дейді. Сарысулық дәрігер Айнұр Каликова да осы ойды құптайды. «Торғай сойса да қасапшы сойсын» деген бар. Қай елдің дәрілік шөбі, дәрілік заты болса да дәрігерлермен ақылдасып қолданған дұрыс», – дейді ол.
Ал сіз қалай ойлайсыз? Желілік жүйеге қатысты компаниялар бәлкім сізді де мазалап жүрген болар. Бір шешімге келдіңіз бе? Әйтеуір, жер әлемді жаулаған желілік компаниялар айылын жияр емес. Қайтсем бірден байып кетем дегендер сондай ұйымдардың шылауында жүр. Егер әр жұмыста жалақы жоғары, күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы қолжетімді болса, мұндай компанияларды іздейтін бе едік. Әй, қайдам...
Есет ДОСАЛЫ