Офицерлер FPV-дрондарды басқаруды меңгерді
Таразда заманауи дрондармен жұмыс істейтін әскери мамандарды даярлау шарасы аяқталды. Облыс орталығында Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің Ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) мамандарын даярлау және жауынгерлік қолдану оқу орталығының базасында FPV-дрондармен жұмыс істеуге арналған қарқынды оқыту курсы өз мәресіне жетті. Офицерлерге сабақтарды қазақстандық қорғаныс-өнеркәсіптік холдингі – «Казинжиниринг» АҚ еншілес кәсіпорнының өкілдері өткізді.
Атаулы оқыту курсы Қарулы Күштердің мүмкіндіктерін кеңейту жолындағы маңызды қадам болды. FPV-дрондар – бұл жаңа буындағы ұшқышсыз аппараттар. Олардың ерекшелігі – оператордың дронды бірінші тұлға көзқарасымен (FPV – First Person View) тікелей басқаруы, яғни айналаны нақты уақыт режимінде көру мүмкіндігіне ие болуы. Мұндай дрондардың әскери саладағы мүмкіндіктері өте кең: барлау жүргізу, оқ ату бағыттарын түзету, дәлдік талап етілетін арнайы тапсырмаларды орындау және тағы басқа.
FPV-дрондар ұрысты жүргізу тактикасын түбегейлі өзгертіп, ұрыс алаңында артықшылыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Жоғары дәлдікпен басқару, бейнебақылаудың нақты трансляциясы және жоғары маневрлік қасиеттері – заманауи армия үшін оларды таптырмас құрал етеді.
– Біздің мамандар FPV-дрондардың техникалық сипаттамаларын жоғары бағалады, – дейді оқу орталығының бастығы, подполковник Алмат Хайрушев. – Дрондар жай ғана техника емес, бұлар – жеделдік пен дәлдіктің жаңа деңгейі. Оларды Қарулы Күштерде қолдану – бұрын мүмкін емес болып көрінген нәрселерді жүзеге асыруға жол ашады.
Заманауи дрондармен жұмыс істеуге арналған бірегей оқыту курсы бөлімнің трансформациясындағы маңызды кезең болды. Аталған бөлім бір кездері тікұшақ полкі болған, кейін тактикалық ұшқышсыз ұшу аппараттарына көшті, енді – инновациялық FPV-дрондарға жол ашып отыр. Бұрын бұл жерде орналасқан тікұшақ полкі тек Жамбыл облысының әуе кеңістігін ғана емес, Ауғанстанда да жауынгерлік тапсырмаларды орындаған. Уақыт талабына сай атаулы бөлім қайта жарақтандырылып, тікұшақтарды заманауи дрондар алмастырды.
Оқу орталығының офицерлері ұшқышсыз авиациялық жүйелер бойынша дипломы бар мамандар болғандықтан, оқыту үдерісі барынша тиімді өтті. Дрон өндіруші компаниялар – елдің қорғаныс өнеркәсібі өкілдері «Казинжиниринг» мамандарының айтуынша, тәжірибелі мамандармен жұмыс – жылдам нәтиже береді.
Тараздағы оқу орталығы өңірдегі ұшқышсыз технологиялар саласындағы басты хаб ретінде өз мәртебесін нығайта түсуде. FPV-дрондар жеткілікті мөлшерде қарулануға енгізілген кезде, осы орталықтың мамандары өз тәжірибесімен бөлісуге дайын болады. Курсты аяқтаған офицерлердің сенімі мол, бұл технологиялар – болашақтың кепілі және олар сол болашаққа дайын.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ