Мәдениет

Қызылшаруалық кәсіпкер қымызды шетелге шығаруға ниетті

Халықтың денсаулығын қорғауда азық-түлік қауіпсіздігі маңызды. Ал таза, табиғи ас-су дайындап, халыққа ұсынуда агроөнеркәсіп өндірушілерінің еңбегі ерен. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге көрсетілетін қолдау да осы мақсатты көздесе керек. «Бастау бизнес» жобасына қатысып, қайтарымсыз грант ұтып алған Т.Рысқұлов ауданының Қызылшаруа ауылының тұрғыны Орынкүл Әлмаханбетқызы қазір денге қуат, дертке шипа болар қымыз өндірумен айналысады.

Ол шағын ауылда тұрып-ақ табыс табудың көзін тапқан. Әрі халыққа таза, шипалы сусын ұсынып отыр.

– Балаларды жақсы тәрбиелеп , қатарынан қалдырмай өсіріп, жеткізуде ата-ананың алар міндеті үлкен. Сол мүддені өтеу үшін күйеуіме көмекші болып, бәріміз жалғыз жалақысына қарап отырмайық деген ниетпен үйде отырып табыс табуды ойладым. Үйде ба ла ларымның, ат а-ене, күйеуімнің күтімін жасап жүріп, табыс көзі болар іс бастағым келді. Жолдасыма бие сатып алып беруін өтіндім. Ақбоз бие әперді. Көрші ауылда тұратын анамды шақырып, бие сауып, қымыз жасауды қайталап көрсетуін өтіндім. Анам құр келмей, өзі сонша жыл қолданған күбісі мен піскішін әкеліп, бәрін басынан бастап үйретті. Кәсіп ашуға ниеттілерге арналған қайтарымсыз грант барын естіп, «Бастау бизнес» курсын оқып, бизнес жоспар жаздым. 2 құлынды бие мен 55 литрлік арша күбі аламын деп жоспарлап, конкурсқа қатысып, 1 миллион 572 мың теңге ұтып алдым. Конкурсқа 99 қатысушының 98-шісі болып қатыстым. Шүкір, отбасымда төрт бала тәрбиелеп отырған анамын. Мүмкін, конкурста жолымның болуына о сы нәрестелерімнің нәсібі үстем түскен де шығар, – деген келіншектің сөзінен шүкірлігі басым, баланың бақыты үшін еңбектен аянбайтын аналық махаббат байқалды.

Қазір Орынкүлдің қолынан шыққан қымызды Ақтөбе, Алматы, Астана қалалары мен Меркі ауданының тұрғындары тапсырыспен алады. Ал Алматыдағы тұрақты тұтынушысы 100-200 литр тапсырыс беріп, сатып алып отыр. Қызылшаруамен көршілес орналасқан Бәйтелі, Ақбұлақ және Қорағаты ауылдарында, одан арыдағы шағын фермаларда ешкім бие саумайды екен. Сондықтан осы аймақтағылар да ас беріп, той өткізсе, қымызды Орынкүлден алатындықтан, бұл сусынға деген сұраныс жоғары.

Бүгінде ол үш биеден алған сүттің бәрінен қымыз дайындайды. Көршілері ем үшін сары саумал да сұрап, оны да әзірлеп береді. Орынкүлдің еңбекқорлығы шағын ауылда тұрып та табысты іскер болуға мүмкіндік барын дәлелдейді. Қолдан келер істі кәсіп көзіне айналдыру өрге бастырары рас.

Қамар ҚАРАСАЕВА